Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАТА МА, ТІЛЕК ПЕ?

БАТА МА, ТІЛЕК ПЕ?

  Өткенде тойға барудың орайы келіп, достарымыздың қуанышын бөлістік. Сонда бір жәйтті көріп, құлазып қайттым. Той соңында жақсылыққа жайылған дастарқанның асы қайырылып, меймандар арасындағы ақсақалдан бата сұралды. Асабаның оған аяңдап барып, микрофон ұсынғаны сол еді, қария сасқалақтап, жас балаша тосырқап қалды. Сөйтсек, атамыз жатқа бата білмейді екен. Тақпағын ұмытқан өрендей әлгі жерде біраз асып-састы. Содан той иелеріне арнап жүрекжарды лебізін жеткізіп, жұбайларға тілек-ниетін жеткізді. Бәріміз «Әмин!» деп бет сипадық. Бастысы, атамыздың көңілі ақ екенін білдік. Десек те, жиналған қауымның көпшілігі бір-екі ауыз бата бере алмаған ақсақалға таңырқай қарағаны рас. Сол жерде отырған бір апамыз «Кешегі біздің қайынағалар жазылмаған дастандай еді ғой, шіркін! Бата түгілі, әрбір сөйлеген сөзінің өзі жырмен тең» деп жасы жетпіске жетсе де бата білмейтін атамызды сөгіп үлгерді. Ал, енді біреулер үлкен ғой деп түсіністікпен қарады. Бұл – қазіргі қазақ тойларында жиі аңғарып жүрген жәйттердің бірі. Қарияның кібіртіктеп тұрғаны көзге ерсі көрінетіні де жасырын емес. Кешегі өткен дала абыздарының аузынан шыққан әрбір сөзі расында, қатталған тұтас тарихпен тең болған. Оны үлкендерден жиі естіп жүрміз.Негізінде, бата мен тілек ғасырлар тезінде ұлтымызбен бірге жасасып, ұрпақ сабақтастығы арқылы халық өмірінің айнасына айналды. Сонау жаугершілік заманның өзінде батырларымыз бата алмай, жауға шаппай, жолға шықпайтын болған. Ол бізге қисса-дастандардан аян. Десек те, соңғы жылдары осы бәтуалы бата мен тілектің ара-жігін әбден шатастырып алған сыңайлымыз. Сондықтан да болар, жоғарыда әңгімелеген оқиға секілді кей жиындарда үлкендер бата берем деп тілек айтып жатады. Мұны өз басым бірнеше мәрте байқадым. Кезінде данышпан бабаларымыз «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деп бекер айтпаған ғой. Сөзі салиқалы да салмақты қариядан бата алған кез келген жанның мерейі тасып, бір марқайып қалатыны анық. Жалпы, адамгершілік пен сыйластықтың ара салмағын адамның пейіліне қарап өлшейтін дана халықтың ұрпағымыз ғой. Сондықтан халқымыз ежелден айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға айрықша мән берген. Қалыптасқан осы сенім бойынша түрлі жиындар мен той-томалақтарда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып келеді. Данышпан бабаларымыздың «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тағылымды тәмсілдері осы сөзімізді қуаттай түсіп, батаның халық сеніміндегі орнын айшықтайды. Ал, ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша оны кез келген адам бермеген. Жасы үлкен, пәтуалы сөзге шешен, ел арасында сыйлы кісілер берген. Осы үрдіс аясында сол замандардан-ақ қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөн-жоралғысы қалыптасқан. Мәселен, меймандар арасында ақсақал болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні үлкен адамға ұсынған. Сондай-ақ, ерлер отырғанда әйелдің бата бермеуін де қатаң қадағалаған. Жаулықтылар арасында сөз білетін бір ер бала отырса да, үлкен кейуаналардың отырғанына қарамастан бата әуелі сол жас баладан сұралған. Бұл – ер адамға деген халқымыздың қанына сіңген құрметін көрсетеді. Жалпы, ертеректе көпті көрген қариядан бата алу – үлкен мәртебе саналған. Оны мақсат етіп, қазыналы қартты арнайы іздеп барып бата сұрайтын да кездер болған көрінді. – Әкем ескіше сауатты болды. Мен 13-14 жасқа аяқ басқан шағымда өзі жанымда отырып бата жаттатқаны әлі есімде. Оның түп мән-мағынасын терең түйсінбесек те, кейде әкем үйде болмағанда шешем асты маған қайыртатын. Апам сол кезде «Менің азаматым бата беруге де жарап қалды» деп мәз болып менің басымнан сипап отыратын. Негізі, бата мен тілектің екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Тілекті кез келген адам айтуға ерікті. Сол үйдің қуанышына ортақ, ақеден пейілді әрбір жан өз ниетін білдіре алады, – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан Сәуелхан Смағұлов есімді ақсақал.Расында, біз шатыстырып жүрген бата мен тілектің ара-жігі осындай. Халықтық наным-сенімде тілектің де өзіндік жоғары орны бар. Мұндайда қазақ «Тілек айтсаң, жүрегіңді жарып айт» дейді. Яғни, не тілесең де, бар ықылас-ниетіңмен, шынайы бол дегені. Қалай десек те, құмырсқаға қылдай қиянаты жоқ халқымыз әманда бір-біріне тілеулес болып, мал-жанының түгел аман болуын Тәңірден шын сұраған. Ал, ақсақалды қария бата беріп, балалары тік тұра қол жайып, бір Аллаға ниет етуі мұсылман жамағаты үшін қандай жарасымды десеңші...

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.





31 қазан 2017 ж. 772 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (1466)

25 тамыз 2018 ж.

№63 (1465)

21 тамыз 2018 ж.

№62 (1464)

18 тамыз 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 561 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам