Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қарауылтөбе атауы қайдан шыққан?

Қарауылтөбе атауы қайдан шыққан?

Аңыз бен ақиқат
Елімізде Қарауылтөбе деген үш ауыл бар. Мұнан бөлек бұл атаумен аталатын тау, шоқы, сілем кездеседі. Демек, Қарауылтөбе деген сөз құлаққа жат емес, әр өңірдің тарихынан сыр шертеді. Ал, біздің бағыт басқа, қалаға қарасты ауылдық округ. Әйткенмен мұның да ішке бүккен сыры бар. Дүкенбай каналының шығыс бетінде биік төбе көрінеді. Қарауылтөбе дегеніміз осы. Ауылдың аталуы да осыған қатысты.
Аймақтағы Қаратөбе, Келінтөбе, Жалғызтөбе, Балапантөбе, Тектұрмас, Абызтөбе, Ақтөбе секілді Қарауылтөбе де бір төбе, онда жаугершілік заманда төңіректі бақылаушы күзетші отырған. Алда-жалда жау шапса белгі беру орны болды. Кешеге дейін айналасында сүйек шашылып жатты. Оны зерттеуге журналист Мырқы Исаев көп еңбек сіңірді. Басына белгі қойды. Мұның бір себебі мынау: өткен ғасырдың отты отыз жетінің ойранында «халық жауы» дегендер осында әкелініп, олар атылды деген болжам бар. Бүгінде төңірегі зират, бару жолы жабылған. Мал ұстаған кәсіпкерлер қоршау қойып, ескі сүрлеу егесіз қалды.
Мұнан бөлек ауылдың батыс жағында Наурызбай белгісі тұр. Бұл қай Наурызбай, оны ешкім білмейді. Мұны тарихшы-ғалым Бақытжан Ахметбектен сұрастырып көрдік. Ол: «Жаппас руында Наурызбай деген белгілі тұлға болғаны анық. Бірақ оның жерленген жері ол аймақта емес. Алтындар көтерілісіне байланысты көп адам сол маңайда атылды деген болжам бар» деді. Ертеректе халық әртісі Асанәлі Әшімов та сол жерге барып көрген. Бірақ не үшін барды, нені іздестірді, оның да құпиясы өзінде. Естуімізше, бір батырдың сүйегі жатыр дейді-мыс. Ол аңыз ба, ақиқат па, тарихқа терең үңілу керек.
Бұрын ру-ру болып, өз алдына отырған шағын ауылдар бұл төңіректе аз болмапты. Негізінен тарихи деректе Қарауылтөбе елді мекенінің іргетасы 1929 жылы қаланды дейді. Олай дейтіні, 1929-1992 жылдар аралығында Сырдария ауданы бұрыңғы Комсомол ( қазіргі Қызылжарма) ауылдық кеңесінің құрамында болды. Ал, 1992-2005 жылдарда Сырдария ауданы, Абай (Қосшыңырау) совхозының құрамына кірді.  Қарауылтөбе ауылы 1997 жылдан Қызылорда қаласына қарайды. Олай болса тарих терең, келешегі кенен сол Қарауылтөбеге журналистер тобы келді.
Жаңа әкім жұмысты неден бастады?
Сәл шегініс:  Баяғы заманда бір сұлтанның екі құлы бас сауғалап қашқан екен. Әр жерде бір түнеп, ілінген орынға қисая кетеді. Дегенмен оның бірі астына шөп-шалаң төсеп, суықтан қорғанады да, екіншісі ештеңе етпес деп қисая кетеді. Арада көп уақыт өтпей оларға қолға түсті.
Қашып жүріп, өзін күткен кім, күте алмаған кім? – деп сұрайды сұлтан.
Мен өзімді күттім, аз күн болса да адамша демалып, жан тынықтырдым, –депті бірі. Ал, екіншісі: – Қашып-пысқан кісі жанына жайлы орынды қалай ойлайды. Мен бұйырған жерге жата кеттім, –деген екен.
Сұлтан өзін күткен кісіні босатып, екіншісіне «Өз басыңның қадірін білмеген адам, өзгенің қадірін түсінбейді» деп жазалаған екен.
Сол айтпақшы, әкімдік қызметке кездейсоқ келмеген Сейілбек Тайманов өзінің де, өзгенің де қадірін білетін, істің түйінін табатын, елге болсын дейтін идеясы мол азамат екенін бұрыннан білетінбіз. Дәл осы мезетте ол ауыл азаматтарын кәсіпкерлікке бет бұру мәселесін үгіттеп келеді. Екінші аңғарғанымыз – тазалыққа айрықша мән беретіні еді. Ауылдың басты бес көшесіне екі кісіден тазалықшы қойылып, санитарлық жағдайды сақтауға етене кіріскен. Үшіншіден, қоғамдық, ардагерлер кеңесімен ақылдаса отырып, көктемгі дала жұмыстарына баса назар аударыпты. Сондай-ақ идеологиялық бағыттағы шаралар, ауыл өмірінің айшықты көрінісі бейнеленген фотолар ілу жүзеге асқан. Демек, Сейілбек Абзалұлының жүйелі жоспары бары, ауыл үшін аянып қалмайтын азамат екенін ескердік.
Асу бермес асқар жоқ
Әкімдік ғимаратында қоғамдық, ардагерлер және медиация кеңесінің төрағасы Амангелді Досмаханұлы мен оның орынбасары Оразбек Бейісовпен кездестік. Көпті көрген кісілер екен, кеңесіп, талабымыздың түйінін талқылап алдық.
Амангелді аға осы ауылда 45 жылдан бері тұрады. Жүргізуші де болған, кассир, бригадир көмекшісі, мектепте шаруашылық жөніндегі меңгеруші де болған. Талай сыннан сүрінбеген сақа ел ағасы. Ал, Оразбек аға құрылыс, тұрғын үй коммуналдық саласында еңбек еткен іс-тәжірибесі мол кісі.
Бұл ауылдың берекесі артқан, бірлігі жарасқан мерейі бар. Өзге ауылдармен салыстырғанда көш ілгеріміз. Газ, жол, көлік, су, жарық мәселесі шешілген. Халық саны да жыл сайын өсіп келеді. Жаңадан қоныстанушы көбейді. Бүгінде округ тұрғындары 2195 адамды құрады. Өздеріңіз байқағандай, елді мекенде соңғы уақытта салынған үйлердің қарасы артты. Бұл да әлеуметтік жағдайдың жақсару нышаны. Тек жаңа қоныстанған аумаққа инфрақұрылым тарту жайы ғана көңілге түрткі. Әйткенмен аталған аймақта біршама әлектр бағанасы тартылды. Подстанса қойылды. 610 учаскеге арналып скважина қазылып, халыққа биыл таза су беріледі. Осы орайда қалалық, облыстық мәслихат депутаттарының әрбір іске араласып, дұрыс шешім қабылдауына ықпал еткендері үшін ризашылық білдіремін, –дейді Амангелді ақсақал.
Сексенге таянған кісінің ауыл десе бүйрегі бұрып, ауру-сырқауына да қарамайтын қайраттылығы, әділдік үшін ештеңеден тайынбайтын табандылығы, әлеуметтің әл-ауқатына  жанашыр әдебі бізді де бей-жай қалдырмады. Оған жақындай түстік. Айтары да аз емес.
–Қала әкімінің қолдауымен жаңа қонысты қақ жарып, Сары Байсейтов көшесі асфальтталды. Ол – Қызылжарма ауылына апаратын төте жол. Қазір каналға тіреліп тұр. Каналда көпір бар. Ал, арғы бетінде 1,4 шақырым жолға асфальт төселмеген. Осы бітсе халықтың ары-бері қатынауы жеңілдей түсер еді, – дейді Амангелді ақсақал тағы бірде.
Амбулаторияның аясы
Адамның басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ондайда кім болса да дәрігерге көрінуге кеңес береді. Ауылдың амбулаториясын уақытында меценант Ыбырайхан Мұсабаев салып берген екен, енді сол тарлық етіп тұр. Қосымша құрылыс қажет-ақ. Қаладағы №6 емханаға қарайтын амбулаторияда 6 медқызметкер еңбек етеді. Ал, учаскелік дәрігер аптасына екі рет келіп, өз міндетін атқарады.



Ардагерлердің демалыс бөлмесі
Ауылда 180-ге тарта ардагер бар. Олардың басын ортақ мүддеге қосып отыру да үлкен міндет. Шүкір, ауыл әкімінің қолдауымен осы ғимарат ішінен 75 шаршы метр болатын бөлме бөлінді. Бұл бос уақытты тиімді пайдалану үшін өте зор қажеттілік.
–Демалыс бөлмесін жасақтауға және түрлі шара өткізуге қоғамдық ұйымдардан 1,5 млн теңге грант сұрап, бизнес жоба ұсындым. Алайда ол аяқсыз қалды. Енді жобаны 500 мың теңге лайықтап, тағы үміттеніп отырмын. Десекте қол қусырып отырмай, демеушілер арқасында диван, жүгіру аппараты, шахмат тақтасы, теннис үстелі алынды. Шараларға жастарды шақырып, үлкеннен үлгі алуына мән береміз, – дейді Оразбек аға.
Кәсіпкерлер кәсібі

Округ көлемінде 2 ЖШС, 56 жеке кәсіпкер, 17 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив жұмыс істейді. Мемлекет қолдауы арқасында кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер аз емес. Біз соның бірі – «Ғани» ЖК шаруашылығын көруге келдік. Бұл – Ғани Бәйімбетовтың тіршілігі.
Кең қораға келістіріп, мал орнын орналастырған. Жем-шөптің қымбаттауы болмаса кәсіпкер ауыр жұмыстан тартынып тұрған жоқ. Өткен жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 млн теңге несиеге қол жеткізіп, оған 24 бас жылқы, 9 ірі қара мал алған.
Менің негізгі бағытым – бордақылау. Семіз малға сұраныс артатыны өздігінен белгілі. Қазір халықты етпен қамтамасыз етуге бет бұрдым. Мұның пайдасы қыруар болмағанмен отбасы бюджетіне кіріс әкеледі, – дейді ол.
Тәжірибелік алқапта тың тірлік

          Қарауылтөбе ауылының 5 мың гектарға жуық аумағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе алқабы. Бүгінде институт мамандарының жұмысы қызу. Көктемгі егістікке дайындық басталған. Жақын арада егістікке дәнді-дақылдар себіледі. Институттың мақсаты – аймақты элиталық тұқыммен қамту.
          Жалпы көлемі 4900 гектар болатын алқаптың 1500 гектары ғана инженерлік жүйеге келтірілген. Осынша аумаққа ғана тұқым себіледі. Ал, қалған 2000 гектары жайылымдық, 700-і шабындық жер. Ауыл халқының негізгі тірлігі мал шаруашылығы болғандықтан осы екі аумақты жайылымға беріпті.
          Бұл ұжымның төл өнімі саналатын «Әйгерім» мен «Сыр сұлуы» күріш сортын өңір жұртшылығы жақсы біледі. Оған сұраныс та жоқ емес. Әсіресе, «Сыр сұлуына» қызығушы көп. Халық сұранысын ескерген институт мамандары соған басымдық беруді көздеп, былтырғы 30 гектар жерді биыл  он есеге арттырып отыр. Бұйыртса, оның әр гектарынан 50-60 центнерден өнім алу ойда бар. Осылайша, отандық сорттардың өндірісін 80 процентке ұлғайтпақ. Бұл тәжірибе алқабында күріштің «Янтарь», «Лидер», «Маржан» сынды түрі де егіледі. Дегенмен, биыл егін шаруашылығына қолайсыздау болғалы тұр. Мамандар су тапшылығы болады деген болжаммен күріштің көлемін азайтуға мұқтаж. Институт басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Рүстембек Оңдашовтың айтуынша, бұған дейін күрішке бөлінген 630 гектар аумақ 80 гектарға қысқарған. Оның орнына суды аз қажет ететін бидай, мақсары, арпа, сұлы дақылдары егіледі. Одан бөлек  жоңышқаның жаңа сорты түйежоңышқа мен Африка елінде кең тараған жүгеріге ұқсас қант құмай (сорго) дақылы отырғызылмақ. Бір жақсысы, екеуі де топыраққа қолайлы, тұзды өзіне сіңіретін, азоттандыратын қасиетке ие.  Тіпті, соңғысының өндіріске пайдасы зор көрінеді. Суға да тәуелді емес, ылғалды бойында сақтайды, 50 түрлі өнім алуға болады. Қалдығы мал азығына пайдаланылады.
          Қазіргі таңда алқапқа жоңышқа мен бидай бүркемелеп егілген. Бұдан соң уақытына қарай басқа дақылдардың кезегі келеді. Ал, шаруашылықта ауылдың 50 азаматы жұмыспен қамтылған.
Ауылдағы алма бақ

       Алматының алмасы,
      Күннің қызыл түсіндей, – деп басталатын әдемі өлең жолы бар. Ару қала Алматының апорты кезінде талай әнге де, жырға да арқау болған. Енді Қарауылтөбенің алмасы да жанға шипа, ағзаға дәрумен, әңгімемізге өзек болары анық.
          Иә, ауыл қақпасынан өтіп, елдімекенге енетін тұста үлкен алқап жатыр. Жан-жағы қоршауланып, көк терек отырғызылған. Ал, ішіне үңілсеңіз алма жемісінің көшеттері жағалай орналастырылған. Бұл – қаладағы белгілі кәсіпкер, меценат Сейітқали Алшынбаевтың қолға алған шаруасы.
          Қашанда игі істерімен көпшілік назарында жүретін кәсіпкердің бұл кәсібі де қуантарлық іс екен. Баққа  жеміс көшеттері былтыр отырғызылған. Алмадан бастап, өрік, алмұрт, шиені қосқанда жалпы саны 1000 түп ағашқа жанама жүзім егілген. Бүгінде оның 70 проценті жерсінген, жеміс түюге мүмкіндігі бар. Оны күтіп-баптайтын бағбаны, басқа да күтім жасайтын жұмысшылар жүр. Бірі суарып, бірі тал егіп, ендігісі оны жерсіндіруге, жемісті болуына барынша күш салуда. Сәтін салса келер жылы өнімін береді.
          Алма бақтың жеміс ағаштары мұнымен шектелмейді. Әлі де игерілмеген біршама жер бар. Соның барлығы түгел қамтылады. Биыл тағы 1000 түп ағаш отырғызылады екен. Бірақ бұл жолы тек алма ағашының көшеттері әкелінуде. Атына сай болуы керек.
          – Негізі әр көшеттің өзінің отырғызу әдісі болады. Алғашқы жеміс ағаштарының арасы тығыз орналасқан. Әр талды күтіп-баптағанда бағбанға да, талға да қолайлы жағдай болуы керек. Ертең өсіп, өнім бергенде де кедергі болмау керек. Дегенмен басым бөлігі жерсінгесін, қайта отырғызудың жөні жоқ. Бір жағынан тіршілік иесіне де обал. Ауырып қалуы мүмкін. Алдағы уақытта тағы 1000 шақты түп егіледі. Соларды дұрыстап, талапқа сай етіп орналастыратын боламыз, – дейді ауыл шаруашылығы саласының маманы, зейнеткер бағбан Сахитжан Керімов.
          Атадан мал қалғанша, тал қалсын демеуші ма еді бұрынғылар. Келер жылы жеміс ағаштары гүл ашып, өнімін бергенде тіршіліктің жаны, ауылдың сәні кіретінін елестетіп көріңіз. Ең бастысы, ауыл мен қала баласы табиғи таза өнімді тоя жейтін болады.
Мәдениет мәйегі

Қарауылтөбе ауылының бүгінгі бет-бейнесі әлдеқайда өзгерген. Тұрмыс-тіршілігі түзу. Оған мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде орындалуы септігін тигізген. Сан алуан жарқын істер жүзеге асқан. Мұны елдің өмірінен айқын аңғаруға болады. Ауыл әкімдігі, кітапхана, ауылдық клуб бәрі бір мекемеде шоғырланған. Мәдениеттің мәйегі саналатын ауылдық клубқа бас сұққанды жөн көрдік.
Ауыл адамдары өнерден кенде болмайтыны анық. Жергілікті халықтың рухани хал-ахуалын көтеру үшін осы мекеме жұмыс жасайды. Ауылдық клубтың басшысы Ербол Шуменов өнерді сүйетін маман. Ол ауыл таланттарын төрге сүйреп жүр. Әрбір өнерліге бағыт-бағдар береді. Мұнда 5 үйірме жұмыс жасайды. Оған елді мекеннің 62  өнерпазы қамтылып отыр.
  – Таланттар қай кезде де ауылдан шыққан. Үйірме мүшелері шетінен өнерлі. Әр кез түрлі сайыстарға барған сайын жүлдесіз қайтқан емес. Үнемі үмітті ақтап келеді. Түрлі мереке кезінде ауыл өнерпаздарының қатысуымен мәдени шара ұйымдастырылады. Халықпен тығыз байланыстамыз, – дейді Ербол Шуменов.
Сонымен қатар, 2014 жылы «Ақ әже» әжелер ансамблі құрылған. Олар халық және жергілікті сазгерлердің әндерін орындайды. Түрлі шараға қатысады. Ұлттық өнерді паш етіп жүр. Бүгінгі таңда әжелердің орындауындағы әндер көпшілік көңілінен шығуда. Ауыл адамдары ескі өлеңдерді тыңдағысы келеді. Бұл – халықтың сұранысы. Қазір жұртшылық жанды дауысқа, ұлттық өнерге құштар. Алты жыл көлемінде ансамбль халыққа жақсы танылды. Байқауларда өнер көрсетті. Ауылда тұратын ол кісілер сахнаға шығып өнер көрсетуге әбден машықтанған. Ал халық әндерін орындап, ескіні жаңғыртқан өнерден рухани демалуға әбден болады.
Баға жетпес қазына

Кітап оқыған жөн. Өйткені ол – баға жетпес қазына. Ауыл адамдарының кітапханаға келмейтін күні болған емес. Тұрақты оқырмандары бар. Әсіресе, зейнет жасындағы кісілер жаздырып алып, кітап оқуға құмар. Бұл жөнінде кітапханашы Гүлзат Тілесова айтып өтті. Кітапханада 12495 кітап қоры бар. Жыл сайын оқырман қатары артып келеді. Бүгінде тұрақты оқырман саны 799 адамға жеткен.
 – Тұрғындар бір сәт келіп, кітап оқығанды жақсы көреді. Әсіресе, үлкен кісілер. Үйіне апарып беретін де қарттар бар. Қазіргі таңда «жастар кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Осыған келісе алмаймын. Себебі, мұнда бас сұғатын жас көп. Олар көбінесе әдеби кітапқа сұраныс жасайды. Түрлі роман желісін оқығанды ұнатады. Оқырман арасында түрлі сайыс ұйымдастырып тұрамын. Осы кезде Әл-Фарабидің «Ұстаздың оралуы» туындысын оқуды тапсырғанмен. Алдағы уақытта сол кітапты талқылайтын боламыз. Сол кезде кімнің қаншалықты шынайы оқығаны байқалады. Оқырман қызығушылығын осылайша арттырып отырамын, – дейді Гүлзат Тілесова. 
Бүгінде мобильді кітапхана жұмыс жасап тұр. Алдағы уақытта «Коворкинг» орталығын ашу жоспарда бар. Сол жерде түрлі іс-шараны өтуге мүмкіндік болады.
Мұнда оқырман қалауындағы кез келген кітапты тауып беруге мүмкіндік бар. Арнайы тақырыпқа арналған көрме және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай бұрышы» жасақталған.
Мұраты биік білім ордасы

Ауылдағы А.Хангелдин атындағы №179 орта мектеп алыстан менмұндалап тұр. Елді мекендегі еңселі ғимаратқа соқпай кетуге әсте болмас. Оның үстіне білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу біздің мақсатымыз. Қазіргі уақытта оқушылар көктемгі демалысқа шыққан. Сондықтан болар мектеп ішінде тыныштық орнаған. Тек кезекшілікпен жұмыс жасауға мұғалімдер келіпті. Мектеп директоры Асқар Садықов бізді жылы жүзбен қарсы алды. Сырттай білетініміз бар, Асқар педагогтар отбасынан шыққан, текті тұқымның тұяғы. Өз біліктілігін де дәлелдеген дарабоздың бірі. Мектеп директоры лауазымына тағайындалғанша ұстаздық баспалдақта ширатқан тәжірибесі толайым.
Білім ошағы 2011 жылы пайдалануға берілген. Дегенмен, әлі жаңа көрінеді. Мектеп ішіне кіргеннен тазалық байқалады. Ауыл мектебінің қаладағы білім ошағынан еш айырмашылығы жоқ. Өткен жылы үздік 10 мектептің қатарына кірген. Яғни, қала бойынша 54 мектеп болса, соның алдыңға қатарында. Бұл ауыл балалары үшін үлкен мақтаныш. Демек, мектеп басшысы мен мұғалімдері шәкірт үшін жанын салып жұмыс жасап жүр. Оларға толыққанды білім беруге тырысады. Жаңа заман технологиясын игеруде оқ бойы озық келеді. Интернет 10 Мегавайт жұмыс істейді. Биыл  «Алтын белгіге» – 1, үздік аттестатқа– 2 үміткер бар. Шәкірттердің білім сапасы жоғары. Бұл тұрғыда мақтануға тұрарлық. Басшы мен ұстаз еңбегінің нәтижесі осындай көрсеткіштен айқын аңғарылады. 
 –  Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде түлектер таңдаған пән бойынша жоғары балл жинады. Осылайша мектеп абыройын сақтап жүр. Ұстаздар 11-сынып оқушыларының бұл сынаққа дайындалуына үлкен мән береді. Негізгі сабақтардан дайындайды. Қатарынан екі жыл оқушылар үмітті ақтап, «Алтын белгі» иегері танды. Біз осындай жетістіктерге қуанамыз. Мұғалім теккен төр осылай ақталады, – дейді мектеп директоры Асқар Садықов. 
Ал қазіргі жағдайда түлектерді үйден дайындау қолға алынған. Қоғамдағы ахуалға байланысты мектепте қатаң тәртіп орнаған. Ғимаратты күнделікті тазалап, хлорлап жуу жұмысын жасайды. Кезектесіп техникалық қызметкерлер жұмысқа келеді. Себебі, мектепке залалсыздандыру жүргізіп отырады. Сондай-ақ қолды жууға арнайы антисептік құралы қойылған. 
Мектепте бүгінгі таңда 448 оқушы білім алып жүр. Мұндағы ұстаздар өркениетті заманның талап үдесінен шығу жолында әркез талмай еңбек етіп келеді. Айтарымыз, білім ордасының мұраты биік.
Мектеп жанындағы «Нұр-бөбек» шағын орталығында 40 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнда ән, би өнеріне баулиды. Бүлдіршін үшін толықтай жағдай жасақталған. Оларға үш мезгіл ыстық тамақ, бір мезгіл қосымша тамақ беріледі. Өрендер бойынан ертеңгі күнге сенімділік байқалады.
Берекелі отбасының жылуы

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Ал біз жұдырықтай жұмылған азаматтар арқылы ауылды тани түскендейміз. Елді мекенге келгендіктен ауыл ақсақалынан бата алғанды жөн көрдік. Ел ағасы Әлмахан Досмаханұлының үйінен дәм-тұз бұйырды. Отанасы Нәзипа Досмаханова екеуі 10 баланы бағып, қағып өсірген. Үлгі тұтарлық жандар. Батыр ана Нәзипа әжені әңгімеге тарттық.
 – Баланың көп болғаны дұрыс. Санына шектеу қоймау қажет. Алла берсе, несібесімен береді. Көптік етуге болмайды, – дейді әже.
Кезінде қызмет пен бала өсіруді қатар алып жүрген оны еңбек ерте есейітті. Еңбек етуден қашқан кезі болған емес. Жылдар бойы ауылдағы фермада сауыншы болып жұмыс жасаған. Бүгінде 75 жастағы кісі әлі де тың көрінеді. 4 ұл, 6 қызды тәрбиелеп оқытты. Балаларының барлығы отбасын құрған. Әрқайсысы әр сала бойынша маман атанған жайы бар.   Бірі – ұстаз, бірі – құрылысшы, енді бірі – кәсіпкер. Ал үш келіні ауылдағы мектепте мұғалім болып қызмет етеді.  Қазіргі уақытта немеремен қатар 7 шөберенің қолынан су ішіп жүр.
Батыр ана Нәзипа Досмахановадан жас келіндер үлгі алады. Әр жылдарда қалалық «Мерейлі отбасы» және облыстық «Үлгілі отбасы» номинациясын жеңіп алған.  Өзінің өсіп-өнген кезін келіндеріне үнемі өсиет етеді.  
 – «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген.  Келіндеріме, балаларыма тату болыңдар деп айтып отырамын. Отбасында ең бірінші сыйластық қажет, – дейді Нәзипа әже. 
Бұл отбасында әрбір жексенбі – мереке. Балалар мен немерелер қосылып, арқа-жарқа болады. Отасқандарына жарты ғасырдан асса да қиындықты бірге еңсеріп, жұптары жазылмай келе жатқан отбасы бәрімізге үлгі етерлік. Берекелі отбасыдан тек қана жылылықты сезіндік.
Қаныбек Әбдуов,
Айтолқын Айтжанова,
Айдана Сейіл
Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай
27 наурыз 2020 ж. 661 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (1626)

07 сәуір 2020 ж.

№25 (1626)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 145 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам