Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҮКІЛІ ҮМІТТІҢ НЫШАНЫ

ҮКІЛІ ҮМІТТІҢ НЫШАНЫ

    Көктем келді. Жақұт жаңбыр шашылды. Кейде күн көзі шайдай ашылып адам баласына мейірімін төгеді. Адамдар ізгілік нұрына бөленіп келеді.  Бұл мезгіл айналамызға шуақ нұрын шашып, бүкіл адамзат түрленеді. Жер жаңарады. Құстар қайтып, көк шыға бастайды. Дегенмен айналада басқа тіршілік иелері  оянбаған шақта, қардан кейін қылтиып шығатын көктемнің алғашқы гүлі – бәйшешек екен. Сондықтан болар оны көпшілік «көктемнің жаршысы» деп те атайды.
Ол тіршіліктің, үміттің, табиғат ананың оянуының нышанын білдіреді. Сол себептен адамдар бәйшешекті көргенде үкілі үміті, сарғайған сағынышы оянғандай күйге енеді. Бұл гүлдің тарихы жайлы біреу білсе, біреу білмес. Ол жайында әдемі аңыз бар. Ерте заманда жер бетінде қатал қыс ұзақ аялдап, қақаған аяз кетпей қояды. Сол заманда тау бөктерінде орналасқан жертөледе бір шағын отбасы өмір сүріпті. Отағасы балаларын асырау үшін жұмыс іздеп жердүниені шарлап кетеді. Әйелі мен екі перзенті оны күтумен күдерін өткізеді. Күндердің күнінде қаңтар айының аяғында ұл бала қатты науқастанып қалады. Әбден шарасы таусылған ана тәуіптің көмегіне жүгінеді. Тәуіп баланың кеселінің себебін анықтайды. Сәбиді емдеу үшін жаңа өсіп тұрған гүлдер мен жапырақтар керек екендігін айтады. Анасы мен бауырының қайғысына шыдай алмаған әпкесі емшіге керекті өсімдіктерді іздеп жолға шығады. Айналаның бәрі мұзбен шырмалып, қалың қармен көмкерілген. Бойжеткеннің бойын үрей билеп, отыра қалып, қатты жылайды. Құдайға жалбарына бастайды. Жүректен шыққан ыстық жастар қарды тесіп, жердің түбіне жетеді. Сол кезде көз жасы бәйшешек гүлін оятады. Олар қардың қалың қабатын тесіп, өздеріне жол салып, ақырында жер бетіне шыға келеді. Қыздың жасы тамған жерлердің бәрі әдемі ақ гүлдермен әрленеді. Сұлу бойжеткен оларды теріп алып, үйіне алып барады. Ал, інісі аман қалады. Содан бері бәйшешек – үкілі үміттің, сенімнің символы саналады.
Қазақ бәйшешекті ерекше қадір тұтады. Бұл гүлді көргенде әрбір адамның жаны жадырап, көңілі көкке көтеріліп, дала дархандығына қайран қалады. Ғажайып болмыс көз алдыңда көрініс табады. Қыр мен қыратта гүлдеп жатқан осы кішкентай ғана нәзік гүлдің керемет шипалы қасиеттері бар екен. Яғни, пайдалы жақтары жетерлік. Көптеген ауруларға ем.  Тамырының өзін сүтке пісіріп жесе,  өкпе туберкулезі, бронхит пен құрыспа ауруларын емдеуге жол ашылады. Ал, тамыр сабағы мен жапырағының қайнатпасы буын ауруларына ем. Сондай-ақ, оның қақырық түсіретін, несеп айдайтын, аздап іш жүргізетін де қасиеті анықталған. Тағы бір пайдасы, ол адамның қан құрамын жақсартып, ішек секрециясы мен тамақ бездерінің қызметін қалыпты жүйеге түсіреді. Сонымен қатар, фитотерапевтер оны ақ қан ауруын емдеуге қол­дануға болатынын дәлелдеген.
Біздің жерімізде бәйшешек гүлінің екі түрі ғана бар екен. Сондықтан болар,  ол Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Яғни, елімізде жойылып кету қаупі бар. Сондықтан ол ұмыт қалмауы үшін, қасиетін әлі де тани түскеніміз артықтық етпейді. Ол бүгінгі ұрпақ жадында жатталып қалуы қажет. Себебі, үкілі үміттің нышанына айналған гүлдің ел игілігінде бірталай кәдеге жарары анық.
                                                                        Айтолқын АЙТЖАНОВА.
10 сәуір 2018 ж. 192 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1453)

10 шілде 2018 ж.

№50 (1452)

06 шілде 2018 ж.

№49 (1451)

03 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 114 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам