Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖІГЕРЛІ ӨРЕНДЕРДІҢ «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ»

ЖІГЕРЛІ ӨРЕНДЕРДІҢ «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ»

 Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын шыңдау мақсатында өңірімізде «Жүрек жылуы» өнер фестивалі дәстүрлі түрде өткізіледі. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған байқау көркемсөз оқу, қолөнер, көркемсурет, ән, би жанрлары бойынша өрбіді.
Бұл жоба бүгінде балғындардың жарқырауына үлкен мүмкіндік беруде. Аталған өнер сайысында 200-ден астам талапкер бақ сынады. Оған облысымызға белгілі өнер иелері қазылық етті.
Фестивальдің негізгі мақсаты – облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өнердің түрлі саласындағы шығармашылық қабілеттерін анықтау. Сонымен қатар, өнерлі балғындарды халық арасында кеңінен насихаттап, көмек қолын ұсынып, қолдау көрсету.
– Байқауға бүлдіршіндер жоғарғы дәрежеде дайындалып келгені көрініп тұр. Қазіргі кезде бұл жоба мүмкіндігі шектеулі балалардың ертеңгі күнге деген сенімін оятып, өмірге деген құлшынысын арттыруда. Осыған орай облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығына алғысым шексіз. Біздің мақсатымыз – шын жүйрікті анықтау. Сондықтан бақ сынап, өнер көрсетіп жатқан әрбір талапкерге сәттілік тілеймін, – деді қазылар алқасының төрағасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов.
Қарап отырсаңыз, қоғамда әр адам түрлі күйде өмір сүруде. Солардың қатарында тағдырдың қатал сынына ұшыраған жандар да бар. Дегенмен, олар қоғамнан, өмірден ешқашан шеттелген емес. Керісінше, соңғы кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған қолдау айрықша. Осындай әлеуметтік кедергілерді жеңе білген олар шығармашылығын одан әрі шыңдауда. Осылайша қоғамның толыққанды мүшесі болып жүр. Өйткені, өнер әлемінде барлық адамдардың дәрежесі тең. Мұнда тек дарындылар ғана дараланады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар да өз таланттарының арқасында әлемді жаулап ала алады.
Бірнеше сағатқа созылған фестивальді тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың. Бір байқағанымыз, шараға қатысқан әрбір өнерпаз жұртшылықтың ыстық ықыласына, зор қошеметіне бөленді. Осылайша байқауда тебіреніп, көзге жас алған көрермендер де, біз де жүрек жылуын сезініп қайттық.
Мұндағы барлық бала жеңімпаз. Себебі, олар өздерін жеңіс тұғырынан көргісі келеді. Солардың бірі – Динара Әбілхан. Ол Жалағаш ауданының атынан қатысуда. Бүгінгі шара да «Мереке» әнін орындайды.
Өнер додасының соңында әр жанр бойынша дараланып, үздік шыққан бүлдіршіндер марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Осылайша бұл фестиваль өнерлі бүлдіршіндердің жүрегіне қуаныш, көңіліне шаттық, жүздеріне күлкі сыйлады.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.







23 қазан 2017 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (1480)

16 қазан 2018 ж.

№77 (1479)

13 қазан 2018 ж.

№76 (1478)

09 қазан 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 757 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам