Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ит атаулы аз емес, оның бәрі тазы емес

Ит атаулы аз емес, оның бәрі тазы емес

 Қазақ жеті қазынаның біріне тазыны жатқызады. Тұқымын асылға балаған иттің бұл түрі тектен текке солайша бағаланып отырған жоқ. Жүгірген аңның денін жібермейтін оны ата-бабамыз саятшылыққа алып шығатын болған. «Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» дейтін қазақпыз. Ел ішіндегі тазының қадір-қасиетін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ол аз десеңіз, оны жеті қазынаның біріне балап, үлде мен бүлдеге орап, үйде ұстаған.
Тазының ең жүйрігін, аң алғыш, ұшқырын құмай тазы деп атайды. Халқымыз оның ең күштісіне, жүйрігіне «нағыз құмай екен, қанатты құмай екен» деген оймен ерекше қабілеттеріне сүйсінген. Өз бойына біткен ептілік, жылдамдық, әдісқойлық, түлкі-қоянды құйындай соғатын, тіпті арқарға, қасқырға шабатын қасиеттердің бәрі құмайға тән. Құмай тазы өзінің ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен өз аталастарының ішіндегі сырттаны, төресі деп есептелген. Асылы, құмайдың ерекше белгілері күшік кезінен-ақ байқалса керек.
Қала маңында орналасқан Қосшыңырау ауылдық округіндегі Жеңісбекті ауыл жұртының бәрі таниды. Өйткені, қазақтың аңшылық өнерін ардақтап келе жатқан ол кісінің құмай тазысына елдің бәрі қызыға қарайды. Тіпті күшіктерін ауыл тұрғындары таласып алып кетеді екен. Ол тазымен қатар қазақы төбет те ұстайды. Ауылға іздеп бардық. Аңшы мен тазы және төбетті күтіп-баптау жөнінде ой бөлістік.
– Тазы – өте ақылды, талғампаз ит. Лас жерге жатпайды, өлексені жемейді. «Тазы» деген сөздің өзі таза деген сөзден шыққан көрінеді. Басқа иттерден тағы бір ерекшелігі, ол – әмбебап. Мәселен, орыстар аңға шыққанда бес-алты ит ертіп жүреді. Бірі аңды ұстайды, екіншісі інге кіреді, үшіншісі суға түседі. Ал қазақы тазының бойында осы қасиеттің бәрі бар. Орыс пен ағылшынның тазысы аңды көрсе ғана қуады, ал қазақы түрі өзі іздеп жүріп, тауып алады. Өзге иттер секілді ұстаған аңын жарақаттамайды, терісін жыртпайды. Қалай ұстайды, сол күйі иесі келгенше күтіп тұрады. Мықты тазыдан қасқыр да қаймығады. Ол өзге иттер сияқты аталмыш жыртқышпен ашық айқаспайды, ол ит-құстан төнетін қауіпті бөгейді. Көп жағдайда қасқырдың тілерсегін қиып жіберіп, иесі келгенше күтіп тұрады екен. Бұндай оқиғаны әкем талай рет кездестіріпті. Бала кезімде тазының ерекше қасиеттері туралы әңгімелеп беретін еді. Жалпы, оны асырау, аңға шығу қанымызда бар қасиет қой, атқа мініп далалыққа шықсам, сергіп сала беремін. Барлық қиындықты ұмытып, жеңілдеп қаламын, – деді Жеңісбек.
Жеңісбек Сабыржанұлы Қосшыңырау ауылында туған. Осындағы №138 қазақ орта мектебін тәмамдаған. Оның итке деген қызығушылығы бала кезден басталған екен. Содан бері түрлі қазақы төбеттер де асырап келеді. Оның ең бірінші асыраған иті «Рекс». Ол өте ақылды, үлкен болған. Содан бері ол итке ерекше есім қоюды мақсат еткен. Бүгінде ол екі тазы ит асырауда. Олардың есімдері Құмай мен Құтжол тазы. Сонымен қатар Көкжал есімді төбет иті бар.
Қазақ үшін құмай тазының жөні де, жолы да бөлек. Оны дәріптеп, үйіне кіргізген. Қазақ даласын аштық жайлаған қиын күндерде бір тазы бір ауылдың халқын асырағаны туралы аңыз-әңгімелер де жетерлік.
Жеңісбектің айтуынша, қазақы тазының екі түрі бар. Олар – жарғақ құлақты, шашақ құлақты тазы. Қазір аталып жүрген тұқым – таза қанды емес, тазы мен өзге тұқымның будандасуынан пайда болған иттер. Олардың түрі көп. Оның ішінде құмай, ауған, орыс, түркімен деп аталатыны бар. Жүйріктігі, мықтылығы жағынан қазақы түріне тең келері жоқ. Алайда, олардың қадір-қасиетін білмейтіндер қолдағысын кез келген итке ұйықтырып, тұқымын аздыртып жатыр. Оның айтуынша, будандастырылған иттің тұқымы азады, мінезі өзгереді, қаны бұзылады. Сондықтан қазір тазы ұстайтын азаматтар осы іске өте сақтықпен қарайды екен.
Қазақтың құмай тазысы өте тақыр болғандықтан үйде, төсекте, төрде жата бередi. Сыртқа өздiгiнен шығып, өздiгiнен қайтып кiруге әбден дағдыланған. Егер оны сыртқа жатқызуға тура келсе, асты-үстiне қабаттап киiз төселiп, жабылады. Қалайда ол жылы жатуға тиiстi. Қыстың аязды күндерiнде аңға шыққан құмай тазы ат үстiндегi иесiнiң алдына секiрiп шығып қаптал тонның етегiнiң астына кiрiп алып тұмсығын сыртқа шығарып сығалап жатады. Түлкi, қарсақ, қоян көрiнгенде етектiң астынан қарғып шығып, қуалай жөнеледi.

Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.
26 наурыз 2020 ж. 222 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (1626)

07 сәуір 2020 ж.

№25 (1626)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 140 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам