Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Озат сауыншы

Озат сауыншы

Еңбек сүйген адамның абыройы асқақ болады. Сондықтан әрбір істі шын жүрегімен жасай білген жанның абыройы асқақтап, беделі арта түспек. Сондай аты мақтанышқа айналған жанның бірі – сауыншы, Батыр ана Күлжан Әуезова кезінде еселі еңбегімен елдің алғысына бөленген жан еді.
Сырдария ауданы, Бесарық ауылында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» орденінің иегері  «Батыр Ана» Күлжан Әуезованың туылғанына 90 жыл толуына орай алуға арналған «Өнегелі өмір» атты тарихи танымдық кеш ұйымдастырылды.
Еңбек адамын дәріптеген шара ауылдағы Күлжан Әуезова көшесінің бойына қойылған ескерткіш белгінің ашылуымен бастау алды.  Салтанатты шарада Сырдария аудан әкімінің кеңесшісі Балшекер Өтегенова жүрекжарды лебізін білдірді.
 – Еңбегі ел есінде қалған жанның дәріптелуі маңызды. Өмірі өнеге болған алдыңғы буынның жүрген жолын кейінгі ұрпаққа жеткізу бүгіннің күннің басты мақсаты. Бұл кісі сүттен ақ бұлақ жасап, қаншама тер төкті. Қаншама ізбасарын еңбекке баулыды. «Шəкіртсіз – ұстаз тұл» дегендей, аудан, облыс сауыншылары К.Əуезованы өздеріне ұстаз тұтып, онымен кездесуге, тəлім-тəрбие алуға келуі де жиілей түсті. Ауыл тарихы осындай үлгілі адамдармен еселеніп, байи түсері хақ. Оның өткен өмір жолы əркімге-ақ үйретері бар, берері мол өнегелі жол, – деді Б.Өтегенова.
Өз ісінен абыройға кенелген сауыншыны барша жерлестері құрметтеді. Сол кезеңнің жанды куәгері, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уайс өз естеліктерімен бөлісті.
 – Елдің сыйлы азаматы Күлжан Əуезова 1929 жылы Бірқазан ауылындағы «Қанды арал» өңірінде дүниеге келген. Бүгінде ол кісі 90 жасқа толып отыр. Аяулы жанның туған жеріне жасаған еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ол 1950 жылы «Победа» колхозында сауыншы болып еңбек жолын бастады. Ол кезде сауыншылық қазіргі кездегідей аппарат емес, қолмен сауылатын. Жұмыстың ауырлығын жастық-жігермен жеңе білді. Соның нәтижесінде еңбегі алғашқы жылдардан-ақ елене бастады. 1957 жылы социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін, өзіне бекітіліп берілген 20 бас сиырдың әрқайсысынан 3000 литр сүт сауғаны үшін Сырдария ауданы, Жамбыл колхозының сауыншысы Күлжан Әуезованы «Құрмет кітабына» тіркеу туралы қаулы шықты. Сөйтіп қарапайым ауыл еңбеккері Қызылорда облысында санаулы саңлақтар қатарынан көрінді. Ал 1958 жылы «Облыстың ең үздік сауыншысы» атағын жеңіп алады. Қиындықты жолдасы Жұман екеуі мойымай көтере білді. Жыл аяғында əр сиырдан 3150 литр сүт сауып, рекорд жасаған еңбек ері үшін 1960 жыл  ерекше жыл болды. Адал еңбектің өтеуі ретінде ең жоғарғы марапат «Ленин» орденімен наградталды. Небары 30 жасында осы құрметке ие болды, – деді Ержан Уайс.
         Елуінші жылдардың соңына қарай Күлжан аженің бедел биігінен  өрлеуі бастау алды. Жылма-жыл өзіне артылған міндеттемелерді артығымен орындағаны үшін 1960 жылы СССР аталатын алып мемлекеттің Жоғарғы Кеңес Президумының қаулысымен, ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен марапатталады. Бұл марапат осы шаруашылықта жұдырықтай жұмылған мал шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне берілген баға еді. Соның нәтижесінде 1962 жылы Күлжан Әуезова Мәскеуде өткен КСРО тұтыну кооперациясы өкілдерінің VI съезіне шақырылған.
1971 жылы 13 маусымда Күлжан Әуезова 8-ші шақы­рылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сай­ланған. Ал, Қазақ КСР ­Жо­ғар­­ғы Кеңесінің 1973 жыл­ғы 19 қыр­күйектегі қау­­­лы­сы­мен «Қазақ КСР ауыл­шар­уа­шы­лығына ең­бек сіңір­ген» құр­метті атағы берілген. 1973 жылдан бастап Сырдария аудандық партия ко­митеті жоспарын артығымен орындаған жас сауыншы же­ңімпаздарға арнайы Күлжан Әуе­зова атындағы сыйлық тапсыру үрдісін қалыптастырды.
  Күлжан апа туралы естеліктер көп. Ол кісінің жұмысына беріліп, адал жасайтынын бірге қызмет істеген қатарласы Дәметкен Мәтенованың ауызынан естіген едік. Ол кезде Дәметкен апа жас механизатор болыпты.
 – Колхоздың мал шаруашылығында бірге жұмыс жасадық. Жаңалықты жатырқамай тәжірибесіне енгізе білген Күлекең басқа әйелдер 4-5 сағатта әрең сауатын сиырды бас-аяғы 1 сағатта сауып болып, қалған уақытты сиырдың күтіміне бөлуге мүмкіндігі болды. Сауын сиырлардың қорасының тазалығы, жаңа туған төлді айыру күтіміне де ерекше көңіл бөлетін. Күлжан апамен1969 жылы қараша айында өткен Қазақ КСР кол­хоз­шы­ла­рының ІІІ съезіне бару мен үшін үлкен мақтаныш еді. Өмірі өсиетке толы кісіден көп үлгі алып өстік, – деп атап өтті ол.
Еңбегімен еленген аяулы жан 10 баланы тәрбиелеген «Батыр ана» болды. Перзенттерін тәрбиелей жүріп, колхоздың мал шаруашылығында адал қызметімен ел құрметіне, сеніміне ие болды.
Тарихи танымдық шарада Күлжан Әуезованың өнегелі өмірі мен қызметі жайлы конференция өткізіліп, деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, «Өнегелі өмір» атты кітабының тұсаукесері жасалды.
 –Анамыздың жасаған еңбегі тарих бетінде қалары сөзсіз. Бүгінгі кеште көз көргендер анамның нағыз жанкешті болғанын баян етті. Қиындыққа мойымай, өз жұмысын тиянақты жасайтын. Бүгінгі жастарға ертегі шығар. Десекте, сауыншы ретінде республикаға танымал анам әрбір сиырын еркелетіп, басынан сипап сойлеседі екен. Сиырларға ат қойып шақырғанда 20 бас сиыр өз орындарына келіп тұра қалады екен. Тағы бір қасиеті сиыр малынын қашан, қай күні төлдейтінін нақты айтып ауыл тұрғындарын таңқалдырған. Екі ай, он күн десе сол күні сиыры туатын. Байқасам, апама бақ төрт түліктің ішінде сиыр малы арқылы қоныпты. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – еңбек адамын ұлықтау. Кейінгі жастарға үлгі ету еді. Сол ой орындалған секілді, – деп алғысын жеткізді баласы Елубай Әуезов.
Өткенін қадірлей алған жандар ғана болашағын баянды ете алады. Сол үшінде Бесарық ауылының азаматтары К.Әуезова сынды бетке ұстар ардақты жанды әрдайым құрмет тұтып келеді. Бүгінгі ұйымдастырылған шара соның дәлелі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
18 маусым 2019 ж. 740 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 459 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам