Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Марат мерт болды. Оның ерлігі ескерілді ме?

Марат мерт болды. Оның ерлігі ескерілді ме?

    Ғаламшардың төрт бұрышын аралайтын алып ұшақтар шынында қаншама адамның өмірін аманат қып көкке самғайды.  Желкенін керген әуе кемесінде ғұмырының соңғы сағаттары соғып жатқанын сапарлаған жолаушылар сезбей де қалып жататын болды қазір... Алайда,  кеудесінде жаны, тамырында қаны бар пендені қыран қанатты ұшақтың адамзаттың ажалына себепші болып жатқан  алаңдатады, әрине. Баяғы бабаларымыздың «адамзаттың ажалы темірден келеді» деген болжамы осы заманға сәйкес келіп жатқанына қайран қаласың. Оған келтіретін дәйекті деректеріміз де жеткілікті.
Қазір ғаламторды ашып қалсаң, бейнекөрініспен берілетін қайғылы оқиғаларға кезігетініміз жасырын емес. Өткен жылдың  27 желтоқсанында әуе апатынан болған  қанды оқиға күллі қазақстандықтарды дүр сілкіндірді.  Мамыражай отырған қазақтың көк туы төмен түсірілді.  Ертеңіне қаралы күн болып жарияланып, опат болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтылып, бүкіл ел қайғырып, қара жамылды. Сол  «Bek Air» әуе компаниесына тиесілі «Фоккер-100» ұшағының 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.  Оқиға орнында 8 адам, әуежайда 2 адам қаза тауып, 17 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Кейінірек қайтыс болғандар саны 12-ге жетті. Осылайша, 12 адамның өмірі қиған апат кемесі жайлы деректер төбе құйқаңды шымырлатады. Әрине, бұл қайғы оңай емес. Десе де, осы ұшақтың жанармайы жарылса, бүкіл адам мерт болып, қайғы үстіне қайғы жамалар еді. Бұл тұста  жолаушылардың өмірін сақтап қалу үшін өзін өлімге қиған әуе кемесінің капитаны Марат Мұратбаевтың ерлігі шынында ескеріле ме? Соңғы мүмкіндікті пайдаланған өте тәжірибелі ұшқыш ұшақты өртенуден сақтаған. Алып ұшақтағы адамның ең болмағанда жартысын аман сақтауға бекінген ержүрек азамат өзінің басын бәйгеге тігіп, ажалды қасқайып тұрып қарсы алғанын оның әріптестері де мойындап, оның ерлігіне бас иіп отыр.
   Әбен Қаленов, РГП «Казаэронавигация» авиадиспечері: «Мен осы салада 1978 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Сол уақыттан бері Марат екеуміз достық, әріптестік байланыстамыз. Ол 1982 жылдан бері «ЯК-40»-тан бастап, «ТУ-154», танымал «Эйр-Астана», «Эйр-Қазақстан» компанияларында «А-310», «Бойнг-757» секілді алып ұшақтарды еркін тізгіндеген шеберлігінде мін жоқ білгір маман. Тіпті көк аспанда әуе лайнерлерін қырандай самғататын қырағылығына тәнті болған компания кезінде оған Премьер-министрлер мен үкіметтің жауапты тұлғаларын тасымалдауды сеніп тапсырған. Өте орны толмас ауыр қайғы. Ол еліміздегі саусақпен санарлық шебер ұшқыштың бірі ғана емес, бірегейі болатын. Мен аяулы асыл досымды жоғалттым. Ол көз жұмардан бір күн бұрын екеуміз Алматыда жолығып, үш сағат отырып, емен-жарқын әңгімелескен болатынбыз. Біз бірге суретке түстік. Ол өте жүрегі таза, мейірімді жан болатын. Өзінің туып-өскен жерін қатты қадірлейтін. Қызылордадағы сексеннің сеңгіріне шыққан анасын, бауырларын үнемі аузынан тастамайтын. Телефонмен хабарласқанда да алдымен ел-жұрттың амандығын сұрайтын. Сондай атпалдай азаматты жоғалту бүкіл Сыр елі үшін де ауыр қайғы деп ойлаймын. Сын сағатта борттағы жолаушыларды құтқарам деп өзін құрбан қылғаны үлкен ерлік деп есептеймін. Ол сасқалақтап мүлт кетсе, ұшақтың күлі көкке ұшар еді. Маман ретінде айтарым, мұндай апатта көбінде жолаушылар аман қалуы екіталай құбылыс. Бұл Мараттай азаматқа тән өжеттік. Әттең, енді келмеске кеткен досымның жасаған ерлігіне құрмет жасалса, жаралы көңілге жұбаныш болар еді. Артында қауым ел барда лайықты бағасын беріп, ұлықталар деген үміттемін».
Бақытжан Қалиев, ұшқыш:
«Маратпен осы қалада 1982 жылы аэропортта бірге жұмыс жасадым. Мен «АН-2», ол «ЯК-40» ұшағын айдады. Көңілді жігіт болатын. Гитарамен ән шырқады. Ақжарқын, адам жатырқамайтын. Өте елгезек, бауырмал еді. Ол белсенділігімен көзге түсті. Қызылорда қаласында халық қалаулысы болып елге абыройлы қызмет жасап, жастарға көп пайдасы тиді. Көп ұзамай кәсіби шеберлікпен шыңдалып, Алматыға  жұмысын ауыстырып, ірі авиакомпанияларда  алып әуе лайнерлерін тізгіндегенін білемін. Ол Сыр елінің мақтанышы болатын. Біз кешегі апатты жағдайды естіп, есеңгіреп қалдық. Қимас жаннан қапыда айырылдық. Оның кәсіби қызметі мінсіз, өзі ісіне адал адам еді.  Менің ойымша ол өзін емес бірінші кезекте елдің амандығын тіледі. Бұл – сөзсіз ерлік. Артында аңырап ақ шашты әзиз анасы, бауырлары, жары, перзенттері және оны жоқтайтын бір қауым ел қалды. Туған жері бірінші кезекте қайғысына ортақтасып жатқанына тәубе дедік. Әріптесіміздің ерлігі кейінгі буынға үлгі болады деп ойлаймын. Мүмкін ұшақта ақау бар ма?Әлемдік тәжірибеде  «Fokker 100» ұшағынан апат жиі болады деп естіп жатамыз. Мен де Сыр елінің перзентімін. Қазір Алматыда тұрамын. Марат Мұратбаев өте ержүрек, адал азамат.  Оның есімі ұлықталса деймін» депті.
Шынында, осы ұшаққа қатысты мәліметтер әлеуметтік желіде үсті-үстіне  жарияланып түрлі пікір тудырып жатыр. Оқиғаның себеп-салдарына байыппен қарасаң, көп нәрсеге көз жеткізгендей боласың. Біз әрине, кәсіби маман емеспіз. Дегенмен, 12 адамның өмірін қиған апат кемесі жайлы деректі көріп төбе құйқамыз шымырлады. Осы Fokker 100 ұшағы 180 адамның өліміне себепші болған. Бұл апаттан әлемде  180 адам қаза тапқан. Сарапшылардың айтуынша, аталған ұшақ апатына көбіне қозғалтқыштың істен шығуы мен шассидің ашылмай қалуы және гидравлика жүйесіндегі ақаулар себеп болады екен.
Әрине, апаттың мән-жайын зерделеу, оған жазықтыларды жазалау біздің құзырымыздағы міндет емес. Ол уақыт еншісінде. Алайда, ғұмырының ақырғы демі біткенше  өзінің кәсіби шеберлігімен жолаушылардың өмірін  сақтап қалуға тырысқан жанкешті ұшқыш Марат Мұратбаевтың ерлігі ескерілсе дейміз.
                                                            
Қиылып түсті бәйтерек  ғұмыр
Қыран ұшқан қияны таңдап,
Құзар шыңдарға қиялы самғап.
Көтерілгенде қанатын қомдап,
Көз алдын кенет қара бұлт торлап,
Қиылып түсті бәйтерек  ғұмыр.
Ақыл мен ажал арпалысқанда,
Жан берісіп  жан алысқанда.
Алтындай  басын бәйгеге тікті,
Не болар еді жаңсақ ұшқанда?
Қиылып түсті бәйтерек  ғұмыр.
Шырқырап жаны, сезімі тербеп,
Соңғы рет соқты жүрегі ел деп.
Құтқару үшін сәбиді,  қартты,
Құрбан қып өзін жаны жай тапты.
Қиылып түсті бәйтерек  ғұмыр.
Өз ұлтын перзент осылай сүйді,
Бойына құрыш күш-қуат жиды.
Жарықты емес табытты таңдап,
Ел үшін есіл өмірін қиды.
Қиылып түсті бәйтерек  ғұмыр.
  Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
14 қаңтар 2020 ж. 945 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам