Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өзімшілдік өзгеге кесір болмасын

Өзімшілдік өзгеге кесір болмасын

Кеше Қызылорда қаласы әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы жедел штаб отырысы өтті.
Қазіргі төтенше жағдайға байланысты қала әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топтар тәулік бойы тиісті нұсқаулыққа сәйкес қауіпсіздік шараларын жан-жақты жүргізуде.
Қала әкімі, жедел штаб төрағасы Н.Нәлібаев мобильдік топ мүшелеріне қала аумағындағы қауіпсіздік шараларды одан әрі күшейтуді тапсырды. Қала дәріханаларында бетперде мен залалсыздандыру құралдарының тапшылығын болдырмауды, азық-түлік және халық күнделікті көп тұтынатын тауарлардың бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеуді, сондай-ақ нұсқаулыққа сәйкес қаладағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Әлем елдерін дүрбелеңге салған қауіпті вирустан сақтану мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланғанына да екі аптаға жуықтапты. Ал елдегі жағдай күннен күнге ауру жұқтырғандардың санының артуымен көрініс табуда. Көпшіліктің көңілін күпті еткен індеттің қай уақытта басылары да белгісіз.
«Сақтықта қорлық жоқ» деп, қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Халық көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтары жабылып, сауда орындары мен базардың жұмыс уақыты шектелді. Бұл талап мейрамхана мен кафе иелеріне де қойылған.
«Той десе қу бас домалайды» деп той тойлатып, думандатып жүргенді жақсы көреміз. Бос уақыт тапсақ, анда-мында қыдырғанды жанымыз сүйеді. Әйтеуір үйде отырмаудың амалын табамыз. Төтенше жағдай жарияланғалы бері мекеменің барлығы дерлік қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен. Әшейінде тек кешке бас қосатын жандар енді азаннан кешке дейін үйде. Бала да ата-ана да осы кезде әрең сыйып отырған болар. Десе де, талап бар жерде тәртіп болуы шарт. Бастысы – отбасының амандығы, деннің саулығы. Бірақ...
Қала әкімдігі жанынан құрылған «Жедел штаб» өкілдері өткен аптадан бастап облыс орталығындағы кәсіпкерлік нысандарды, мейрамхана, кафе, басқа да көпшілік орындарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Бұл шара Наурыз мерекесі қарсаңындағы бес күн демалыста да тоқтаған жоқ. Кешкі мезгілде көңіл көтеретін орындар, мейрамханаларға рейд жүргізілді. Өкініштісі сол, елдің амандығынан қара бастың қамын күйттегендер бар болып шықты. Дүние жүзі дүрліккен індетке бей-жай қарап, думандатып жүргендерге жол болсын дедік. Нәтижесінде 21 кәсіп иесіне хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Атап айтқанда, 15 кафенің, 1 мейрамхана мен кальян-бардың, 2 ойын клубының, 1 базар мен отбасылық шара өткізген үй иесі талапты бұзған. Бүгінде оның 14-іне қатысты соттың шешімі шықты. Сөйтіп, 12 кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, 2-еуі 5-7 күн аралығында қамауға алынды. Рейд жұмыстары тоқтаусыз жүзеге асатын болады. Тек кафе есігін ішінен іліп, той тойлап жүрген жандар көңілін көтергенге мәз болмай, жауапкершілікті де сезінсе дейсің. Тағы бір айта кетер жайт, мереке қарсаңында қалада келін түсіріп, қыз ұзатқандардың легі толастаған жоқ. Бірі алып қойған азық-түлігін, бірі белгіленген күнін, шақырылған қонағын тағы басқаны сылтауратып, әйтеуір тойын өткізді. Олардың арасында да жедел штаб өкілдерінің назарына түсіп, айыппұлға іліккендері бар.
Қалай десек те, қазір «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» алаңдайтын қиын кезең. Әлемдегі эпидемиялық жағдай әлеуметтік желілер де кеңінен айтылып жүр. Бір ғана Италия елінің бастан кешкені, халқының бұған дейінгі және кейінгі тіршілігі баршаға аян. Олар да осындай бейқамдықтың салдарынан сан соғып отыр емес пе?

Айдана САЙДУЛЛА


27 наурыз 2020 ж. 388 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (1626)

07 сәуір 2020 ж.

№25 (1626)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 140 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам