Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЕҢГЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ...

ЖЕҢГЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ...

Қайбір күні көшеден бір танысымды көріп қалдым. Қашан көрсең, күле жадырап жүретін оның бұл жолы көңілі түсіңкі, жабырқау көрінді. Өзінің қалаға келгеніне де көп бола қойған жоқ. Оқуға түскен еді. Ауылдағы ата-ана қайтсін? Мектеп бітірген соң, баласының ел қатарлы білім алғанын қалайды. Сөйтіп, қаладағы ағайынына көздеп жібереді. Бұл қыз да сондай бір етжақын тумасын тасалап жүрген еді. Өткенде бір жолыққанда аға-жеңгемнің қолында тұрып жатырмын деген.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әңгіме осы ағамыздың жұбайынан шығып отыр екен. Ауылдас қыздың сөзінше, жеңгеміз біршама мазасыздау, жайсыз кісі болса керек. Шынашақтай қызды түрткіштей беретін көрінеді. Дұрыс қой, сананы тұрмыс билеген заманда қаладағы үй үшін басы артық бір адамның өзі жүк. Өздері солай дейді. Үлкен шаһарларда әрбір басқан қадамың ақша дейтін кезеңде бұған да түсіністікпен қараған жөн шығар. Десе де, онсыз да күнде қазан асылып, шәй қайнатылатын шаңырақта бір адамның не артығы, не кемі жоқ сияқты. «Үйден қырық қадам аттап шыққан жан – мүсәпір» дейді данагөй халқымыз. Өз үйіңдей қайдан болсын, біреудің қас-қабағын бағып, көңіліне қарап күн кешесің. Содан не керек, жеңгенің жырын айтып, ағасынан да көңілі қалғанын жеткізді. Онсыз да ауылдан ұзап шықпаған оның алыстағы ата-анасын сағынғаны да бар, аздап көңілі босады. Бұл жалғыз оның ғана емес, екінің бірінің басында кездесетін жағдай екені рас. Осындай да баяғы су сұрасаң, сүт берген, айран берген қайран жеңгелердің ақеден пейілдерін аңсайтынымыз жасырын емес. Негізі, бұрынғы бабаларымыз шаңырақтағы жеңгені ерекше құрметтеген. Оны шеше орнындағы шешеміз деп сыйлап, ілтипат білдірген. Ағасын қалай қадірлесе, оның жарына да сондай ізеттілік танытқан. Ал, қажетті жерінде қалжыңдап, жеңіл әзілмен қағыта да білген. Бір-бірімен күліп-ойнап, әдемі қарым-қатынастың үлгісін көрсеткен. Үлкендердің көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған келіндер шаңырақ шаттығын еселеп, келген жанды жылы шыраймен қарсы алған. Тіпті, ата-дәстүр жолымен жолдасының іні-қарындастарының есімдерін де атамай, лайықты ат тергеу берген. Мінезді деген жеңгелеріміздің өзі қайынінілерімен жарасымды қалжыңдасып, сыйластық жібін жалғай білген. Ал, қайынбикелерімен құрбыша сырласып, орнымен ақыл-кеңес беріп отырған. Ертеректе қызды ауылға барған жігіттердің қулыққа басып, алдымен олардың жеңгелерімен жақсы қарым-қатынас құруы соның дәйегі. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген ел аузындағы сөз осыдан қалса керек-ті. Үйдің бұрымдысы да көңіліндегі жұбын әуелі жеңгесіне таныстырып, оны сырттай сынатуы да оның қайынсіңліге деген ерекше жақындығын айқындап тұрғандай. Тіпті, бұрынғы жеңгелер қайнысын аяқтандырып, қайын сіңлісін құтты орынға қондырғанша жаны жай таппай, жүрген жерінен жақсы күйеу бала мен инабатты келін боларлық қыздарға көз қиығын салып жүрген. Қайынсіңлісін ауыл шетіне кездесуге шығарып салып, өзі үйде оның ізін жасырып, бар-жоғын білдіртпеу үшін бәйек болып жүргені. Сондағысы үйдегі артық адамнан құтылу емес, шын ниетімен олардың өз теңін тауып, бақытты болуын тілеген жанашыр жанның тірлігі бұл. Мәселен, Ақан серінің «Балқадишасында» «Бір емес, екі жеңгең келіп отыр…» деген жолдар бар. Демек, екі жастың қосылуына дәнекер болып, жеңгетайлық жасайтын да – осы жандар. Шаңырақтағы «Шырайлымы» мен «Мырза баласының» жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отыратындар да – осылар. Сондықтан, олар жеңгені аса қадірлеп, анасынан кейінгі қамқоршысына балаған. Өкінішке орай, қазіргі таңда отбасындағы бұл жандардың жарасымды қатынасының алтын арқауына сызат түскендей. Бұрынғыдай емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, қосыла арқа-жарқа болып отыратындар қатары сирек. Бірі өзара араз, бірі сыпсың әңгіме айтады, енді бірі туысым деп қайырылып қарайласпайды. Қазір әзіл-қалжыңның да ізі қалмаған сыңайлы. Шамына тиер қағытпа айтса да, жадырап сала беретін жеңгелер жоқтың қасы. Көңіліне жақпаса, долылығына басатындары бар. Үйге бір адам есік ашып келе қалса, шекесі шарт тырысып, қабағы үйін-түйін болып, жыланша жиырылып қалатын жеңгелер де жетеді біздің қоғамда. Қысқасы, туыстар арасындағы бұрынғы жарастықтың жібін үзіп алғандаймыз. Әйтпесе, «Әңгімесі ауылдың жеңешемнің мінезі» деп түскен әулетін ғана емес, бүкіл ауылды мінезімен тамсандырып, қашан барсаң, қазаны қайнап, дастарқаны жайнап тұратын асыл жандардың сол бір дарқан көңілін сағынатындар көп қазір.


Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

24 қазан 2017 ж. 533 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (1466)

25 тамыз 2018 ж.

№63 (1465)

21 тамыз 2018 ж.

№62 (1464)

18 тамыз 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 561 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам