Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАТПАР-ҚАТПАР ҚАРАТАУ

ҚАТПАР-ҚАТПАР ҚАРАТАУ

Сонадайдан жалғыз ұлын солдатқа жіберіп, соның жолын тосып отырған ақсақалдай болып Сауысқандықтың сұлбасы көрінеді. Жақындап барып қарасаңыз, бұжыр-бұжыр болған қара тас шынында да қарияның бейнесін көз алдыңызға әкелер еді. 

Тағдырдың теперіші бетін әжіммен аямай айғыздаған, даланың долы желі жүзін от қарпығандай қап-қара қылып жіберген, биік болса да, еңсесі еңкіш тартқан, өмірдің дауылы мен жауынына әбден көндіксе де, мылтық асынып кеткен жалғызының тілеуін тілеп, аман оралуын Жаратқаннан жалбарына сұрап жатқандай.  Сауысқандық – қазыналы қарт. Етегінде ықылым заманда өмір сүрген бабалардың ізі сайрап жатыр. Оны біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта салынған таңбалы тастардан айқын көресіз. Тас және қола дәуірінде қашалған таңбалардың бүтін күйінде бізге жеткенінің өзі адамды таң қалдырады. Өркениеттің өркешіне жармаспақ түгіл, адами затыңыздың енді қалыптасып жатқан тұсында Ұлы Далада өмір сүрген бабалардың мына бізге қалдырған қолтаңбасы ғой бұл. Қолтаңба қалтарыста қалып қоймауы қажет. Ол – аманат. Ал аманатқа қиянат жүрмесе керек. Сонымен біз бұ жолы Қаратаудың ішін шарлап жүрміз...

Кітән ұшқан

Жаңақорған ауданының Талап ауылы Қаратаудың қолтығында жатыр. Іргедегі су қоймасын айналып өтіп, жонға шықсаңыз, арғы жағы тау. Қыз бұрымындай шұбатылып ағып жатқан Бесарық өзенін белінен олай бір, былай бір басып келеміз. Сол қапталда Бүркіттің сайы қалды. Сай үш таудың ортасында орналасқан. Шамамен, қозыжайылымдық жерді алады. Осы арада бүркіт еркін қалықтап ұшқаннан соң жергілікті жұрт солай атап кеткен. Оң жағымыздағы – Тарсай. Одан әрі өтсеңіз, Ақмырзаның қыстауы бар. Айтпақшы, 1978 жылы әлгі қыстауға Тәжікстаннан бір қазақтар келіпті. Айтуларынша, аталары қуғын-сүргінге ұшырап, байтал түгіл бас қайғы болып үдере көшкенде осы жерге бар алтындарын көміп, тас­тап кетіпті. Бұ дүниемен қоштасып бара жатқанында қария балаларына осы оқиғаны айтыпты. Дәл сол кезде жаңағы су қоймасының құрылысы жүріп жатыр екен. Бүкіл ауыл жер қа­затын тракторды алдына салып алып, қыстауға барады. Қопарып қазады. Алтын тұрмақ, бақыр да табылмапты. Әсілі, аталары айтқан тұсты дұрыс түсінбеген ғой. Әйтпесе бақиға кетер кісіге өтірік айтып не керек? Тіп-тік, жақпар таудың көз ұшындағы анау үңгірді «Кемпір өлген» деп атайды. Ашаршылық заманында таудың ішінде бидай өскен екен. Оны естіп жан-жақтан адамдар келе бастаған. Бірақ көбі жолда қырылған. Сондай бір топ адам Кентау жағынан шығыпты дейді. Жолда барлығы қырылып, жалғыз кемпір жетіпті. Дегенмен оның өзі жақпар таудан төмен түсетін жол таппай, ақырында жаңағы үңгірге келіп жығылып, сол арада жан тәсілім қылыпты. Содан бері «Кемпір өлген» аталады бұл ара. Бидайлыққа жеткендер де болыпты. Жеткенін қайтейік, шикі бидай аш өзектеріне түсіп, тоқшылықты да көтере алмай қырылып кеткендердің бетін талай адам таспен жапқан екен. Небір зұлмат, небір қиямет замандардың куәсі ғой бұл Қаратау. Түйеде келе жатқандай теңселіп отырып «Кітән ұшқан» дейтін жерге жеттік. Шыңына қарасаң, басың­дағы қалпағың түспесе де, қисайып қалатындай. Құзды қапталдап қос қыран қалықтай ұшады. Шаңқылдаған дауысы жартасқа барып соғылып, құлағымызға анық жетеді. Бұл маңда бүркіттің ұясы барын осыдан-ақ білуге болады. «Кітән ұшқан» оқиғасының да тікелей бүркітке қатысы бар. Енді соны баян етейік. Бұл жағдайдың ел арасында екі нұсқасы бар. Ретімен айтқанда, былай өріледі. Ерте заманда Мүтән деген кісінің Кітән деген баласы болыпты. Өзі аңшы, саятшы, әншілігі бар, ат пен құсты қатар баптаған сері жігіт болғанға ұқсайды. 

Қаратаудың ішін еркін кезіп, қалаған аңын алып, сауық-сайранын құрып, жалғанды жал­пағынан басып, жайқалып өмір сүріп жүргенінде бір байдың қы­зына ғашық болып қалады ғой. Содан көңілі кеткен сұлуды айттырып барса, бай бір шарт қояды. «Мықты аңшы, сойқан саятшы болсаң, маған қандыбалақ бүркіттің бір балапанын әкеп бер» дегенге саяды шарттың сыңайы. Кітәніңіз қасына кісі ертпей, жолға жал­ғыз кетіпті. Мына шыңда бүркіттің ұясы барын біліпті. Тауға тіке шығайын десе, табаны тұрақтар емес. Аяғының тұмсығын тірер бір бұдыр таппай қиналған соң, тауды айналып келіп, желкесінен түспекке ниет қылады. Жайдақ жермен биіктің арғы басынан шығады. Үлкен қара тасқа қыл арқанын байлап, екінші ұшын беліне бекітіп, төмен қарай құлдилап-ақ келе жатады. Сөйтсе, тасыр­лаған тастан секем алып бүркіт ұясынан ұшып шығыпты. Ұясына адам баласының келе жатқанынан қауіп алыпты. Қауіптеніпті де, балапандарын қорғамақ боп тырнағын Кітәнға салыпты. Онымен қой­май, қанатымен бірнеше рет қағып өтіпті. Бүркіттің шабуылынан қор­ғанбақ болған аңшы қолын сермеп жатқанда аяғы тайып кетеді. Солайша, жартасқа соғылып, ауада арқанға асылып қалады. Ар­қаныңыз әбден тасқа қажалып, ақырында үзіледі. Құс биіктігінен құлаған Кітән солайша мерт болыпты. Екінші әңгіменің желісі жүй­рік атқа байланысты. Кітән­нің сән-салтанатымен мініп жүретін бір сәйгүлігі болыпты. Күн­дердің бір күні болғанда жаңағы тұлпар қолды болады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей атын әбден із­дейді. Таппайды. Ұзынқұлақтан «атыңның дерегін мына бай біледі», деген әңгіме жетеді. Байға барса, расында да біледі екен. «Онда айтыңыз» демей ме, Кітән? Бай бір шартым бар дейді де, бүркіттің балапанын әкеп бер деп талап қояды. Оқиғаның әрі қарайғы желісі бірдей. Бүркіттің балапанын алмақ болып жүргенде өзі қаза болады. Кітәннің кешіккенінен секем алған ағайындары артынан іздеп шығыпты. Осы құздың тұсына кел­генде саятшы жігіттің өлі дене­сін тауып алады. Біраздан бері далада жатып қалған денені ауылдарына әкете алмай, таудың етегіне жер­лепті. Содан бері халық бұл жерді «Кітән ұшқан» деп атап кетіпті. 

Дүние һәм диірмен

«Тарихта әркім әртүрлі жағ­даймен қалады ғой. Мысалы, мына оқиға арқылы ел Кітән деген есімді ешқашан ұмыт­пайды. Аңызы да ғасыр мен ғасырдың арасын жалғап, ұр­пақтан-ұрпаққа жете береді» деген ойдың жетегінде отырып Күйкентайдың тұсына жетіппіз. Күйкентай дегенге мына тауды кішкентай екен деп ойлап қалмаңыз. Оның себебі бар. Мұн­да  күйкентай деген құс ұя салады. Сондықтан жұрт шатқалды құстың атымен атаған. Тастың жақпарында қашап салынған таңбалар бар. Көпшілігін күн жеп, жаң­быр шайып, жел мүжіп көмес­кілендіріп жіберген. Әне ар­қардың бейнесі анық көрінеді. Мына бір жерде түйе тұр. Оның айналасында екі арыс­тан жатыр. Түйе мен арыстанның ортасында қолында қылышы не таяғы бар адамның сұлбасын анық көресіз. Әсілі, түйені арыстандардан қор­ғап жатқан кісі бейнеленген болуы керек. Ана тұста тауешкінің ойнақтап бара жатқаны бедерленген. Есте жоқ ескі замандағы балалардың өмірінен хабар бере­тін таңбалы тастарға қарап тұрып қарнымыз ашты. Неге дейсіз бе? Өзі осы заманға әрең жеткен таңбалы тастың бетіне әлдекімдер аттарын баттитып жазып кетіпті. Ойдақ-сойдақ бояумен жазылған адам аттары неткен ұсқынсыз еді. Бағзы кездегі бабалардың бізге аманаттаған хатын аяламай, қайта қорлағанын көргенде жүрегің қан жылайды екен.  Күйкентайдан күйініп шы­ғып жолымызды әрі қарай жалғадық. Жолдың бойы толған бау. Тәйет­тің бауы, Бердібайдың бауы, Тұр­лықұлдың бауы деп жалғасып кете береді. Бау дегенге көз алдыңызға үлкен бақ елестейтін шығар. Бұрын солай болған. Қазір олай емес. Кезінде жұрт Бесарық өзенін жайлап отырыпты. Сонда бау егілген. Бүгінде сол баудың ізін, ұшығын көруге болады. Арасында аталары еккен бақшаны қайта жан­дандырғандары да бар. Дей тұрғанмен, бір кездері жай­қалған қалпына жетпеген.

Білетіндер, Бесарық өзенінің бойында 72 диірмен болған деседі. Бидайдан ұн тартатын. Мына жағы Шиелі, оңтүстігінде Сауранмен аралықтағы халық­тың барлығы Бесарықтың бойын­дағы диірменге баратын көрінеді. Ол заманда диірменді жасаудың өзі бір қиямет болған ғой. Айналаның барлығы тау болса да, бұл маңда диірменге жарайтын тас табылмайды екен. Ондай тас тек Шиелі жа­ғында бар болыпты. Түйеге дәу екі қойтасты қатар артып алып келеді. Содан ұсталар оны қашайды. Екі қой тас­ты диірменнің қалпына келтіріп, ортасындағы ойығын бір-біріне сәйкестендіргеннің өзі көп күндік жұмыс. Мехнатты тірлік біткен соң, өзеннің алдын бітейді. Топы­рақты төбешік қып үйеді. Оның үстінен арық салады. Үлкен үйінді бірден бітіп қалады. Себебі су күркіреп, арындап ағуы керек. Ол жерін Күркіреуік деп атайды. Күркіреп келген су тоған­дағы шанақты айналдырады. Шанақ диірменді иіреді. Солайша, диірменнің тасы айналып, ұн шыға бастайды. Қандай технология, ә?! Айтпақшы, сол замандағы диірменнің біреуі сақталған. Әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Сенбесеңіз, тауға ба­рыңыз. Бүгінде Орынбасар деген кісі іске асырып отыр. Дүниенің шанағымен бірге айналып, ізім-қайым жоқ боп кетпей әлі күнге істеп тұрған диірменді өз көзіңізбен көруге болады. Дарбазадан өттік. Күр­кі­реуік­ке келдік. Аты затына сай екен. Жайпақ жерден ағып келіп, төмен қарай тастың арасымен өтіп жатқан өзеннің дауысы зор. Қасыңыздағы адам­ның сөзіне құлағыңызды жақын тоспасаңыз, ести алмайсыз. Табиғаты да ғажап! Жап-жа­сыл, көк майса. Анасының сүті мен жайқалған шөпке тойған ақ бас, қызыл бұзау құй­рығын көкке шаншып ойнақтап жүр. Көздің ұшында бұлт­ты жамылып Жуантау жа­тыр. Жуантаудан ассаңыз, арғы бетінде Созаққа барасыз. Қызылорда мен Оңтүстік Қазақ­стан облыстарының шекарасы сол маң. Құдайдың тағы бір күнін Күркіреуіктің бойында тұрып көкжиектен шығарып салдық.

Қатынқамал

Ертесі тауға Бірлік ауылының тұсынан сұғына кірдік. Бірліктен соң тауға дейін біраз аумақ жап-жазық екен. Осы жазықта бұ­рын­дары егістік салыпты. Су­ды қайдан, қалай әкелген дейміз ғой. О, тоба, естігенде жағымыз салбырап қала жаздады. Таңданыстан. Былай екен. Со заманның адамдары ерінбей-жалықпай, он құдықты қатар қазатын көрінеді. Он құдықтың әрқайсысы бірінен кейін бірі, төменге қарай орналасады. Содан құдықтың әрқайсысынан шыққан су бір-біріне құйылып, ақырында жердің бетіне шығып, бұлақ сияқты ағады. Адамнан айла аспайды деген осы шығар. Аса білгір мұраптардың өткенін білетінбіз. Солардың арық қазу әдісін сұрап жатырмыз. Бір есекке белі қайысардай тең­китіп жүк басып, жібере сала­тынға ұқсайды. Есегіңіз ылди-ылдимен қайқаңдап басады дейді. Мұрап соның соңынан кетпенін сүйретіп жүріп отырады. Артындағылар арық қаза береді. Қызық, ә?! Кейбірі басын төмен салбыратып жіберіп, екі аяғының ортасынан қарағанда жердің ой-қырын бірден байқап, бағыт-бағдар сілтей салады екен. Гидротехниканың атасы дерсіз. Осы тектес әңгімелерге құла­ғымызды суарып отырып атақты Қатынқамал үңгіріне жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Үңгірдің дәл алдынан көтерілуге болады. Бірақ алдында сарқырап Ақүйік өзені ағып жатыр. Күздің күні суық суды кешіп жүруге аса зауқымыз соқпады. Бір бүйі­ріндегі таудан асып түсетін жал­ғыз аяқ жол бар екен. Сол арқылы Қатынқамалға баруға бекіндік. Төбеге көтерілгенде төңі­ректің сұлулығы ғажап енді. Сөре­дегі кітапты көз алдыңызға елес­тетіңізші. Міне, таудың да тас­тары солай қаз-қатар орналасқан. «Қатпар-қатпар Қара­тау» деп тақырып қойып отыр­ғанымыз да соның әсері. Тап бір адам қолымен қаланған сияқты. Асық­пай-аптықпай, бір-бірлеп қалап шыққандай. Құдай шебер ғой. Жаңағы жүрістен тынысымыз ашылды ма, әлде таудың самалы кеуденің сарайын күмбірлетіп жіберді ме, биікте тұрып бір барақат күй кешейік. Оның үстіне етектегі сылдырап аққан су, жаға­сында жайылған жылқы, бұ­жыр-бұжыр таудың сілем­дері, сәл секірсең басың тиердей болған бұлт, бәрі-бәрі адам жүрегін елжіретпей қоймайды екен. Уақытпен санас­пай тамашалап тұра беруге болады. Бірақ ондай бақыт қайда? Құзды қиялай төмен қарай түсу керек. Таяқ тас­там жерде Қатынқамал тұр. Соны көрмекпіз. Кібіртіктеп, табанымыздың астындағы тастар тайғанақтап, қадамымызды санап басып үңгір­дің қасына келдік. Үңгірдің аузын табиғаттың өзі жартылай тас­пен қалап тастаған. Бұрындары шеңгел, жыңғыл секілді ағаштар өскен. Сонда мына жерде үңгір бары еш білінбеген. Байқалмаған. Тастан аттап өтіп ішіне ендік. Екі метр жүргесін үлкен дәліз басталады. Бірақ таяқ тастам жерден бітеді. Түлкінің ініндей саңылау бар. Көз көргендер соның арғы жағы кәдімгідей бөлме-бөлмеге айналып кетеді дейді. Саңылаудан бұрын адам сиятындай болған. Жылдар өте бітеліп қалыпты. Жолбасшымыз бала күнінде талай келгенін айтты. Енді неге бұл үңгіріңіз Қатынқамал аталады? Соған келейік. Жаугершілік заманда, ер азамат­­тардың барлығы бес қаруын асынып дұшпанмен шай­қасқа кеткенде қатын, бала-шағасын осы үңгірдің ішіне жасырып кететін болған. Сондай аласапыран кезінде үңгірдің ішіндегі бір бала шырқырап жылайды. Дауысы тау мен тасты жаң­ғыр­тып, аза бойыңды қаза қы­ла­ды. Жаңғырықпен жеткен бала дауысын жаудың әскері де естиді. Анықтап тыңдаса, таудың аңғарынан шығады дейді. Дыбысты қуалап отырып, үңгірдің аузын тауып алады. Бірақ ішіне кіргенімен, кең дәлізден әрі қарай өте алмай, шыққан дауысты елеске балап, кері қайтады. Құр кетпейді. Үңгірдің аузын бітеп кетеді. Майдан бітіп, жау жеңіліп, азаматтар айдарынан жел есіп үңгірге келеді ғой. Үңгірдің аузы бітеулі. Жалма-жан аша бастайды. Қараса, кең дәлізде қырық келіншектің өлі денесі жатыр екен. Барлығын ауылға апарып, арулап көмеді. Содан бері бұл үңгір Қатынқамал аталады. Ендігі бағыт Өгіз мүйіс. Бұл жерді кейбіреулер Өғыз мүйісі деп те атайды. Өзі таудан бөлініп, «Шалқия» кен орнына жақын жерде жатыр. Жаңақорған жағынан қарасаңыз, бүп-бүтін. Томпиып тыныш қана жатқан төбе. Ал төбесіне көтерілсеңіз, арғы бетінің опырылып қалғанын көресіз. Тұтас Қызылорда, қала берді батыс өлкедегі аймақтарға да осы жерден қиыршық тас жіберіледі. Қажеттілік қой. Бірақ тау ішінің қопарылып жат­қанын көргенде, өзіңнің де ішек-қарының қозғалып кетеді. Ая­нышты. Енді бір оншақты жылда Өгіз мүйістен де ештеңе қал­май­тын сияқты ғой деп мұңға мұң жамап Шиеліге қарай жол тарттық.

Сауысқандық

Таныс жол, таныс өлке. Мына қорым біздің бүкіл ағайынның мәңгілік мекені. Біздің ауыл қорымды «Мортық» дейді. Қанша жерді аралағанымызда зиратты «Мортық» дегенді естімеппіз. Бір деректерде мортық атауын шөптің түрі дейді. Кей зерттеушілер, көшкен жұрттың орнын бұрынғы қазақтар мортық деп те атаған деген ақпарат береді. Ауылдағы ағайын мортық сөзін қорымдағы құлаған қабырғамен байланыстырады. Ақиқатын, Алла біледі.  Мынау Шұқырой. Одан кейін Қосүйеңкі. Қосүйеңкінің сол қапталында Тақиятөбе жатыр. Дар­базадан өтіп, тауға кірдік. Бағы­тымыз – Сауыс­қандық. Сөз басында айттық, Сауыс­қан­­дық­тың қойнауы қазына. Мәдени қазына. Ойлаңызшы, біздің за­манымызға дейінгі екінші мыңжылдықта, тас және қола дәуірінің басында өмір сүрген адамдардың қолтаңбасы қалған ғой. Бала Сауысқандық өзенін бойлап келеміз. Көненің көзіндей болған тастағы таңба­лардың ізі байқалады. Тауға өрме­леп шықтық. Құдай-ау, тас дәуірінің тамашасы көз алдымызда жарқ ете қалды. Міне, өгізге арба байлап, оны адам айдап кетіп барады. Алтыбақан секілді дүниеде екі адам тербеліп тұрғандай. Ар­қар ойнап, түйе маң-маң басып, тауешкі тастан-тасқа секіріп бара жатқандай. Бір тұсында атқа қонған, қолына қылышын алған сарбазды көресіз. Тап бір кино лента дерсіз. Керемет көрініс. Ендігі сөзімізді ғалымдардың дәлел-дерегімен жалғайық. «Сауысқандық петроглиф­терінің негізгі мотив­тері – ан­тропоморфтық фигуралар. Бұқа, елік бейнелері, жылқы, түйе, қасқыр, шоқпар ұстаған аңшы, абыздар бейнесі, арба және де басқа аң-кұстармен солярлық символдар кездеседі. Бұлардың барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан-алуан тұрмыстық діни таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Ең көрнекті сюжеттер қатарына қолдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері, көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, үстіне мал терісінен яғни, құйрық терісін қалдыра отырып тіккен арнаулы костюм киген абыздар бейнесі қола заманындағы діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді. Сауысқандық петроглифтерінде осындай мәтінде орындалған, бірақ кескінделу пішіні ерекшелеу болып келетін бірін-бірі дәлме-дәл қайталайтын бірнеше көріністер кездеседі; жартылай тізе бүгіп отырған тәрізді, аң құйрықты киім киген, тағы басқа да жағдайларда көрсетілген адамдар бейнесі кең тараған. Сауысқандықтың жо­ғарыда сипатталған ежелгі бей­нелерінің хронологиясы, олардың иконогеографиялық кейбір ерек­шеліктері сонау палеолит немесе неолит дәуірлеріндегі әйелдер образын беретін шағын скульп­тураларды еске түсіреді. Бірақ Сауысқандықта ашылған суреттер қола дәуіріне жатқандықтан, жоғарыда аталған ерекшеліктерін көне стилистикалық әдістердің сарқыншағы ретінде қарастыруға болады. Сауысқандық петро­глиф­тері 8-10 мың сюжетті құрайды», дейді олар.  Ғалымдар осындай тұжырым жасап, облыстық әкімдік бүгінде мұны ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұраларының қатарына кіргізуге әрекеттеніп отыр. 

Жер астындағы жол

Тақия төбенің тұсынан теріс­кейге қарай бет алып, қозы көш жер жүрсеңіз үңгірге жолығасыз. Үңгір дегенде, таудың қапталында орналасқан емес. Тура жердің бе­тінен астына түсіп кететін ойық.  Біз үңгірге түсіп көрмедік. Сауысқандықтан қайтамыз деп жүргенде кеш қарайып кетті. Дегенмен үңгірдің ішіне түсіп көргендер қабырғаның әр жерінде түлеген жылан қабықтарын көріп, бойда қорқыныш пайда болатынын айтады. Үңгірдің тереңдігі бес метрге жуық. Соны­сына қара­май, ауа қалыпты. Қабырғасы қолдан қашалғандай. Үңгірдің шығыс және батыс жағында саңылау байқалды. Тіпті, саңы­лау деуге келмейді, жер асты жолы­ның есігі сияқты. Шығыс жағындағысын құлаған кесектер жауып қалғандай, ал, батыс бетіндегісіне толық денелі адам еркін өтеді. Іші толған жылан дейді. Есіктен әрі өткізбей, ысылдап, ай­баттанып тұрып алатын көрінеді.  Үңгірдің ішінде ауа алмастыр­ғыш дәліз де бар. Ішкі дәлізге ат жетектеген адам еркін жүре алады. Қабырғасына кесек өріл­гендей. Қалғаны жұмбақ. Бір ғажабы, ішінде фотоаппарат жұмыс істемей қалған. Жаңа ғана сатырлап суретке түсіріп тұрған аппараттың үңгірге түскенде тіл қатпай, үнсіз қал­ғанында қандай сыр бар? Белгісіз. Ел арасында бұл үңгірдің Сыға­нақ қаласына барып тіре­ле­­тіні айтылады. Көне қала маңындағы жұрт жерден несібесін тереді. Сол жерді еміп жүрген диқандар мынадай әңгіме айтады. Күрішке жіберілген су жоқ боп кетеді екен. Қаншама су жіберілсе де, атыздар суға толмайды. Тақтайдай тегіс алқапта судың жоғалуы шынында да таңқаларлық жағдай ғой. Ескіден естуімізше, Сығанақта жер ­асты жолы болған деседі. Жаңағы жіберілген су сол тесіктерге сіңіп жоғалатын көрінеді. Жалпы, ірі қалалардың қай-қайсысында болмасын, жер асты жолы болған ғой. Сығанақтан шы­ғатын жол осы Қосүйеңкі жаққа жеткізетін болар. Екеуінің арасы кемі 50 шақырымдық жер. Осыншама аралықта жер асты жолының болуы мүмкін бе? Бәрі мүмкін. Осылайша, қарт Қаратауды тұтастай аралап шыққандаймыз. Бірақ толық қамтыдық дей алмаймыз. Біз қазыналы таудың тек бетін ғана қалқып өттік. Қал­тарысына түсіп, тұңғиығынан мар­жан теруді кейінге қалдыр­дық...

Ержан БАЙТІЛЕС,
"Егемен Қазақстан"
Қызылорда облысы, Жаңақорған, 

Шиелі аудандары

Суреттерді түсірген Бағдат Есжанов.




09 қазан 2017 ж. 345 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (1443)

05 маусым 2018 ж.

№40 (1442)

02 маусым 2018 ж.

№39 (1441)

29 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 873 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам