Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » АНАСЫН ҚАЙЫРШЫ ЕТКЕН...

АНАСЫН ҚАЙЫРШЫ ЕТКЕН...

 Қоңыр күзгі салқын кеш... Адам тіршілігі қарбалас. Бірі үйіне асығып барады. Енді бірінің құшағы толы – гүл. Бір-бірін құттықтап, мәз-мәйрам. Күздің салқынын да, тірліктің күйбеңін де сезініп тұрған жоқ.
Айналадағы көтеріңкі көңіл-күйдің әсерімен көбісі жайдарлы жүр. Тек арасында басында ақжаулығы бар, жүзін әжім басқан, бірақ, сол әжімі өзіне жарасқан, әдеміше келген қарт апа ғана көңілсіз. Көпшілік көп жүретін базар маңында таза, жинақы киінген апаны көзім шалды. Алғашында демалып отырған болар деген ой келді. Бірақ, олай емес...
Жол жиегіндегі жүргіншілерге жәутеңдей қарап, екі алақанын жайып отырған кісі екен. Кешкі салқынға қарамастан жасы үлкен болса да отыр. Әлгі көріністі көргенде жүрегім ауырды. Кілт тоқтап, қалтамдағы тиынымды жинап беруге тырыстым. Алақанына салғанымда:
– Рақмет, қызым! Ниетің қабыл болсын, ұзақ өмір берсін, – деп жылы жүзімен мейірлене қарады.
– Әумин, апа, – деп бетімді сипадым.
Әр садаға берген сайын анамның оның сауабы жайында айтатыны ойға оралады. Бүгінде мұның қаншалықты сауапты игі іс екенін көбі жақсы білсе керек. Сол күні әлгі апаға да ақша бергендер аз емес. Әрине, әркім өз мүмкіндігіне қарай берді. Менің жаныма бататыны, біздің бергеніміз емес. Алақанын жаюға мәжбүр болған жанның кейпі жабырқатады.
Күн ұясына батып бара жатқан сәт. Кешкі салқынның лебі күшейе түскен. Үлкен түгілі жастардың өзі тоңдыратындай. Ал, қайыр сұраған апа әлі отыр. Ол неге мұндай жағдайға түсті? Түріне қарасаңыз, қайыршыға мүлдем ұқсамайды. «Шіркін-ай, бұл кісі кешқұрым сәтте жылы үйінде ыстық шәйін ішіп, балаларының ортасында арқа-жарқа болып отыруы тиіс еді ғой» деп іштей ойлап қоямын. Сол бейнеге қарап тұрып, неше түрлі ой келді. Әлде, ол үйіне қайта алмай отыр ма екен? Не болса да, өзінен барып сұрағанды жөн көрдім:
– Апа, кешіріңіз. Күн суық болып кетті. Тоңып қалған жоқсыз ба? Бағанадан бері отырсыз, – деп ақырын ғана сөзге тарттым.
– Аздап тоңдым, – деді даусы дірілдей.
– Қай жаққа баратын едіңіз? Мүмкін, такси шақыртармын. Бір көмегім болсын.
– Көңіліне рақмет, қызым! Кеткім-ақ кеп тұр. Бірақ, мені балам алып кетуі тиіс. Күте тұрайын, – деді мұңайып.
Үнсіз қалдым. Не айтарымды білмедім. Себебі, ол – жалғыз емес екен. Бала-шағалы, тұратын баспанасы бар. Бірақ, жалғыз ұлынан рахат көре алмаса керек. Келіні болса, зейнеткер, жасы үлкен енесін күндіз үйіне сыйдырмайтын көрінеді. Осылай қайыр сұратуға мәжбүрлеп қойыпты. Ал, баласының бақытын ойлаған анасы осы шешімді қабылдапты. Қарттар үйіне кетейін десе, алақанымен аялап өсірген ұлын қимайды. Өкініштісі, оның сол аялы алақаны қазір жұрттың садақасы үшін жайылуда. Кезінде Мөңке бидің айтқаны бар:
Ішегіне шынашақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады, – деген.
Сол кекірейлердің кесірі келді ме, көнекөздерімізге? Иә, баланы өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөлген аналарының есепсіз жақсылықтарын жамандықпен қайтаратын мейірімсіздерге не айтуға болады деген сұрақпен жөніме кете бардым, амалсыз...

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

17 қазан 2017 ж. 1 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (1495)

11 желтоқсан 2018 ж.

№92 (1494)

08 желтоқсан 2018 ж.

№91 (1493)

30 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 126 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам