Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СЫРДАҒЫ СЕНІМДІ СЕРПІН

СЫРДАҒЫ СЕНІМДІ СЕРПІН

 ҒАРЫШТЫ ҚАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

   Кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды. Мемлекет басшысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңыр әуежайынан күтіп алды. Мемлекет басшысы ең алдымен «Байқоңыр» кешені мен ғарышты қаланың даму жоспарымен танысты.
    Елбасы Сыр өңіріне сапарында Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған Байқоңыр кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысына назар аударды. Сондай-ақ, мұнда «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты жүзеге асып жатқан іс-шаралар таныстырылды. Қазіргі кезде кешенді өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағытталған орталық ретінде дамыту көзделуде. Осы бағыттағы «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу назарға алынып отыр. Бұл жаңа бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Бірлескен жоба аясында салынатын кешеннің ұшырылу аймағын Қазақстан дайындаса, зымыранды құрастыру Ресей жағының еншісінде. Осылайша қос тараптың күшімен айлақтың жаңа тынысы ашылмақ. Салынатын жаңа кешеннің алғашқы зымыраны 2022 жылға қарай ұшырылады деп жоспарлануда. Ел ертеңіне бағытталған жобаның жүзеге асырылу жайына зер салған Мемлекет басшысы ғарыштық саланың өрісін кеңейтуге қашанда баса көңіл бөлінетінін жеткізді.
– Ресеймен жасалған келісім аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Бүгінде арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Осыған орай, нақты шаралар қабылдану үстінде, – деді осы орайда Елбасы.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» жобасының аясында Байқоңыр қаласын да жан-жақты дамыту көзделуде. Мемлекет басшысына қаланы дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды. Қазіргі кезде қалада әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Атап айтсақ, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету басты назарға алынып отыр. Мұнда соңғы жылдары бір де бір тұрғын үй бой көтермеген. Ал, бүгінде 5 көп қабатты үйдің құрылысын жүргізуге көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, қала іргесіндегі газды тұрғындар игілігіне жарату шаралары биылдан басталмақ. Алғашқы кезекте 6 нысан әзірленді. Оларды келер айда көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, еліміз өз қамқорлығына алған 6 мектеп пен балабақша да табиғи отынға қол жеткізеді. Сапар барысында Байқоңырдың бүгінгі тыныс-тіршілігін зерделеген Елбасы Байқоңырдың болашағы зор екенін атап өтті. Содан соң, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінде қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Алдағы уақытта жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет, – деді Мемлекет басшысы.


Т
ҮРКІ ЖҰРТЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІ

Елбасының өңірдегі жұмыс сапары одан әрі Қармақшы ауданының аумағында орын тепкен Қорқыт ата мемориалды кешенінде жалғасты. Онда Президент сәулет кешенін аралап, музейдегі тарихи мұралармен танысты.
Түркі жұртының ортақ абызы Қорқыт атаға арналған мәдени орын 1980 жылы салынған. Содан соң 1997 жылы амфитеатр, қонақ үй, тағы басқа нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. Ал, 2014 жылы нысанға қайта жаңғырту жүргізіліп, кешен жаңа кейіпке енді. Осының нәтижесінде мемориал 2,5 метр биіктікке орналастырылып, стелласы 12 метрге ұзартылды. Құрылысқа соңғы үлгідегі материалдар қолданылды. Алдағы уақытта бұл кешен түбі бір түркі халықтарының бас қосатын рухани орталығына айналмақ.
Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ел тарихына қатысты құндылықтарды қайта жаңғырту қажеттіліктері баса айтылды. Оның ішінде тарихи орындарды түгендеп, көпшілікке насихаттау – басты назарда. Тамырлас түркі халықтарына ортақ тұлға – Қорқыт ата мұрасын халық қазынасына айналдырудың маңызы ерекше. Осыған орай аталған бағытта түрлі мәдени шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жақында ғана халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты өнер фестивалі өткізілді. Ол арқылы туыс халықтардың музыкасы байтақ даланы әсем әнмен әуелетіп, қобыз үнімен тербетті
Қорқыт ата мемориалды кешені қазіргі таңда өңірдегі туристік нысандардың қатарына енгізілді. Бүгінде бұл мәдени орынға келушілердің қатары артуда. Әсіресе, елімізде өткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында мемориалды тамашалауға шетелдіктер көптеп келді. Сонымен қатар, мұнда арнайы этноауыл салынып, қазақ мәдениеті жер-жаһанның әр қиырынан келген қонақтарға таныстырылды. Этно ауылдағы қаз-қатар тігілген киіз үйлерден ұлтымыздың қонақжай халық екенін аңғару қиынға соға қоймас. Өйткені, онда мәдени құндылықтар дәріптеліп, өткен жүзжылдықтардан сыр шертілді. Сондай-ақ, мұнда қонақтарға он саусағынан өнер тамған зергерлер түрлі бұйымдар әзірлеп, қыз-келіншектер киіз басу өнерін дәріптеді.
Мемлекет басшысына тарихи орынды аралау барысында кешенде жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде баяндалды. Мұнда салтанатты іс-шаралар өткізетін алаң жасалып, орталық аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған қосымша жол салынған. Монумент маңы абаттандырылып, ерекше кейіпке енген. Сондай-ақ, жан-жағы түрлі-түсті қиыршық тастармен оюланған. Айта кету керек, мұндағы әрбір өрнектің өзіне тән мән-мағынасы бар. Ең бастысы, келген қонақтар бұл жерден түркілік рухты сезініп, көшпелі өмірді көзбен көргендей әсер алуға мүмкіндік зор. Осыған орай келешекте кешенді нағыз туристік орын ретінде дамыту көзделуде.


СӘУЛЕТІ СӘНДІ СОЛ ЖАҒАЛАУ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келесі кезекте Қызылорда қаласына келіп, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы шығыстық үлгіде жаңғыруды көздеген жаңа қала жобасымен танысты. Мемлекет басшысы дарияның екі жағын байланыстыратын жаңа көпір аумағында құрылысшылармен жүздесті. Алдымен «Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева Президентті жаңа шаһардың сызбалық нұсқасымен таныстырды. Одан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін шырайлы шаһар жайлы айтып, жүргізіліп жатқан құрылыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, бұл жерге салынатын ғимараттардың макеті арқылы оның болашақ келбеті көрсетілді.
    Аймақ басшысы қаланың бас жоспарына сәйкес, сол жағалаудың 1532 гектарын игеру көзделіп отырғанын, оның Елордаға қарап бой түзеп келе жатқанын жеткізді. Жалпы, мұндағы аумақ 15 ауданнан құралады. Онда тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк пен бульвар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға белгіленген осы аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Одан кейін түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіліп, сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленді.
Бұл бағыттағы игілікті істер мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген дарияның екі жағалауын байланыстыратын көпірді атап өтуге болады. Биыл да мұндай игі іс өз жалғасын тапты. Ағымдағы жылдың мамыр айында 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. Ал, жобалық құны 742 млн. теңгені құрайтын 320 орындық балабақша «Абу-Сер» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда.
   Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы жүргізілуде. 1925 жылы аталмыш комитет орын тепкен бұрыңғы ғимаратта біздің республикамыздың аты «Қазақ» деп ресми аталған тарихи шешім қабылданған еді. Сол үлгі бойынша салынатын жаңа ғимараттың бір жағы мұражай да, екінші жағы «Рухани жаңғыру» орталығы болады деп жоспарлануда.
Осы жерде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жобалық үлгі мен сызбалық нұсқаны пайдаланып, аталған аймаққа салынатын ғимараттар мен Қызылордадағы өзге де құрылыс жұмыстарына кеңінен тоқталды.
– Жыл басынан бері шаһарда барлығы 230 мың шаршы метр болатын 2971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2014 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Бүгінгі күні соның ішінен 24 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, халық қаражаты есебінен жалпы ауданы 180 мың шаршы метрді құрайтын 1280 жеке тұрғын үй құрылысы салынды, – деді қала басшысы.
Оған қоса Елбасы сол жағалауда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, құрылысшылармен кездесті. Онда «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Иманова сөз сөйлеп, құрылысшылардың атынан ризашылығын білдірді.
– Сіздің сарабдал саясатыңызды ұстанып, еліміздің дамуына жарқын жол ашқаныңыз үшін шексіз ризамыз. Туған елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенетінімізді жеткізгіміз келеді, – деді ол.
Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов Сырдария сол жағалауындағы аумақтан «Болашақ» университетінің қалашығы салынатынын жеткізді.
– Сол жағалауда «Болашақ» университетінің қалашығы бой көтереді. Онда 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасады. Аталған жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда оның қалашығы сол жағалаудың көрікті жерінің біріне айналады. Болашақ – жастардың қолында. Қазір оларға үлкен мүмкіндік жасалуда, – деді ол.
Мемлекет басшысы Астана секілді сол жағалау бөлігін сәулетті аймаққа айналдыруға атсалысып жатқан құрылысшыларға алғыс айтып, табысты болуға жылы лебіз білдірді.
Мұнда құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Келер жылы осы аумақта 100 келушіге арналған емханасымен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 600 орындық мектеп, неке сарайы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 адамға лайықталған емхана құрылысын жүргізу жоспарда бар. Сондай-ақ, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір, қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистральді көше және ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің сол жағалау бойынан автомобиль жолының құрылысы жүргізіледі деп көзделуде.

   
ИНДУСТРИЯНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРЛЫ ӨНДІРІСІ

Одан кейін Мемлекет басшысы Титов қыстағындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытына келді.
Қуаты жылына 197 мың тонна өнім шығаруға жететін зауыт құрылысы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынды. Бастамашысы «Orda Glass LTD» ЖШС болып саналатын жоба құны – 36,7 млрд теңге.
Биыл 15 мамырда Қытай астанасы – Пекин қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумындағы Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass LTD» серіктестігі арасында меморандум жасалды. Ал, 28 шілдеде құрылыс-монтаж шараларын бірлесе атқару жөніндегі келісімге қол қойылғаны белгілі.
Мұнда Елбасы құрылыс нысанындағы қызу тірлік барысымен танысып, аталған индустриялық жобаның болашағы зор екенін жеткізді.
– Қызылордада бұрын-соңды мұндай жоба болған емес. Шыны шығару – индустрияның алдыңғы қатарлы өндірісі. Зауыт іске қосылған жағдайда бұл жерде бір ғана облыстың емес, бүкіл Қазақстанның сұранысына жауап беретін көлемде өнім өндіріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Негізі, зауытты алдағы жылдың шілде айында іске қосу жоспарлануда. «Orda Glass LTD» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаевтың айтуынша, қазір мұнда АҚШ, Финляндия, Қытайдан қажетті жабдықтар жеткізілді. Мамандар металл бөлшектерін құрастырып жатыр. Ресей, Өзбекстан мен Түркия ықтимал өнім пайдаланушылар қатарында саналады. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірге күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арнап өте нәзік шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін жалғастырмақ.


   КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Сонымен қатар, шыны зауыты құрылысының аумағында Мемлекет басшысы жергілікті бизнес қауымдастығының, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен пікір алмасты. «Таң LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев күріш өсіру ісіндегі жаңалықтармен бөлісті.
– Сырбойылық диқандар жаңа тұқымға, заманауи техникаға қол жеткізіп келеді. Біздің басты мақсатымыз – ауылшаруашылығын қайта өңдеу секторына көшіру арқылы өнімімізді экспортқа шығару. Бұған бізде барлық мүмкіндік бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстан мұнай, тұз бен шағын көлемде күріш, балық сыртқа шығарылатын. Соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28 пайызға, балық 8 еседен жоғары көрсеткішке артты, – деді шаруашылық жетекшісі.
Кездесуде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау шараларына тоқталды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша облыста бүгінде пилоттық режимде Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары оқытылуда.
– Жыл соңына дейін алты лекпен 937 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оқытудың 4-легі аяқталып, 667 қызылордалық оқып шықты. «Бастау-Бизнес» жобасы «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша халықты кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. Жобаға ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікпен айналысуға әлеуеті бар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз азаматтар қатыса алады, – деді Ғ.Жақсылықов.
Сондай-ақ, «Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысуға өтінім берушілердің саны басым. Қазірдің өзінде 1452 адам осы жоба бойынша біліктілігін жетілдірген. Негізгі жоспар жыл соңына дейін 800 адамды оқыту болатын. Бүгінде бізде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер орталықтан әртүрлі бағыттар бойынша консалтингтік және ақпараттық қызметтер ала алады. Ал, ісін енді ғана бастаған олар бизнес негіздерін оқып үйренеді. Оған қоса мұнда менеджмент технологиялары, бухгалтерлік есеп жүргізу, қаржы және салық есебі, кедендік рәсімдер туралы кеңес алуға мүмкіндік бар.
Шағын және орта бизнестің дамуы – кез келген ел экономикасының негізі екенін атап өткен Елбасы:
– Аймақ экономикасы көтерілсе, халықтың да жағдайы жақсарып, қоғамның даму қарқыны жоғарылайды, – деді.
 
 
ЕЛБАСЫ ЕСІМІН ҚОЙҒАН ЕРСҰЛТАН

Елбасы Сыр өңіріне жасаған сапары барысында облыс орталығындағы «Арай» спорттық сауықтыру кешеніне ат басын тіреді. Онда ол қызылордалық белсенді жастармен кездесу өткізді. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай мен өзге де спортшылар, белсенділер бар. Сондай-ақ, кездесуге Нұрсұлтан есімін иемденген үздік оқушылар да келді.
Ал, Елбасымен жүздесуде Мәскеудің К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 3 курс студенті Наргиз Кашапова арнайы келіп, ыстық лебізін жеткізді. – Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің Мәскеуден келгеніме бір-екі күн болды. Өзіммен құрбылас жастардың сізге деген сәлемін ала келдім. Олар сіздің жас ұрпаққа артқан сеніміңізді ақтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға дайын, – деді ол. «Жерге орналастыру және кадастр маманы» бойынша білім алып жатқан Наргиз 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қалада осыдан екі жыл бұрын балалар үйі жабылып, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылына айналғанда 11 сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы ол облыс орталығына келіп емтихан қабылдаған Ресей жоғары оқу орындарының сынағына қатысып, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы университеттердің білім грантын жеңіп алған еді. Алайда, жас талапкер Мәскеуді таңдаған. Ресейдегі қызылордалық жастардың ыстық сәлемін жеткізген Наргизге Елбасы оның оқу-білімге деген құштарлығына ризашылығын білдірді.
Соңғы 4 жылда сырбойылық түлектер – Мәскеу мен Санкт-Петербургте Ресей Үкіметінің гранты негізінде білім алуға қол жеткізіп отыр. Бүгінде аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресейдің Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу, К.Тимирязов атындағы Ресей мемлеккеттік аграрлық және Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университеттерінде 500-ден астам студент білімін жетілдіруде. Бұл түлектер болашақта өңірдің ІТ, тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы салаларында жемісті еңбек етпек.
Ал, Елбасымен кездесуге облыстың шалғай ауданы – Аралдан Нұрсұлтан Жақсыгелдиев есімді бүлдіршін де келіпті. Ол өзінің бала арманымен бөлісті. – Мен өскенде сіз сияқты Президент немесе ғарышкер болғым келеді. Өйткені, Президенттің өз тікұшағы бар. Ал, мен әжемді, достарымды және көрші балаларды ұшақпен қыдыртқым келеді. Әсіресе, сіз тұрғызған Астананы көргім келеді. Бәрі сол қаланы мақтайды, – деді 2- сынып оқитын Нұрсұлтан.Кішкентай болса да таудай арманына тілекші болған Елбасы бала Нұрсұлтанның басынан сипап, ата-анасымен бірге Елордаға қыдырып қайтуға шақырды. Ал, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта оқушы Нұрсұлтан мен оның жақындарының Астанаға барып-келуіне жағдай жасайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жиынға осыдан 12 жыл бұрын Арал ауданына сапары кезінде Мемлекет басшысы өзі есімін қойған Ерсұлтан Бақтыбаев та қатысты. 2005 жылдың 27 сәуірінде Аралға сапармен келген Нұрсұлтан Назарбаевқа Қосжар ауылының ақсақалы Бақтыбай Шораев осы күні дүниеге келген немересіне есім қоюға өтініш білдіріпті. Сөйтіп, Елбасы қойған атты арқалап жүрген Ерсұлтан бүгінде мектепте озат оқушылар қатарында.
– Құрметті, Нұрсұлтан ата! 2005 жылы біздің ауылға келгенде «Балама сіздің атыңызды қояйын» деп қолқа салған атама «Нұрсұлтан бар ғой, балаңыз Ерсұлтан болсын» деп менің атымды өзіңіз қойған екенсіз. Мен сіз атаған есімге лайықты болып, еліме қорған болғым келеді. Сізге мың да бір рақмет! – деді қосжарлық балақай. Мұнан бөлек, кездесуде Мемлекет басшысы Сыр спортшыларымен пікір бөлісті. Ал, өз кезегінде Елбасы саңлақтарға байрақты додаларда жеңіс тұғырынан көрінуге тілектестік білдірді. Бұдан кейін Елбасы «Арай» демалыс кешенін аралады. Айта кетейік, облыс орталығында бұл нысан жан-жақты дамыған сапалы қызмет түрін ұсынатын бірден-бір орталық. Осылайша Мемлекет басшысы Сыр өңіріндегі іс-сапарын қорытындылады.


Тілшілер тобы.






06 қазан 2017 ж. 273 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (1445)

12 маусым 2018 ж.

№42 (1444)

09 маусым 2018 ж.

№41 (1443)

05 маусым 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 890 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам