Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖАРЫҚ ДҮНИЕ ЖАНАРЫМНЫҢ ІШІНДЕ

ЖАРЫҚ ДҮНИЕ ЖАНАРЫМНЫҢ ІШІНДЕ

 Жарық сәулені бір сәтке болса да көру – олар үшін өмірдегі армандардың асылы. Айналадағыны тек сипау арқылы ғана сезіп, көкірек көзімен көруден басқа қолдан келер қайран жоқ. Десе де, олардың көңілі қанағатшыл, аузында тәубесі көп.Осындай жандардың басын қосқан қазақ соқырлар қоғамы біздің қалада да жұмыс жасайды. Ондағы тағдырлас тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аталмыш қоғам жанынан құрылған Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорнына арнайы ат басын бұрған едік. Барған бойда бізді жас балаша елпілдеген ақжарқын кісі қарсы алды. «Есімім – Тәжібай Сыздықов» деген ол өзін осы кәсіпорын директоры деп таныстырды бізге. Оның айтуынша, қоғамдық ұйымның тарихы сонау 1935 жылдардан бастау алады. Себебі, сол жылдары елімізде халық ағарту және әлеуметтік қамсыздандыру комиссариаттары зағиптармен жұмыс жүргізіп келген. Осы жүйеде бүкілресейлік соқырлар қоғамының әр аймақтарда өлкелік бөлімдерін ашу міндеті жүктеліпті. Облыс орталығындағы бұл мекеме де осы бағыт негізінде 1937 жылы ашылған. Ал, қоғамдық ұйым жанынан құрылған кәсіпорын алғаш рет 1942 жылдың қаңтар айынан бастап түйреуіш шығаратын цех ретінде іске қосылған еді. – Кәсіпорын осы кезге дейін бірнеше сатыдан өтті, – деп бастады ол әңгімесін. – Әуелі, түйреуіштер, одан аяқ қиім мен тәтті тоқаштардың қағаз қораптарын дайындап шығардық. Қазір көбіне тігін цехы бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Төсек-жабдықтар жасақтаумен, киім-кешек тігумен айналысамыз. Тауарларға сұраныс бар. Көбіне, аурухана, балабақша, түрлі мұнай компанияларынан төсек құралдарына байланысты тапсырыс түседі. Мұндағылар соның бәрін қанағаттандыру мақсатында барынша ыждаһаттылықпен еңбек етеді, – дейді кәсіпорынның директоры.Осыдан екі жыл бұрын сапалы өнімдері үшін цех өңірлік көрме байқауынан «Қазақстанның үздік тауары» номинациясын жеңіп алған. Бұл жетістік мүмкіндігі шектеулі жандардың қанатын қомдап, одан әрі жігерлене түсуіне ықпал етті. Күш-қуаты артып, кәсібіне деген сүйіспеншілігі ұлғайды. Осылайша тағдырлас жандардың уақытын тиімді өткізумен қатар, қоғам сұранысын өтеуде бұл орын таптырмас орталыққа айналды. Ілгері жылдардағы шағын нысанның бүгінде тынысы кеңейген. Бұрын тек жеңіл маталар тігуге ғана арналған тігін машиналары жұмыс жасаса, қазір әкімдіктердің қолдауымен қатты тері тауарлар тігу мүмкіндігі бар сапалы техникалармен қамтамасыз етілген. «Даму» қорының ықпалымен мұндағы тігіншілер арнайы курстардан да өтіп, сертификаттарға ие болған. Айтпақшы, ұйым биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтіпті. Қоғамдық ұйымның жәй-күйі туралы әңгімеден соң, кәсіпорынның ішкі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында цехқа қарай аяңдадық.Мейрамкүл апаның мұнда өткізіп жатқан биыл отыз екінші жылы. Алғаш осында келгенде ол 22 жасты енді ғана толтырған өрімдей қыз еді. Қазір елуді еңсерді. Содан бері осында. Жазатайым тағдыр тауқыметін тартқан жан өткені үшін аса қапалы емес те секілді. Себебі, бұл шаңырақ бүгінде екінші отбасына айналған. Құдды бір анадан туған бауырлардай жақын, бір-біріне шын тілеулес.– Ол кезде мектеп оқитынмын. Ойнап жүргенде балалардың лақтырған тасы байқаусызда көзіме тиіп, көру мүмкіндігінен аяқасты айырылып қалдым. Қанша ем-дом жүргізгенімізбен бұрынғы күйіме орала алмадым. Негізі, өзім қазалылықпын. Жағдайыма байланысты 1985 жылы осында келдім. Алғашында «Дело», «Скоросшиватель» деген жазулары бар қатты қағаз жасадық. Одан кейін шыны ыдыстардың қақпақтарын дайындадық. Қазір көбіне тігінмен айналысамыз. Біріміз пішеміз, біріміз тігеміз. Бұрын көру жағынан аздап қиындық тудырғанымен, бүгінде қолымыз әбден жаттығып алған, – дейді IІ топтағы мүгедек Мейрамкүл Жармахан. Ал, мұнда келгеніне 28 жыл болған Жанат апа өз бақытын осы шаңырақтан жолықтырған. Жолдасы Жасұлан Тілегеновпен Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы интернатта оқығанымен, тағдыр оларды осында табыстырыпты. Олар басқа түскен қиыншылыққа қарамай, бүгінде тату-тәтті отбасының өнегесін көрсетіп отырған жайы бар. Өзі тігінмен айналысса, отағасы осы мекемеде орыс дойбысынан жаттықтырушы болып жұмыс жасайды. Сырттай бақылап тұрып, шүкірі көп, қанағатшыл жандардың өмірге деген шексіз құштарлығына ерекше тәнті болдым. Мейлі, жүрек түкпірінде өзекті өртер бір өкініші болса да, олар сол үшін дүниеден ешуақытта баз кешкен емес. Себебі, олардың тағдырға айтар наласынан гөрі Тәңірден тілер тәубесі көп.


Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
06 қараша 2017 ж. 355 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (1445)

12 маусым 2018 ж.

№42 (1444)

09 маусым 2018 ж.

№41 (1443)

05 маусым 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 891 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам