Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Балаңның есімі кім?

Балаңның есімі кім?

Қазақ халқында жаңа туған сәбиге ат қою әдебі бар. Оны ата-ананың алдында тұрған үш міндеттің бірі деп бағалайды. Ұрпақтан-ұрпаққа мазмұнын жоғалтпай жеткен ата салттың біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Сол себепті, әрбір отбасы дүниеге келген балаға жарасымды әрі мағыналы есім беруге тырысады. Оның да өзіндік қалыптасқан қағидасы мен жасалатын жөн-жоралғысы болады.
Бүкіл тұрмыс-тіршілігін наным-сеніммен байланыстырған дана халқымыз балаға ат қоюда аса мұқият танытқан. Ертеден қалыптасқан ырым бойынша сәбиге таңдалған есім оның өміріне әсер ететін көрінеді. Сондықтан ырымға сену, оны мойындау – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бұл жайында ғалымдар зерттеуі бізге түрлі деректер береді. Белгілі шығыстанушы, этнограф Шоқан Уәлиханов ырымды халықтық дәстүр деп қарайды. Ал ғалым Сейіт Кенжеахметұлы оны ұлтымыздың жақсы қасиетінен туған әдет-ғұрпы, мәдени ерекшелігі екенін айтқан. Әдетте, халқымыз перзентіне қол бастаған батырдың, сөз бастаған шешеннің, жезтаңдай, күміс көмей әншінің атын қоюға тырысады. Ал кейде баланың өмір жасы ұзақ болсын деген ниетпен Жүзжасар, Мыңжасар, Сексенбай, Тоқсанбай, баласы шетіней берген шаңырақта Жүрсін, Тұрсын, Тоқтар деген есімдер берілді. Сондай-ақ, ерекше көзге түскен белгісіне қарай Анарбай, Қалдыгүл, Меңдібай секілді аттар таңдалған.
Балаға азан шақырып ат қоюдың маңыздылығы жайында облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Асқар Жұбанов:
– Ғасырлар бойы жер, су, қалалар мен мемлекеттерге белгілі бір атау берілген. Соған сай әр нәрсенің өз сипаты бар. Дәл солай дүниеге келген нәрестеге де азан шақырып ат қойылады. Яғни, шариғат бойынша сәбидің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту – сүннет. Балаға есті кісілердің есімін беру – ислам дінінде құпталатын дүние. Сәбиге ат қоюда ескеретін бірнеше жәйт бар. Ең бастысы, бала есейген кезде өз атынан кысылмауы керек. Жақсы есім оның болмысына, ертеңгі күні тұлға болып қалыптасуына ерекше әсер етеді. Сол себепті, елге белгілі азаматтар мен тарихи тұлғалардың аттары таңдалса нұр үстіне нұр болар еді. Жеке қасиеттеріне неғұрлым көбірек тоқталса, соғұрлым баланың бойына тез дариды. Түркі халқында мағынасы терең, мазмұнға толы көркем есімдер көп. Сондықтан ат таңдағанда құлаққа жағымды естілетін, мағыналысына тоқталған жөн, – деді.
Кейінгі кезде адам телесериалдағы ұнаған актердің есімін баласына қоя салатын әдет шығарды. Әуелі, сөздің қандай мағына беретініне көзіміз жетпей жатып, мұндай қадамға бару – қателік.
– Балаға азан шақырып ат қоюдың мәнісі терең. Нәрестенің құлағына айтылған сол сөз оның жүрегіне жетіп, иманды ұрпақ болып өседі. Мұнымен қоса бұл имани дүниенің тағы бір сыры – азан сөзінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында. Өйткені, ол нәрестені дүниеге келгенше бақылайды. Азан шақырып, ат қою жоралғысын сәби дүние есігін ашқаннан кейін жетінші күні жасалған жөн. Қандай да бір себеппен нәресте кезінде құлағына азан айтылмаған кісіге оны өскеннен кейін де жасағанның артықтығы жоқ. Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай, ертеңгі күні қияметте Алла тағаланың алдына барғанда әрбір адам өз есімімен бірге әкесінің атымен аталып шақырылатыны белгілі. Сол кезде атымыздың дұрыс болғаны абзал,– деді «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Асқар Жұбанов.
Халқымыз дүниеге келген сәбиге ат қоюда көпті көрген, сыйлы жанға қолқа салған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірген ұрпақ қашанда баба салтын сақтап, шаңырақтағы көнекөз қарияларға жол берген. Бұл да – қазақы дәстүрге сай жастарды тәрбиеге баулудың бір түрі. Балаға ат беруде үлкендер қателеспейтіні анық.
Сонымен перзентіне есім қоятын ата-ана мына мәселелерге көңіл бөлгені жөн. Біріншіден балаға діні бар, иманы жарасқан, құлшылығы мол есім берілген дұрыс. Осы арқылы ұрпағымыз жақсы жолда жүреді. Екіншіден, балаға қойылатын ат тілге жеңіл, құлаққа жағымды, жүрекке жылы тигені ләзім. Үшіншіден қойылған есімде мағына болуы керек. Осы қағидаларға мән берген әрбір адам өмірден адаспасы анық.


Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
14 тамыз 2019 ж. 469 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 475 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам