Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БОСАҒА МАЙЛАУ

БОСАҒА МАЙЛАУ

   Келдібай ақсақалдың кіші баласы – Кенжехан жаздың жаймашуақ күнінде отау тігіп, шаңырақ көтерген еді. Бүгін, міне, қарашаңырақтағы үлкен кісілер сүт кенжесінің еншісін беріп, қалаға өз алдына бір үй етуде. Кішкентайынан қалада жиі болып, ондағы тірлікке бой үйренген Кенжехан ауылда тұруды қашаннан қолайлы көре қоймайтын. Әке-шешесі оның бұл кейпін байқады ма, әйтеуір, үйленген соң қалаға бөлек шығарып, ортаншы келін-баланы қолға ұстауды жөн деп тауыпты.
         Не керек, баласының бір шаңырақтың отағасысына айналғанына қуанышы қойнына сыймаған қос қария бар жиған-терген қалта-дорбасын арқалап, алып шаһарға табан тіреген. Айналасындағы ағайын-туысты түгел жинап, басын қосып, бүгін қоныс тойын тойлауда. Қазақтың шашуынан бастап, бүкіл жөн-жоралғы атауын қалыс қалдырмай, құда-жекжатты да кәдесыйдан құр етпеген Кенжеханның анасы екі ортада бәйек болып жүр. Қуанышында шек жоқ екені ақ жаулықтының кең пейіл ниетінен-ақ ақтарылып тұрғандай.
         Жаңа қонысқа құтты болсын айта келген ағайынның да қарасы таусылар емес. Жақсылықты бөлісуге ауылдан ере келген Несібелі әжей де ықылым заманнан жеткен ұлттық салт-дәстүрлерді бірінен соң бірін ғұрыпқа сай орындап жатыр. Есіктен енер-енбестен алақанын толтыра бір уыс тәттілерін төрге шашып, "Осы үй берекелі, майдай жұғымды, қонағы көп, сырт көзден аман, көптің үйі болсын, Алла тіл көзден аман етсін!» деп ырымдап, қолындағы еріп тұрған сары маймен жаңа отаудың босағасын майлап-майлап жіберді. Көп көңілінен тыс қалған баба салтын қайта жаңғыртып, жастарға ақеден пейілімен тілекші болған кейуананың ісіне жиналған жақын-жұрағат ерекше разы болды. Тек Кенжеханның келіншегі – Әсемгүл ғана түсінбей, аң-таң болып аңтарылған күйі қозғалмай қалды. Несібелі әжейдің су жаңа есікке шылқытып май жаққанын да жақтырмай қалғанын жас келін тыжырынған кейпінен байқатып қойды. Ізе-шала сулы шүберек әкеліп босағадан бой-бой болып аққан сары майды мұнтаздай етіп сүртіп алды. Ата-баба дәстүрінен бейхабар келінінің көңілге қонымсыз бұл тірлігінен қымсынған енесі көпшілік алдында шыр-пыры шығып, әбден әбігерге түсті.
         – Иә, қазіргі жастар тұрмақ, үлкендердің кейбірі ұмытылып кеткен мұндай әдет-ғұрыпты біле бермейді. Кінә өзімізден де ғой. Әйтпесе, осындай дәстүрлерді жастар алдында өзіміз күнде ұлықтап отырсақ, мұның бірі де болмас еді. Оларды сөгудің де әсте жөні жоқ. Үлкендер айтып отырмаса, бұлар қайдан білсін? Кейде өзіміздің де мұндай дәстүр қазақта бар ма еді деп таңырқай қалатын салт-жоралғылар болады. Халқымыз ондай ырым-тыйым, әдет-ғұрып деген дүниеден кедей емес қой, – деді ол ақталғандай болып.
         – Дұрыс айтасың. Жалғыз бұл емес. Қаншама салт-дәстүріміз ұмыт қалды ғой. Жасымыз жетпістің желкеніне шықса да, атын алғаш естіген ғұрыптарымыз бар. Уақыт ағымымен осылайша санамыздан өшіп кеткен ғой. Айналайын, келін, "Босаға майлау" деген сонау біздің арғы тегімізден келе жатқан дәстүр. Жастар шаңырақ құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Білмегеннің айыбы жоқ. Осыдан соң есіңде қалады, – деді Несібелі әжей үлкен көрегендік танытып.
         – Айып ете көрмеңіз, әже! Шынымен де, алғаш рет естуім екен. Батаңызды Алла қабыл етсін, – деді жас келін асығып жасаған аңғал ісінен қымтырылып.
         Мұнан соң Келдібай ақсақалдың бәйбішесі "Босаға майлау" салты бойынша әлгі ғұрыпты жасаған Несібелі әжейге кәде-кәуметін ұсынды. Иығына мақпал қамзол жауып, басына ақ жаулық орады. "Бұрын босаға майлаған адамға ата-бабамыз лайықты тартуын жасаған деседі ғой. Сенің де балаларың осылай өсіп-өніп, бір-бір үй болсын" деп жүрекжарды тілегін жаудырып жатыр. Сөйтіп, көңілжықпас жақындардың, ағайын-туыстың, жанашыр бауырлардың емен-жарқын әңгімесі мен ізгілікті ілтипатымен жаңа шаңырақ іші шат-шадыман күйге бөлене түскендей. Жаныңа ерекше жылулық сыйлаған бұл дәстүр шаттығы мол үйдің шырайын еселей түсті.
                                                            Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
13 қараша 2018 ж. 965 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 460 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам