Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ БОЛУДЫҢ СЫРЫ

БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ БОЛУДЫҢ СЫРЫ

  Отбасы – шағын мемлекет. Біздің қоғамымыз сол шағын мемлекеттерден тұрады. Ал, ол кіші болсын, үлкен болсын, өз басшысы, өзінің ішкі ереже-тәртібі бар. Отбасы негізін құрайтын некедегі ер мен әйел, балалар. Оның іргесінің мықты болуы ер мен әйелдің өзара түсіністігіне, сыйластығына байланысты. Олардың арақатынасының жарасымды болуы, ондағы үйлесімділік осы бір кіші мемлекеттің үшінші маңызды тобы балаларға да әсерін тигізеді. Иә, әркім өз міндетін мүлтіксіз атқарып, өзара татулық болса, отбасы ұғымының құндылығы арта түспек.
Ер мен әйелдің сыйластығы қашанда маңызды нәрсе. Себебі сол арқылы қоғамда тыныштық, өсіп-өну, бақытты балалар болады. Ер адам өзінің беделінің биігінен түспей, әйел адам қашандағы нәзіктігімен, жанының жайсаңдығымен баурай білсе, бақыт пен ынтымақ сол үйді паналайды. Отағасы үйінің тірегі екенін отбасындағыларға ұғындыра білуі тиіс. Қатал болуым керек деп әрдайым қабағы қатулы болып жүрмей, арасында әйелінің жанын, сырын түсіне білуі керек. Шариғатта да ер кісіге «Әйеліңнің көңіліне кірбің ұяласа, оны сейілте біл және көзіндегі жасын қолыңмен сүрт» деп бұйырған.
Отбасы жайында үлгі болар әңгімелер көп. Олардың қай-қайсысы болсын өмірден алынған. Сондай есті әңгімелердің бірін айта отырсақ. Бұрынырақта отбасында ері мен әйелі үнемі жанжалдасып, ұрсыса береді екен. Бір-бірінің айтқанына көнбей, кемшіліктерін тізіп, өз міндеттерін орындамай жүргендерін айтып айқаласады да жатады екен. Бұл күнделікті жанжал, әрине, бейкүнә балалардың өміріне де әсер етеді. Әбден қажыған екеуі ажыраспақ ниетке келеді. Бірақ, балалардың бақытын қия алмаған екеуі ауыл шетіндегі данышпан қарияға баруды жөн көреді. Мәселенің мән-жайын білген данагөй екеуіне екі ақ парақ беріп:
–Іштегі бар өкпе-реніштеріңді осы параққа жазыңдар, – деп екеуін екі бөлмеге жібереді. Содан екеуі екі жақта бар жанжалдың себептерін жаза бастайды. Әйелі «Үйге үнемі кешігіп келеді, маған көңіл бөлмейді ... » деп тізе бастайды. Ал, ері болса «Менен өзін төмен ұстауды білмейді, қабағымды бағып отырмайды...» деп парақты толтыра жөнеледі. Бір кезде куйеуі жүгіріп келіп, қариядан тағы парақ сұрайды. Сонда қария:
–Сенің осылай келетініңді біліп едім. Сен неге өзіңнің ұлылығыңды сақтамайсың? Неге әйелмен санасасың? Сен суық ақыл иесі емессің бе? Әйелің жазса, сен де жаза беруің керек пе? Оның құқығына неге таласасың? – деп қолындағы парақты жыртып тастап, таза парақты береді. – Осыны ештеңе жазбай қайтадан алып шық! – деп бұйырады.
Біраздан соң екеуі бөлмеден шығып данагөйдің алдына келеді. Әйелінің парағы жазуға толы. Қария күйеуінің парағын қолына алып:
–Әйеліңнің бойынан ешқандай кемшілік таппапсың ғой! – деп жымияды. Мұны көрген әйелі өзінің жазғандарына қарап, әбден ұялады да:
–Мені кешіріңіз, ақымақ болған екенмін. Сізден асырып жазамын деп, баяғы әдетіме басып, тағы санастым, – деп жүзін төмен салып тұрған әйелінің түрінен шын өкінгені анық байқалады. Мұны көрген күйеуі де өзінің осы уақытқа дейін қателікке бой алдырып келгенін түсінеді. Екеуі де бір-бірінің қадіріне жете алмағандарын, байыбына бармай жүргенін біліп, татуласып, қарияға алғыстарын жаудырып, үйлеріне асықты.
Бұл жағдай кез келген саналы адамға ой салары анық. Себебі, қазірде осы секілді отбасы ұғымының қастерлілігін толық түсіне алмай, ер адам мен әйел адамның қашанда өз орнының болғанына мән бермей жүргендер баршылық. Қоғамымыздағы ажырасу мәселесі белең алып бара жатқан заманда шариғи тұрғыдан да, салт-дәстүрмен де келе жатқан қағидаларды ұстанғанымыз дұрыс сияқты. Әйел ешқашанда ер адаммен өзін теңмін деп бас көтеруге болмайды. «Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады» деген бар ғой. Отағасын өзінен жоғары ұстауға міндетті. Ал, өзінің нәзіктігін, биязылығын жоғалтпауы керек. Ер адамның әйелге деген махаббаты күшті болса, ол тау қопарады. Әйелдің еріне деген махаббаты берік болса, ол отбасында шаңырағы жайнап, қазаны қайнап тұрады. Бақыт деген осы емес пе? Иә, мейірім өзені тартылмас үшін, сүйіспеншілік оты өшпес үшін, сыйластық бағы солмас үшін отбасының негізін қалаған жұбайлар қолдарынан келгенін жасау керек. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, жылы сөйлеп, жақсы шырай танытып жүру нәзік жандылардың басты міндеті. Әрдайым кешіріммен қарап, қайбір істе де сабырға келе білуі керек. Бақытты отбасы болудың сыры осы болар...

Балауса САРБАСОВА.
31 қазан 2017 ж. 1 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (1495)

11 желтоқсан 2018 ж.

№92 (1494)

08 желтоқсан 2018 ж.

№91 (1493)

30 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 123 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам