Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Келін

Қыз-ғұмыр он сегізге толған соң жаңа өмірге жолдама өздігінен қолына тиеді. Алып ұшқан албырт жастың тағдыры кіммен ағарып, кіммен қараятыны маңдайға басылған мөр секілді кешіп-пішілген дейді. Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді дейміз тағы да. Ия, алақанда аялаған ақ құсының келешек қадамын басқа босағаға беру де ата-анаға жеңіл тимейді. Іштей жылап тұрады, үйренгенше құлақ елеңдеп, ойы алаңдап отырады. Адам болып кетсе екен деп құдайға бір, қызға бір тілек тілейді.
Бақсақ, төрт құбыласы тең ешкім жоқ екен, әйтеуір бір кем дүние кес-кестеп тұрады. Таң атып, күн батқан аралықта тіршілікке алдынып, жақсылыққа жұбанып, қызықшылыққа малданып күй кешетін жаттанды жағдайға кім көнікпеді деңіз.  Мұның қасында келіннің жайы бес батпан секілденеді. Жақсы жерге түссе келін, жаман жерге түссе келсап деген, оны әрбір тағдырдың несібесі шешеді.   
Келінге сын көзбен қарау қазір бәсеке секілді. Әсілі, «Келін олай, келін бұлай» деген сөзіміздің өзі дұрыс емес. Бұл пиғыл құлдық санаға жақын, күң келгендей сипатты сездіреді. Рас, қазақ «балам арам болса да келінім адал болсын» дейді. Дұрыс пікір. Отбасының ішкі түйткілі тұтас келіннің іс-әрекетіне тәуелді шығар, сондықтан қазан-ошаққа ие болатын адам дастарханды демдеп, үйдің тыныс- болмысын арқалайды. Ыдыс пен асты адал қолмен ұстаған келін басағадан береке кіргізеді, ынтымақ қондырады.
Бұл бір жағы. Екінші жағы мүлдем бөлек әңгіме. Қазір ажырасу көп. Есебі бар шығар, бірақ санауға ұятың жетпейді. Жап-жас отбасының екіге айырылғаны бір басты екіге бөлгенмен бірдей. Одан олжалы болып, озып жатқан ешкім жоқ. Қыз ұлды, ұл қызды кінәлайды. Меніңше, шоқпар еркектің шекесіне тию керек. Бұл осалдық! Шоқпарды көтере алмаса белге байлаудың қажеті қанша? Осыдан әлеуметтік мыңдаған мәселе туындап жатыр. Алимент, баспана, тіпті балалы жас ана төркінге де сыймай, далада тентіреп жүр. Ал, әйел мен баланы далаға тастау — ұлттың азабы, келешекке кесір. Әкесіз өскен ұлдың болашағын байқап көріңіз. Қоғамда нәзік, әлжуаз, намысы жоқ жігіттер пайда болды. Ол да кейін бір келіннің обалына қалмасына кім кепіл болады? Қазақ тарихында осындай олқы іс орын алып па еді? Не болып барамыз?..
Тәйірі, түйін ой түйдім. Бақсам, адамды бірінші сергелдең сөз бұзады екен. Сырт адам сыншы ғой, ішке етене енген соң  түйсік тереңге  үңілді. Сөйтсем, сөзге, өсекке өте құмар екенбіз.  Абай айқын айтыпты: «Қазақтың өзінен сөзі ұзын» деп. Қазір қатын қалып, шалы да, баласы да ұзын сонар өсек соғады. Тақырып таусылса, көшеден өткен кісіні келемеждеп отырғаны. Ұят-ақ. Етіміз үйреніп кеткені сонша, қой дейтін адам азайып кетті. Тойда да, аста да айтылатын ой осы. Жыртықтың жамауға күлген жағдайындай жансақ ойға жанымыз үйірсек. Анау Шешенстанда ажырасқан еркекті атып тастайды, көрші өзбекте өсек айтып отырған адамды көресіз бе? Меніңше, бұл  қарны тоқтық, қолы бостық!
Жуырда бір келіннің тағдыры туралы  таныстым. Күйеуі жол апатынан қайтыс болған. Уыздай келін  атасына бауыр басқан баланы қимай қайынжұртта қалды. Әрине, бір қарағанда жақсы дейміз, ал, оның екінші жағына ешкім үңіліп жатқан жоқ. Келіннің келешек өмірі, физиологиялық ауытқушылығы ескерілмейді. Мұсылман мемлекеттерінде марқұм болған жолдасын жыл бойы күттірмей, әмеңгерлікпен басқаға қосу үрдісі бар. Біздің ұлттық салт-санаға селкеу түсіргім жоқ, бірақ  келінді жалғыз қалдырмаудың да жолын қарастырған дұрыс.
Жалпы, әз Тәукенің «Жеті жарғысында» тамаша тармақ болған. Егер ерлі-зайыпты ажырасатын жағдайда бала әкесінде қалады деген. Осыны ойласам, астары кең екен. Бақсам, баласын тастап шеше кете қоймайды. Яғни, татуласып кетуге дәнекер бар. Шіркін, осындай ықпал болса ғой дейсің.
Әскербек Рахымбеков ақынның «жас келінге қаттырақ қарағаны, ширатып бір алайын деген шығар» дейтін өлең жолы бар. Расында, қанша ұнамсыз кейіпкер болса да ене мектебі біле білсең, ширату шеберханасы ғой. Бұл —үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы дейтін ізгі жоба. Бұл орайда бүгінгі келін ертеңгі ене екенін де ұмытпағаны абзал.
Қыз өсіріп отырған қанша отбасы бар, олардың әрбірі қызының келешегіне алаңдайтыны анық. Түптеп келгенде, тәуір жерге барса деген үміт әр жүректен табылады. Осындай ой кеміріп отырып, үйіне түскен келінге ондай ниет танытпайтындар да аз емес. Қызы жатады, келіні күйзеледі. Сонда деймін ғой, біз осы келінге басқаша көзқараспен қарайды екенбіз. Яғни, қызметші, міндетті деген пиғыл басым. Ал, кей отбасыда келіні қайсы, қызы қайсы екенін ажыратып алмайсын. Қандай бақытты келін дейсің сосын. Туасы, келін үйге түсті екен, білмегенін үйрету керек, бірақ келешектің кілті болар ұрпақты әкелетін адамға да аяушылық жасау, қызындай қамқор пейіл таныту тағы керек. Итті қасқыр етуге болмас, бірақ қасқырдан ит  шығару бар. Біз келінге кішкене көңіл бөлсек,  түсінбестігін ақылға жеңдірсек, отбасының мерейі кері кетпейді. Лайым, қыз ұзатып, келін түсірген той көбейе берсін!
Қаныбек ӘБДУОВ
14 наурыз 2020 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (1624)

27 наурыз 2020 ж.

№22 (1623)

21 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 019 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам