Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өнерлі отбасыдан өрілген өмір

Өнерлі отбасыдан өрілген өмір

Мерекелік күндер жақындаған сайын «Кімнен құттықтау түседі екен?» деп күтіп отыратынымыз анық. Бір жанды қуантудың өзі сауап. Нәзікжандылар барлық құрметке лайық. Десе де мерекенің жөні бір бөлек. Осы орайда, М. Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры, мәдениет саласының үздігі Ляйла Насимханова апайды құттықтадық. Бұл есіммен Сыр елі мақтанады. Талай жас өрендерді өнердің биік шыңына көтерді.
«Немере баладан да тәтті екен. Бүгінгі күні еңбек демалысындамын. Алматы қаласына келіп, немерелерімді бағып отырмын. Әже болудың өзі бір бақыт, ерекше сезім» деді ол кісі телефон арқылы байланысқанымызда.
 – Мерекеңіз құтты болсын. 8-наурызға қандай сыйлық күтесіз?
 – Мен үшін басты сыйлық елімнің тыныштығы мен амандығы. Айтулы күн ана мен баланың арасындағы махабатты байланыстыра түсетін секілді. Мен анамды еске аламын. Ананың орны қашанда бөлек. Ананың қадірін өзің ана болғанда білесің деген. Бүгінде қызым мен немерелерім аналық махаббатты өзіме сездіруде. Тосыннан гүл беріп жатса, қуаныш сезімі билейтіні рас, енді. Әрбір әйел гүлді жақсы көреді. Одан бөлек, өзім жақсы көретін әтір бар. Сол әтірді қызым сыйлыққа ұсынады. Перзентінің жымиғанының өзі – анаға сыйлық қой. Дегенмен тосынсыйлар жасап тұру қажет.
  – Анаңыз үшін қандай сыйлық бағалы еді? 
 –  Өнердің адамы болғандықтан әдемілікті жанымыз сүйеді. Аналар әдемінің бәріне лайықты. Ол кісі қолынан іс келетін шебер болды. Анама ұқсаған ерекше қасиетім тоқыма тоқимын. Сондай дүниелерді жақсы көрді. Сондықтан менде ерінбей анам үшін тоқыма тоқып, қолдан бұйым жасайтынмын. Бүгінде қасымызда жоқтығы білініп тұрады.
Әнші-ұстаз Ляйла Насимханованың ата-анасы да Сыр еліне танымал тұлғалар. Әкесі – белгілі актер,  мәдениет қайраткері Ораз Насимханов болса, анасы –  танымал актриса Сәнім Масина. Өнерлі отбасыдан өрілген өмір ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған өнерді аманат деп қабылдайды.
Өнер ерекше құдырет. Бұл қасиет Ляйла апайға әкенің жолымен келді. Ата-анасы Н.Бекежанов атындағы академиялық драма театрында 50 жыл қызмет етіп, түрлі рөлді сомдады. Бала күнінде театрдағы қойылымдарға баратын. Сол кезден өнерге бас иді, актерлыққа, әншілікке бейімделді. Анасы мен әкесінің өнері алты баланың ішіндегі Ляйлаға қана ерекше қоныпты.
Ляйла Насимханова қаладағы жас өнерпаздарды шыңдап, республикалық, халықаралық деңгейдегі үлкен додаларға қатыстырды. Жүлделі орындарды иеленуіне көп еңбек сіңіріп келеді. Сыр өңірінің балалар шығармашылығын дамытуда үлкен еңбек жасады. Жаңа жобасы іске асып, Қазақстан-Қызылорда телеарнасымен бірлесе балалар шығармашылығына арналған дәстүрлі «Бал бала» телевизиялық бағдарламасын ашты. Осы салада 20 жыл қызмет етті. Оған дейін музыка мектебінде сабақ берді.
Дара тұлғаның еңбегі бағаланды. Қаланың мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін түрлі Алғыс хатпен марапатталды. Қызылорда қаласының «Мәдениет майталманы» атағы  тағы бар. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан Мәдениет және Ақпарат минстрлігінің «Құрмет» грамотасы келіп жетті.
Өнер жолы қиын жол. Бірақ жанына, жүрегіне жақын болғандықтан қиындығын сезінген жоқ. Қайта әрбір талантты дайындаған сайын күш-жігер пайда болатын. Әрбір шәкірті дара атанған сайын мақтаныш сезімі кернейді. Еңбектің нәтижесі деген осы болар. Иә, осылайша Сыр елінің өзіндік орындаушылығымен танылған өнер иесі, кәсіби әнші-ұстаз атанды. Қазіргі таңда Дінмұхаммет және Нұрмұхаммед атты екі немересінің тәрбиесіне көңіл бөліп жүр.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
07 наурыз 2020 ж. 233 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (1626)

07 сәуір 2020 ж.

№25 (1626)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 129 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам