Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖҮЙЕЛІ СӨЗ, САЛМАҚТЫ ОЙ

ЖҮЙЕЛІ СӨЗ, САЛМАҚТЫ ОЙ

  Қызылорда облысының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастыруымен Текей Қарпықұлының 350 жылдық мерейтойына орай Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрында «Текті туған Текей батыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа республиканың түкпір-түкпірінен, облысымыздан барлығы 16 ақын қатысты. Олар сахнада жеребе тарту әдісі бойынша жұпталды. Айтысты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман тізгіндеді. Дүбірлі додада қазылар құрамында Елена Әбдіқалықова, Аманжол Әлтаев, Шаһизада Әбдікәрімов және Темірхан Тебегенов бәйге жеңімпаздарын анықтады.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ақындарға сәттілік тіледі.
– Біздің сан ғасырлық тарихымызда ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, ұлы тұлғалар аз болмаған. Үш жүздін басын біріктірген қазақ ұлтының мемлекеттілігін нығайту жолында ат үстінен түспеген қазақ хандарының бірі – Әз Тәукенің үзенгілес батыры болған ұлы тұлға Текей Қарпықұлының туғанына биыл 350 жыл толып отыр. Ол Тәуке ханның тұсында қолбасшы болған және шайқастарда қол бастап жауға шапқан. Ел басына күн туғанда батырлығымен, парасаттылығымен елдің мұңын, халықтың сырын түсіне білген. Батыр бабамыздың ерлігін ұрпаққа ұлықтау мақсатында Сыр өңірінде тағылымды тарихи мәдени шаралар жалғасын табуда, – деді ол.
Аламан бәйгеге қатысушылардың қатарында жерлестеріміз Мұхтар Ниязов, Нұрман Мансұров, Ержеңіс Әбдіиев, Ержан Әміров, Сырым Әділбеков, Мейірбек Сұлтанхан, Оразхан Сенімханов және Айдос Рахметов бар. Ал басқа өңірден келгендер сапында Серікзат Дүйсенғазин (Астана), Аруна Керімбекова (Тараз), Аягөз Серікқызы (Алматы), Қанат Мырзахан (Тараз) Рүстем Қайыртайұлы (Алматы), Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Хазірет Бердіқанов (Алматы), Мақсат Ақанов (Қарағанды) болды.
Ел Тәуелсіздігі жолындағы күресте ерекше ерлігімен дараланған хандар мен батырлар ешқашан біздің жадымыздан өшпейді. Ұлтымыздың мемлекет болып қалыптасуы жолында өлшеусіз еңбек еткен, барлық күш-қайратын сарп еткен сол бір тұғырлы тұлғалардың есімдері бүгінгі ұрпақ алдында ұлықталып келеді. Батыр бабамыз Текей Қарпықұлы – қазақ мемлекеттігін нығайтуда, ел билеу ісінде өзінің даналығының арқасында Тәуке ханның бас батырына айналған. Әз Тәуке ханның тұсында бес жорық жасалса, 1711 жылғы шайқаста Текей батыр бас қолбасшы болды. Ол Тәуке ханның тұсында қолбасшы болғанын және қазақтың ұлан-ғайыр жеріндегі шайқастардың көпшілігіне қатысып, ел мен жер үшін тер төккенін, ұлттық батырымыз деп дәріптеп, есімін ұлықтауға әбден лайықты тұлға екендігі жыр кеші барысында кеңінен сөз етілді.
Ақындарды сахнада халық жұптады. Олар жеребе тартуға атсалысты. Талай айтыс аламанында бірінен-бірі озық шығып жүрген сыралғы қарсыластар алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов бұл жолы тең түсті. Ұтымды ұйқастар, қызықты сұрақ-жауаптарымен есте қалған қос жұптың айтысында негізгі тақырып кеңінен ашылды. Бір-бірінен қаймықпай шаппа-шап айтыстың керемет үлгісін көрсете білді.
Одан кейін Серікзат Дүйсенғазин мен Сырым Әділбеков арасында ұзтаз бен студент айтысы өрбіді. Қармақшылық Сырым Текей батырдың өмір жолына тоқталып, жауға қарсы шапқан ерліктерін жырға қосты. Екі жұп та қазылардан жоғары баға алды.
«Ақын» деген атты арқалап жүрудің жауапкершілігі қаншалықты зор екенін сезінетін сахна майталмандары өз кезегінде көпшілікке жібектей есілген жыр жолдарымен келелі ой, рухани күш, ұлттық рух беріп, ел бірлігінің қандай жауапкершіліктерден жинақталатынын жеткізуге тырысты. Дүбірлі додада айтыскерлер батыр бабамыздың ерлік жолын тілге тиек етіп, еліміздің саяси өмірі мен қоғамдық құбылыстарын, ұлттық идеямызды, салт-дәстүрімізді, тағылымы мол тарихымызды жырлады. Солардың бірі – сегінші жұп Аспанбек Шұғатаев пен Ержан Әміров болды. Қос замандас айтыстың тамаша үлгісін көрерменге көрсете білді. Жүйелі жырға, салмақты ойға сусаған жұрт бір күн бойына созылған айтысты тапжылмай отырып тамашалады. Иін тірескен жұрт ақындарға шабыт шақырып, қолдау көрсетті.
Ұлы бабаның мерейтойына орай ұйымдастырылған сөз шеберлерінің додасы қорытындыланып нәжисінде бас бәйге Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал, I орынды Рүстем Қайыртайұлы еншілесе, II орынды Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Ал III орын екеу болды, оны Ержан Әміров пен Аспанбек Шұғатаев иемденді. Басқа да ақындар арнайы шабыттандыру сыйлығымен марапатталды.


Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
30 қазан 2017 ж. 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (1480)

16 қазан 2018 ж.

№77 (1479)

13 қазан 2018 ж.

№76 (1478)

09 қазан 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 757 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам