Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Қобыз сарыны

Қобыздың пайда болу тарихын Қорқыт атамен байланыстыруымыз бекер емес болар. «Күй атасы – Қорқыт» деп айдар тағып атайтынымыз сондықтан шығар. Қыл қобыздың үні бірде күңіреніп, бірде қара желдей ысқырып тұрады. Мұны Қорқыт ата кесенесіне барсаңыз байқайсыз. Қуыс шанақ бозінгендей боп боздап, боз даладай құлпырады. Ескі аспапты ежелде жыраулар мен абыздар, ұзандар мен бақсылар қолданған екен. Қорқыт атаның қарағайдан қайырып, үйеңкіден үйіріп алған аспабы дүниежүзіндегі ең кең тараған көне жәдігер. Оның сазды да, мұңды өміршең күйлерді шығарғаны айтылады. Қобыздың нарқобыз, қылқобыз, жезқобыз деген түрлері кездеседі.  Әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.
Атадан балаға мирас болған жәдігерді елімізде қолөнер шеберлері өз қабілетіне қарай жасап шығаруда. Көненің көзіндей қастерлі дүние ғасырдан-ғасырға жалғасып, мәңгілік құндылығын жоймай келеді. Өйткені, олардың туындылары көптің көңілінен шығып, елдің ықыласына бөленуде. Байырғы ата-бабаларымыз темірге тіл, жаңқаға жан бітіріп, шеберліктерін шыңдап отырған. Олардың көптеген қолөнер бұйымы мен тұрмыстық қолданыстағы тұтынған дүниелері алты Алашқа таралып, есімдері ел арасында ардақталды. Халқымызда «Қолынан келген құмға кеме жүзгізеді» деген дуалы сөз бар. Бұл ұшқыр ойы мен шеберлігін ұштастырған ұсталарға айтылса керек-ті.Киелі қобыз аспабын жасаушылардың бірі Бақберген Бекниязов екенін естіп, қолөнершіге хабарласып, ізгі ісінің қыр-сырын сұрап білдік. Қолөнер шебері қойнауынан құт, байлауынан ат кетпеген қасиетті Қармақшы елінің перзенті.
Бақберген Бақтыбайұлы қолөнер бұйымын жасаумен мектеп жасынан бері тұрақты айналысып келеді екен. Мұндай ұсталық өнер оған нағашы атасы Байғарадан дарыған қасиет. Сүтпен сіңген өнерді бойтұмардай қастерлеп жүрген ісмерден ісі жайлы сұрағанымызда ол:- Жалпы біздің қазақ халқы өнердің қай түрінен болса да кенде емес. Ата-бабаларымыз ілгеріде аң терісін илеп, одан түрлі үлгідегі киімдерді пішіп отырған. Қала берді ағаштан ою ойып, темірден түйін түюді де жанына серік еткен. Осындай іскерлік қасиет менің нағашы атамда да болған екен. Ол кісі қара талдан қобыз жасап, оны кешқұрым ауыл балаларына бір мезгіл тартып беріп отыратын болған. Сол кісіден аяқталмай қалған бір қобыз үйде тұратын еді, соған қарап отырып қобыз жасауға деген қызығушылығым оянды. Кейіннен ұсталық өнерге деген құштарлығым артып, осы күні өмірімнің өзегіне айналды. Осы өнермен тұрақты айналысқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Жасаған бұйымдарымды республиканың әр өңірлерінен келіп алып жатады. Арнайы тапсырыспен жасатып жататындар да табылады. Қолданылатын нар қобыздарды жергілікті қарағаш, Сыр талдарынан жасаймын. Оның бояуына жиде қабыршағы мен шеңгелдердің қоңырауларын суға қосып қайнатып жағамын. Табиғи бұйым төзімді болады. Бағаларын 50-60 мың теңгеден қолжетімді бағамен сатылымға шығарамын. Көрнекілікке қоятын сәндік бұйымдарды аз уақытта әзірлеп беремін. Сонымен қатар, ұлттық аспабымыз домбыра мен ат әбзелдерін, қыз жасауы мен бесік, басқа да халыққа қажетті дүниелерді жасап шығарамын. Барлығына уақыт керек. Келешекте шеберханамды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, кеңейтсем деген жоспарым бар. Халықтың талғамы терең, әрбір бұйымды үлкен талғаммен таразылап алады. Еліміз өз алдына егемен ел атанып, дербес мемлекет болғалы өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатар. Бұл тәңіріміз тарту еткен тәуелсіздігіміздің теңдессіз сыйы. Біз ғұндардың ғұрпын, сақтардың салтын сақтаған тегі таза, ойы ұшқыр, арманы асқақ елдің ұрпағымыз. Сондықтан біздің жеткен жетістігімізден бағындырар белестеріміз көп. Сол жолда халықтың ынтымағы қажет. Өйткені, «Бірлік бар жер де тірлік бар» деген сөзді жан-жүрегімізбен ұғынуымыз шарт. Қазіргідей алмағайып уақытта Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деп жұмыс жасасақ Межелеген озық отыз елдің біріне әлі-ақ айналарымыз хақ,- дейді қолөнер шебері.
Ісмердің қолынан шыққан өнер туындылар көптің көңілінен шығып, алғысына бөленуде.  Бұл өлшеусіз еңбек пен төккен тердің жемісі мен жеңісі. Осы орада, Елбасының мына уәлі сөзі еріксіз ойға оралады «Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі сақталады. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар». Иә, осы жарқын жолда ұлттық ұлы құндылықтарымызды ұлы көштен қалдырмай ұрпақ жадында жаңғыртып отырсақ санасы сергек, елі мен жерін сүйіп, құрметтейтін ұлтжанды ұл, қыз тәрбиелей аламыз. Ал, оған жетудің алғышарттары ұлттық бояуы қанық қазақы негізде жатыр. Оған домбыра үні мен қобыздың сарыны сеп болады. Осындай тағылымның табын өшірмей, көненің көшіндей болып келе жатқан мұраларымызды қалай құрметтеп, қалай мадақтасақ та жарасады. Қобыз сарынында көп сыр жатыр. Өйткені рухани жаңғырудың өзегі осында.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
05 мамыр 2020 ж. 146 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (1639)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (1638)

19 мамыр 2020 ж.

№36 (1637)

16 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 966 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам