Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СЕН ӨЗГЕРСЕҢ, СЕНІҢ ӘЛЕМІҢ ДЕ ӨЗГЕРЕДІ

СЕН ӨЗГЕРСЕҢ, СЕНІҢ ӘЛЕМІҢ ДЕ ӨЗГЕРЕДІ

Өмір болған соң, жаныңды жегідей жейтін сұрақтар көбейіп, өз-өзіңді іштей сұрақтың астына аласың. Алайда, қазақылыққа салынып, қажетті маманнан кеңес алуды жөн көрмейміз. «Қиындық әркімнің басындағы жағдай, оны еңсеруім керек» деп соған көндігіп жүре береміз.
Бүгінде қоғамда мәселе көп. Әсіресе, әлеуметтік жәйттар ғаламтор бетінен түспейді. Осы орайда, көңілдегі мәселеге шешім айтатын жандар да көбейіп келеді. Тіпті, «Құдайсыз қурай да сынбайды» дегенге сенген қазақ психолог, коуч-тренер, нумерологқа тәуелді болып бара жатыр. Расында, қазақ әйелі көмекке зәру ме? Психологтардың айтып жатқан әңгімесін кітап арқылы оқып, өзін тәрбиелеуге мүмкіндік жоқтынан болар. Сонымен қатар психология дамып, оған тәуелділер көмектерін алуда. Себебі инстаграм желісі арқылы тегін көмек беріп, бағыт-бағдар беретін мамандар да жеткілікті. Осы орайда көптің көкейінде жүрген мәселенің бір парасын ашуды жөн көрдік. Қаптаған семинарлар адамды тура бағытқа бастай ма, әлде халықтың қалтасын қаға ма? Әрбір ойды айтар да жақсылықтан бастағанымыз дұрыс. Өйткені аталған маман иелері де осы бағытта тер төгіп жүр. Қазақ әйелдерінің ойын жақсартып, өміріне оң өзгеріс әкелгісі келеді.

Психолог кеңесі – ұят емес
«Ең күшті қару – психологиялық қару»… Ал психологиялық тұрғыдан әлсіз адам үнемі мықты болып жүре алмайды. Дегенмен адам күйзеліске түсіп, өзін-өзі жеңе алмай жатқан кезінде психологтың кеңесіне жүгінгені дұрыс. Өйткені психолог шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін бірден-бір маман иесі. «Сүрініп кетсең, қайта тұруға қақыңның бар» екеніне дұрыс бағыт сілтейтін де – сол «жан әлеміне саяхат» жасаушылар екені рас. Алайда бүгінде қазақ әйелдері психологқа баруды ұят санайды. Біздің пікірді қоссақ осы мамандарға тек жындануға сәл-ақ қалғандар барады. Осы орайда психолог Флора Нұрпейісованың айтуынша, қазақ әйелдері мықты. Тіпті, күннен-күнге есік қағатындар саны артып келеді. Бұл олардың санасы өзгеріп, оң нәтиже байқалатынын көрсетеді.
– «Психологқа бару ұят» деген ойдың қалыптасуында менталитетіміздің де әсері бар. Мәселен, отбасылық немесе ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерде көбіне-көп «Бас жарылса бөрік ішінде» дегенді ұстанады. Қандай да бір жағдай болса, оны сыртқа шығармай, жеңгелеріне, әпкелеріне, жақын-құрбыларына құпия түрде айтады. Яғни қазақ отбасыларының көбісінде үйінде немесе айналасында жылап баратын «дайын психологы» бар. Жаныңа жақын адамға шеріңді ақтарғанның еш жамандығы жоқ, тек бұл уақытша көмек. Танысыңыз сізді тыңдайды, кеңесін береді, бірақ өміріңізде ештеңе өзгермейді, сол қалпында қалады. Олардан мардымды жауап, бағыт алу қиын. Ең дұрысы психологқа бару. Ақша, үй-жай деп тұңғықта жүргендер көп. Соларға да психологқа баруға кеңес етемін, – дейді психолог.

Семинар – бар мәселенің шешімі ме?
«Сен өзгерсең, сенің әлемің де өзгереді». Бұл кез-келген мамандардың айтатын кеңесі. Демек жан-жағын өзгерткісі келген адам ең алдымен өзін өзгертіп, өзін тәрбиелеу керек. Семинарда айтылатын сабақты расымен жасап көрейін десең қиын секілді. Алайда осы қаптаған семинар ақылы тренинг арқылы өмірлерінен оң өзгеріс байқалған да бар. Шынайы жағдайға шын көзқараспен қараған жөн болар. Расында қазақ әйелдері оттың басында, ошақтың қасында қалып қойды. Үй мен жұмыстың арасындағы бітпейтін күйбең тірлік. Осы ретте адамдардың бір-біріне қарым-қатынасын реттеуде, өз-өзін бақылауына ықпал ету үшін психологтың пікірі қажет те шығар.
Элвира Әбуова – отбасы ошақ қасында қалғысы келмейді. Бойындағы жұмысына деген махаббаты арқылы жоғары жетістіктен көрініп, өмірдің сынақтарына төтеп беруге тырысып жүр. Алланың берген қиындығын сый деп қабылдауды осы тренингтер арқылы үйренді. Өзі шешім қабылдап, өзіне сенуді ұйғарды. Қайырымды істер жасау арқылы жанынан жақсы жандар табыла білетініне күнде көз жеткізіп келеді. Алдағы уақытта білімін толықтырып жетістікке жету, бақытты, табысты болуға ұмтылады. Ол үшін ең алдымен рухани өсу керек. Бұл тұрғыда Құралай ханымның семинары, ақыл-кеңесі бойына азық беруде.
– Әйел заты бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Осы тұрғыда оларға үлгілі жар, аяулы ана болу үшін үлкен жауапкершілік керек. Сол секілді білімін толықтыру арқылы биік белеске жетеді. Демек әйелдерге көмек қолын созып жүрген психологтардың семинары оңды өзгеріске әкеледі деп сенемін. Сынға дұрыс қараймын. Бәріміз идеал емеспіз. «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Айтылған дүниелерді ақырындап түзеп келе жатырмын. Әрине тырнақ астынан кір іздейтіндер сын табады. Ене мен келін, күйеу мен әйел арасындағы қарым-қатынастар, бала тәрбиесі жайында айтылатын әңгіме бар. Жаныма жылу тауып, ішкі күйзелісті жеңуіне мүмкіндік туғызып, көп көмегін тигізуде. Адам рухани баю үшін тек кітап оқу аздық етеді. Адамның жаны психологиялық кеңестерге зəру. Сол тұрғыда кейбірінен өзіңе қажетті дүниелерді алуға болады. Сондықтан соны саралайтын жүрекке біріншіден иман керек, екіншіден білім қажет деп ойлаймын. Жеке тұлғалық қасиеттерімді ашу, бойымда сенімділікті арттыру қажеті туындаса психологқа жүгінем, – дейді ол.
Ал, Ақтолқын Нұрлыбайқызы психологтың семинарына жүгінемін деп мүлдем ойламап еді. Алайда адамға күш-жігер беретін жанды ішкі дүниең іздеп тұрады. Ақтолқын ол кісіні инстаграм арқылы тапты. Дертіне шипа болар аффирмацияны айтып, оған мотивация беретін кісі – Айнұр Тұрсынбаева. Белгілі ақын қыз қазіргі уақытта семинар өткізіп, инстаграм желісі арқылы қазақ әйелдеріне рухани азық айтады.
– Қазір психологтың көмегіне жүгінетін жандар қатары көбейіп келеді. Оған қоса «Іздегенге сұраған» дегендей мықты психолог мамандар да бар. Адам қай кезде осындай маман кеңесін керек етеді? Басына бір іс түскенде, қиналғанда, жанына демеу жан таппағанда, тағысын тағы. Өмір болған соң, әртүрлі жайттар кездеседі. Мен өзім осы уақытқа дейін психолог маманымен сөйлесемін, ақыл сұраймын деп ойламадым. Бірақ, көктемнен бері денсаулығыма қатысты емделіп жүрген жайым бар. Сондай сәтте жүйке де сыр беріп, кейде рухани шаршауымыз мүмкін, ой да жеп қояды. Маза қашады. Басымнан осының бәрі өтті. Бірде әлеуметтік желі арқылы Айнұр Тұсынбаеваны тыңдап қалдым. Әр сабағы әр түрлі. Әйткенмен, денсаулық туралы айтқандары көңілімнен шықты. Адам өзіне керегін алады ғой. Бірі бай, бірі – бақытты болғысы келеді-ақ. Ал менікі – мықты денсаулық, дертті жеңу. Осыны алдыма мақсат етіп қойдым. Соның бәріне Айнұр Тұрсынбаеваның көп ықпалы тиді. Өзімен жүзбе-жүз кездескенім жоқ. Бірақ, біз инстаграм желісінде хат арқылы сойлесіп тұрамыз. Өте қарапайым, жаны таза адам екенін аңғаруға болады. Кітаптарын да алып оқыдым, әсерлі жазылған. Жалпы, психологтар туралы кейбірі кері пікір жазып, айтып жүр. Кәсіпке айналдырып, ақша табудың тәсілі дегенді сөз қылады. Дейтұрғанмен, сол мамандар адамды жылылыққа, сыйластыққа, алға ұмтылуға мотивация берсе, нұр үстіне нұр емеспе... Сондықтан дәл қазіргі мәселесі көбейген күйбең тірлікте білікті психологтар артықтық етпейді деп ойлаймын, – дейді Ақтолқын Нұрлыбайқызы.

Жақсы ой жаныңызды жадыратар
Осы мақаланы жазуға К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» және Құралай ханымның «Әйелмін мен! Тербетемін әйелді» туындысын оқуым түрткі болды. Тәуекел етіп, сатып алдым. Оқып шықтым. Көңілге түйетін жәйттар көп. Инстаграм желісі арқылы аталған псилхологтардың жазғандарын оқып, ютуб каналдарынан ақыл-кеңесін тыңдап жүретінмін. Ал кітап есте сақтауға көп көмектеседі. Бірге жүрген құрбыларым ішінде «Оларды оқығаннан, өзгеріс болмайды» деген пікір айтқандар болды. Осы тұрғыда кітаптан алған көңілге түйерлік сөздермен бөліскім келді. Расында ауылдағы әрбір келінді, басында қиындағы бар әйелді демейтін кісі қажет-ақ. Екі құрбының басы қосылса, ене, ата, күйеу бәрін жамандап, тек өзіміз жақсымыз. Түсіне білсек, психологтар өмірде болып жатқан жайттарды жай сөзбен келтіріп, қазақ әйелдерін өзгеруге, дамуға шақырады.
Адамды өзгертер болсаңыз, алдымен сіз жақсы ойлаңыз. Жарқын ойлау арқылы сіз адамдарды да жарқын қыласыз. Оларға көңілді естелік қалдырып, мейірім ұялатасыз. Менің әзірге түйгенім осы.
Р.S...Әркім өз өмірінің қожайыны. Сондықтан көңіл құлазыған сәтте өзіңді құшақта, өзіңді жақсы көр. Жалпы, барлығы да «жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақы қағидаға сай келеді. Соны ойдан шығармай, жақсы ой ойлап, жақсы іс жасауға ұмтылғанымыз жөн. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды бағалай білейік. Өмірдің барлық сәтсіздіктері бақытсыздық емес...


Айтолқын АЙТЖАНОВА
14 тамыз 2019 ж. 509 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 475 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам