Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Сұрапыл соғыс қасіреті

Сұрапыл соғыс қасіреті

 Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғанына – биыл 75 жыл. Бұл ұзақ уақыт болып көрінеді. Десе де, дүниені дүр сілкіндірген осынау дүрбелең кезеңнің қиын-қыстау сәттері күні бүгінге дейін көпшіліктің есінде. Сұм соғыстың зардабын милиондаған адам көрді.
Соғыс – жер бетіне аса зор шығынын алып келді. Оны естен шығару әсте мүмкін емес. Адамзат тарихындағы сұрапыл кезеңнің бірі – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына қаншама уақыт өтсе де, ешнәрсе ұмытылмады. Қазіргі бейбітшілік күн бізге оңай келген жоқ. Сұрапыл соғыста ержүрек батырлар, ерліктің сан үлгісін көрсетті. Дегенмен, сұм соғыс қаншама сәбиді балалық шағынан айырды, арқа сүйер өмірлік серіктері мен ата-анасынан көз жазып қалды. Майдан даласында кіндік қаны тамған жерінің бір уыс топырағы бұйырмай, өзге елдің жер бауырын құшқан шейіттер қаншама? Солардың қатарында Сыр өңірінің қос боздағы нағашы атам мен ағасы ағайынды Ысқақ пен Жүніс Смағұловтар бар болатын.
Ел басына күн туған шақта, ердің сыналар сәті осы кез. Отыз жасында Ысқақ атамыз соғысқа аттануға белін бекем буса, інісі Жүніс небәрі 20 жаста еді. Ысқақ Смағұлов соғысқа дейін елге көп еңбек сіңірді. 1911 жылы дүниеге келген атамыз №6 темір жол мектебін бітіргеннен кейін, паровоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс жасаған. Ол 1929 жылы Ашхабадтағы темір жол институтына түсіп, оны бітірген соң, әскер қатарына шақырылған. Қызылорда қаласына аға-лейтенат шенімен оралған Ысқақ 1937 жылы теміржол бөлімшесінде саяси бөлімнің нұсқаушысы, содан кейін парткабинет меңгерушісі, 1938 жылдан бастап ПЧ-7 бойынша орынбасары, бөлімшенің сектор бастығына дейін көтерілген. Соғыстың алапат өрті тұтанған 1942 жылы еңбек майданынан соғыс майданына Отан қорғауға шақырылады. Сол замандағы қоғамның белсендісі, ісіне адал азамат қан майданға өзі сұранады.  Бұл күн анасы Фатима мен жары Ұлболсын үшін қиын күн еді. Ұлболсын мен Ысқақтың осы кезде  5 және 2 жастағы екі қызы болатын. Екі қызын көтеріп алып келіп, жарын соғысқа шығарып салған ол қайтып келерін сезбеген еді. Ана мен әйел жүрегі сыздап қала берді.
Аға-лейтенат Ысқақ Смағұлов 93 атқыштар дивизиясының 266 атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысқан. Ол туған жерді қорғау мақсатында ерен ерлік көрсете білген. Елі үшін жан алысып, жан берісті. Осылайша 1943 жылы 12 ақпанда Смоленскідегі кескілескен ұрыста қаза табады. Оқ пен оттың ортасында қаза болған жауынгердің денесі Тверь облысы, Белый қаласы К.Маркс көшесінде жерленген.
Інісі Жүніс Смағұлов Ақтөбедегі авиаучилищеге оқуға түсіп, ауыр бомбалаушы әскери ұшақтың ұшқышы болған. Ол да сол 1942 жылы соғысқа аттанып, кете барады. Әкесі Ысқақ пен ағасы Жүніс жайында Күләш Смағұлова көп естеліктер жазған. Күләш Ысқаққызының жазбаларында Жүніс 44 гвардиялық Донской бомбалаушы авиадивизиясының құрамында жауға қарсы соғысып, талай шабуылдан аман оралғаны туралы айтылады. Жүніс Смағұлов қанды ұрыста сан мәрте ерлік жасаған ержүрек ұшқыш болған. 1944 жылдың мамыр айында №5/н Совет Одағы Жоғары Кеңесінің указымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған. Оған қоса 1945 жылы көктемде жауынгерлік ерліктері үшін Бас қолбасшы Сталиннің бұйрығымен үш мәрте алғыс жарияланған. Көп ұзамай жеңіске небәрі 14 күн қалғанда 1945 жылдың 22 сәуірінде Берлинге жақын жерді майдан шебінде ол басқарған ұшақ отақа оранып, ержүрек ұшқыш небәрі 24 жасында ерлікпен қаза табады.
  Ұлдарының жолын ана көп күтті. Алайда екі ұлы да сұрапыл соғыстан үйіне оралмады.
Мен нағашы атам мен ағам туралы мәліметтермен танысқан сәтте олардың отбасы үшін бұл соғыс қасірет болғанын сезетінмін. Себебі, ана екі ұлынан көз жазса, екі қыз әке мейірімін сезінбей өсті. Ал Жүніс Ысқақов отбасын құрып, сәби де сүймеген.
Ұлболсын әжем соғыс және одан кейінгі жылдарф тігін фабрикасында жұмыс істеп, екі қызы мен енесі Фатиманы бағып күнелткен екен. «Әкең тірі, елге оралады» – деп өзінің, қыздары Күләш пен Күләннің де үміт отын өшірген емес. «Мүмкін әлі кездесіп қалармыз» деген сенімін жоғалтпай әжеміз дүниеден өтті. Өйткені соғыс аяқталғаннан кейін де біраз уақытқа дейін олардың тірі екені, не өлі екендері белгісіз болып келді. Бертінде Ысқақ пен Жүністің ерліктері мен қайда қаза тапқандары туралы дерек мұрағатан табылып, «Боздақтар» кітабына енгізілді. Содан кейін алыс-жақындағы ағайын-жұртты шақырып, Құран бағыштап, ас бердік. Ендігі біздің парызымыз – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағиданы берік ұстану. Өткені өздері елге оралмаса да аты-жөндері елгі жетіп, рухы жаңғырып тұр.   
Бірін әкесінен, бірін баласынан, бауырынан айырған 1941-1945 жылдардағы сұм соғыстың зардабы ауыр болғанын аға ұрпақ жақсы біледі. Келешекте мұндай алапат соғыс болмасын десек, кейінгі ұрпаққа бейбітшіліктің қадір-қасиетін ардагерлеріміздің өмір жолы арқылы кеңінен ұғындырып отыруымыз қажет. Отанын оттан қорғап, жеңіс деп жанын шүберекке түйген азаматтардың ерліктері еш ұмытылмақ емес. Олардың ұрпаққа үлгі етерліктей ерлігі тарихта өшпестей із қалдырып, халқымыздың жадында мәңгілік сақталады.
Асқар САДЫҚОВ
05 мамыр 2020 ж. 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (1639)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (1638)

19 мамыр 2020 ж.

№36 (1637)

16 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 966 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам