Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕЛІКТЕУШІЛІК ЕЛДІ АЗДЫРАДЫ, ЖАСТАРДЫ ТОЗДЫРАДЫ

ЕЛІКТЕУШІЛІК ЕЛДІ АЗДЫРАДЫ, ЖАСТАРДЫ ТОЗДЫРАДЫ

  Жуырда интернетке көңіл аударып қарап отырсам, мынадай мәліметке көзім түсіп кетті. Еліміздің ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша әлемдегі 188 елдің арасында ішімдікті тұтынуда біздің еліміз 34 сатыда тұрған көрінеді. Елімізде ішкіліктің әсерінен қылмыс жасау 75 пайызды құрайды екен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда спирттік өнімді пайдалану 3 пайызға артқандығын байқатқан.
Бүгінгі кезеңде ауыр және аса ауыр қылмысқа барудың басты себебтері, арақ ішіп мас болумен қатар, есірткініп пайдаланудың әсерінен көрінеді. Ақпарат құралдарында «Арақ – атадан қалған ас емес» деп жазылып, айтылғанмен, елімізде оны пайдаланушылар қатары жылдан-жылға артып бара жатқандығы ойлантады. Бұл – көңіл алаңдатарлық әрі ойланарлық жағдай. Айып орындығында отырғандардың көбі осы арақтың кесірінен қылмысқа барғандар екен. Кез келген пенде еш уақытта өзін кінәлі санамайтыны шындық. Алайда, осы ащы судың салдарынан көптеген жандар абыройдан айырылып, теріс жолға түсіп кетуде.
Арақты айтпағанның өзінде, қыздар арасында да темекі тартатындар көбейіп кеткен. Оны да әлеуметтік желіден оқып білдік. Шылым шегуге үйір болған сүйкімділеріміздің қатарының артуы ел келешегіне, өзінің болашағына, өз ұрпағына балта шапқандық емес пе? Бұдан да басқа жат әдеттер қыздар арасында өрши түсуде. Мәселен, олардың арасында нәп-нәзік көрікті денесінің кез келген жеріне сурет салдыру үрдісі белең алып отырғандығы жайлы да ақпарат беттерінде өріп жүр. Үнді киносына еліктеген жасөспірім қыздардың қолдарына ою салып алғандарын көріп те жүрміз. Олардың отбасында ана ақылына құлақ аса қоймайтындықтарын осы сурет арқылы байқауға болады. Кез келген ата-ана баласының жаман болуын қаламайды. Бірақ оны кеудесінде түйсігі, түсінігі бар бала ғана ұға алса керек.
Ол ол ма, ең сорақысы қазаққа жат саналатын, бұрын аты атала бермейтін, батыстың жын-шайтанды шақырып алысатын «Хэллоуин» күнін мерекеге айналдырып, оны біздің еліміздің кей жерлерінде мереке ретінде аталып өтіле бастауына жол берілуіне не уәж айта аласыз? Енді бізге жетпей тұрғаны осы еді. Мына тұрған Шым қаланың дәмханасында, Ақтөбенің жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында кеңінен аталып өтілуін не дерсіз? Тілімізді, ділімізді, қазақи құндылықтарымызды ұлықтаймыз деп жүргенде, түсініксіз «Хэллоуинді» тойлауды жастарымыз қолға алмақ. Сонда сол жердегі билік орындары қайда қарап отыр? Жат ағымнан, жат әдеттерден аулақ болайық деп жастарға айтқанмен, олардың жат әдеттеріне шектеу қоя алмағаны қалай? Бүгін Шымкент пен Ақтөбеде тойланса, ертең оның басқа аймаққа да қанат жая түсетіні шындық.
Осындайда өткен шақ еске түседі. Баяғыда жертөледе өскен бір үйдің он балаларының ауызбіршілігі керемет еді. Қол диірменге тартқан қара нанды олардың бәрі теңдей бөліп жейтін. Кішісіне нан жетпей қалса, үлкені қолындағысын соған беретін. Бәрі бір көрпенің астында ұйықтайтын. Бір-бірін арқалап, жетектеп өсті. Сол кезеңдегі балалар ата-ананың айтқанын екі етпейтін. Мұны бүгінгі замандастарымыздың көбі жақсы біледі. Сондай қатаң тәртіпті көрген баланың бойы мен ойы өспей қалды ма? Жоқ, керісінше ынталы, жігерлі, зерделі, қайратты, алғыр болып жетілді. Ол кезде де ата-ана баланы ұрмайтын. Бірақ, ұрысса баланың санасына жеткізіп, бойына сіңіріп айтатын. Сондықтан болар, ата-бабамыз «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деп айтқаны. Сонда таяқтан гөрі сөздің қадірі, құдіреті болғандығын байқайсыз. Осы айтылған сөздерді зердесіне, санасына тоқи білген сол кездің балалары қандай алғыр еді деп ойлайсың.
Қазір ше? Қазір көп сөйлеп, сөздің қасиетін қашырып алғанымыз шындық. Көп сөзде түйір де, түйін де болмайды. Сөздің дәйегі болмағандықтан айтылған жерде қалып жатады. «Жастарға айттық, аржағын өздері білсін» деген енжарлық басым. Айту арқылы оларға жауапкершілік жүктеу жоқ. Сұраныс, талап болмағасын әр істің соңы сиыр құйымшақтанып, көлеңкеде қалып қояры белгілі. Айтылған сөзді жаңғыртып, баладан күнделікті сұрап отырса, ол жауапкершілікті сезінер еді.
Қазір бәрі басқаша. Заман өзгерді. Керісінше, пейіл бұзылып, көңіл тарылды. Бірге туған бауырлардың өздері бір-бірімен боқ дүние үшін санасатын, таласатын халге жетті. Ол ол ма, ақыр соңында 8-10 бөлмелі кең үйде отырып, отбасындағы екі-үш баланың өзі бір дастарқан басына сыймайтын болды. Қарап отырып, үстел басындағы орындыққа таласып, «әрі отыр, бері отыр» деп бір-бірін түрткілейді. Міне, пейіл мен көңілдің өзгеруі. Мына бес күн тірліктің адамға сынақ үшін берілгендігін біле тұра, көп жағдайда түсінуге тырыспаймыз. «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп дана Абай білмесе неге айтты? Кейінгі ұрпақ осыны біліп жүрсін деді. Тапқан дүниесіне күпірлік етпей, шүкірлік етуін қалады. Мына дүниенің жалғандығын кейінгілер ұқсын, ойлансын деп нақылмен жол көрсетті емес пе? Барлықтың да, байлықтың да, бәрін көрген хакім Абайдай ешкім кейінгі ұрпаққа ой тастай алмас.
Бір қоғамда өмір сүріп отырғасын ортаның жақсы болғанына не жетсін? Көпшілік болғасын жаман да, жақсы да, ермек те, қызық та кездесуі заңдылық. Бірақ, соның бәрі өзінің жолымен, ізімен, жобасымен жалғасып жатса, оның аздаған мінінің білінбесі белгілі. Абай дана отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді. Бұл жерде тәртіппен қатар, тәлім мен тәрбиенің күшін арттыруды меңзесе керек Ұлы ойшыл. Ал, қазақтың біртуар ұлы қолбасшысы Бауыржан Момышұлы «Заңсыз ел болмайды, заңға бағынған құл болмайды» деді емес пе?
Біздің айтпағымыз, тәртіп те, тәлім де бүгінгідей технология дамыған жаһандану кезеңінде аса қажет-ақ. Біз одан ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Тоқпақ пен соқпақты жолдарды бастан өткерген біздің ұлттың ұрпағы оны жақсы біледі. Арақ та, темекі де, есірткі де ұрпақ санасын улайды. Одан басқа еш пайдасы жоқ. Бүгінгі болып жатқан қазақ қоғамының арасындағы зорлық-зомбылық пен ауыр қылмыс жасалуы ішкіліктің салдарынан 75 пайызға жетуі ойланатын жағдай. Сондықтан мәңгілік ел боламыз десек, жаман әдеттен жиреніп, жақсыны үйренген дұрыс. Осыны бүгінгі ойлы ұрпақ есте сақтаса дейміз!

К. ЕРІМБЕТОВ.

06 қараша 2017 ж. 434 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1453)

10 шілде 2018 ж.

№50 (1452)

06 шілде 2018 ж.

№49 (1451)

03 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 114 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам