Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БҮГІНГІ БЕТАШАРДЫҢ БЕТАЛЫСЫ ҚАЛАЙ?

БҮГІНГІ БЕТАШАРДЫҢ БЕТАЛЫСЫ ҚАЛАЙ?

 «Той – халықтың қазынасы» дейді данагөй халқымыз. Тойға барған адам салт-дәстүрмен бірге қайта жасасып, ағайын-тумамен басы қосылып, арқа-жарқа болып қайтады. Түрлі жөн-жоралғыларға атсалысып, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына осылайша себепкер болушы еді.
Ал, қазір ше? Бір тойға барсақ, ел көрмеген дәстүрді көріп, шошынып қайтатын жағдайға жеттік. Аты өзгермегенімен, мән-мазмұны өзгерген ғұрыптар көп бүгінде. Айтпағымыз, бағзы заманнан қалыптасқан ұлттық дәстүріміз – беташар жайында. Естігенімізді емес, көргенімізді айтайық. Қайбір күні тойға барып, кәдімгі беташардың заманауи нұсқасын көрдік. Таңғалдық. Бір жағынан, жас келін үшін мән-маңызы айрықша салтымыздың осындай мың құбылған кейпін көріп, бей-жай күй кешкеніміз де рас. Әлгі тойда беташарды шаңырақ көтеріп жатқан жігітпен шамалас жап-жас бала тізгіндеді. Шамасы, өзінің бірге жүрген жолдасы болса керек. Бір кезде жас келінді үш-төрт биші қыз қаумалап көпшіліктің ортасына алып келді. Әдетте, ырымшыл халқымыз беті ашылмаған келінді ешкімге көрсетпей, бетіне ақ жаулық жабатын. Той иелері қобалжып жүріп мұны ұмыт қалдырды ма екен? Әлде, заманға сай беташар болсын деді ме? Әйтеуір, келінге бір абысыны келіп орамал салмады. Көпшілік бұл қалай дегендей бір-біріне қарасты. Сол мезетте жөн білетін бір апамыз: «Ау, біреуің келіп, жаулық жапсаңдаршы. Келіннің жүзін жасырмасаңдар, мұның несі беташар? Мың жылдық тарихы бар дәстүрді бұра тартып не керек? Қияқтай орамал болса да, әкеліңдер, алқымынан түсіп тұрса да жетеді» деді бұйыра сөйлеп. Қуаныш иелерінің ағайыны бұл той ұйымдастыру орталығының арнайы заманға сай жасаған сән-салтанаты екенін жеткізді. Содан не керек, көптен күткен беташар да басталды. Келіннің екі жағын ұстап, беташарға бірге атсалысатын қос жеңгесі де көрінбейді. Оның орнында төрт биші қыз шаршы жасап, келінді ортаға алған. Биттей жұқа орамалды төрт бұрышынан тартып жоғары көтеріп тұр. Қатты тартса, көбесі сөгілердей болып селдір қаққан матаның әрі жағындағы келіннің жүзі айдан да анық мен мұндалап тұр. Әлгі бетке жабар орамалы осы болды ғой деп топшыладық іштей. Домбыра ұстаған жігіттің алғашқы сәлем салдырғаны сол еді, биші қыздар келінді жүгіре айналды да, ақ матаны серпе жоғары көтерді. Ұрымтал сәтті пайдаланғандай келін де сол кезде сәлем салып үлгергендей болды. Қараған көзге біртүрлі оғаш көрінгенімен, беташардың бұл түрінің арнайы «сценарийі» осындай екенін біз де енді ұғындаймыз. Беташар жігіт те қызуқанды жан екен, көрімдік салуға келген тойшыл қауымды жеке-жеке билетіп біраз әбігерге түсірді. Сөйтіп, не керек, арада ет асым уақыт өтті. Ұзын-сонар толғаудан қажыса керек, үлкендер жағы өзара күбір-күбір әңгімеге көшті. Ере келген балақайлардың алды ұйқыға кеткелі қашан. Міне, бүгінгінің беташары осылай өтеді. Құндылығымыздың алтын көмбесінде сақталған бұл дәстүрдің атауы өзгермегенімен, бүгінде мән-мағынасы қасаң тартып, осылай бұрмаланған. Жалпы, тумысынан парасатты, текті халқымыз кез келген нәрсеге немқұрайдылық танытпай, үлкен байыппен бағамдай қараған. Салт-дәстүрімізде айрықша орны бар – беташар да осындай көреген көзділік пен парасат-пайымның арқасында дүниеге келген салт. Ықылым заманнан қалыптасқан үрдіс бойынша аталмыш рәсім негізінен отауда, жас жұбайлардың шаңырағында өткен. Оған жанашыр ағайын мен ауыл-аймақ түгел жиналған. Сөйтіп, босаға аттаған жас келін өзінің келешек қайын жұртымен алғаш рет осылайша желек астында танысқан. Ал, келіннің бетін жабудың да өзіндік терең тағылымдық мәні бар. Негізі, адам баласының тірі кезінде беті ешқашан жабылмайтынын, ол халықтық түсінік бойынша жаман ырымға баланатынынан бәріміз де хабардармыз. Ендеше, жаңа өмірге енді қадам басқан болашақ ананың беті ақ орамалмен неге көмкеріледі деген сұрақтың осы орайда туылуы заңды. Дәл осы сауал төңірегінде әжемнің көзі тірісінде айтқан әңгімесі есімде қалыпты. Біз секілді 11 жылдық білімі болмаса да, ол кісі өмірден түйгені мол, өте сауатты еді. «Өз жұртындағы қыз дәурені тәмамдалып, келіндік міндетке өткенде оның беті алғаш рет жабылады. Оның бетін жауып, жиналған көптің алдында ашу – жаңа адамды қабылдау деген сөз. Бір жағынан, беташардың астарында тазару ғұрпы жатыр. Бұрынғы бабаларымыз бір рудың бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан. Сол үшін де келіннің бетіне орамал жауып әкеліп, әулетінің алдында бірінші рет ашқан. Бұл оның жаны да, тәні де тазарады деген сөз. Бір жағынан, бәле-жаладан, сырт көзден аман болсын деген де ырымның ықпалы жоқ емес» деп отырушы еді. Ойлап қарасам, бұл сөздің жаны бар секілді. Ал, қазақ ешқашан келінді жалғыз тұрғызып, бет ашпаған. Оның екі жағына тұрмыс құрып, ана атанған екі жеңгесі тұруы шарт. Ырымшыл халқымыз олардың беті бір-ақ рет ашылғанына да аса мән берген. Күйеуі қайтпас сапарға аттанған немесе әлі де бала көтере алмай жүрген келіншектерді бұл дәстүрге қатыстырмаған. Ал, бұрын күйеуге тиіп, қандай да бір себептермен некесі ұзаққа бармай ажырасқан әйелдер қайта шаңырақ көтерсе, оларға беташар дәстүрі екінші мәрте өткізілмеген. Ағайынның ортасында шағын дастарқан жайып, бас қосқан. Сондай-ақ, көреген бабамыз босағаны енді аттаған келіннің бетін кім көрінгенге аштырмаған. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген тәмсілге сүйенген халқымыз ол адамға ерекше мән берген. Ертеректе бет ашатын адам сол рудың белгілі, елге сыйлы адамы болу керек деп саналған. Ендеше, аталарымыз қанша ғасыр бедерінде елеп-екшеп, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданған салт-дәстүрлеріміздің бұлақ-бастауларынан ажырап қалмасақ екен деген тілек бар.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
13 қараша 2017 ж. 369 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (1460)

06 тамыз 2018 ж.

№57 (1459)

31 шілде 2018 ж.

№56 (1458)

28 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 207 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам