Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Алтын Орда: Кеше мен Бүгін

Алтын Орда: Кеше мен Бүгін

Биыл айбарлы Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы. Жалғыз қазақ емес, бүтін түркі халқы, оның ішінде татарлар да бұл айтулы датаны атаусыз қалдырмауға күш салуда. Тіпті, әлемді жайлаған індет болмағанда көлемді шаралар мен конференция, кітап тұсаукесері жоспарланып, қомақты қаржы да қарастырылған. Барлығына ортақ мүдде – әлемге Алтын Орданың атақ-даңқын дәріптеу және мұрагерлік жөн-жоралғыға иелік ету. Бұл тұрғыда ұлттық ерекшелік пен таным тұтастығын желеу еткен біздің қоғам да қалыс қалмасы белгілі. Себебі, Орта Азия, Еуропа елдерінің өмір-салтын  өзге арнаға бұрған ұлы өркениет қазаққа да жат емес еді.
Алтын Ордаға кім ие?
Біз білетін ақпарда, Шыңғыс хан иелігіндегі жерді төрт ұлына аманаттар сәтте Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне оңтүстік Ресей мен Қазақстан аумағы тиеді. Бату хан – Алтын Орданы, Орда-Ежен – Ақ Орданы билейді. Қазіргідей аймақтық бөлініс пен мемлекеттік құрылым нақтыланбағандықтан, Қазақ жеріндегі қос орданың үлес салмағын дөп басып айту қиын. Әрі талас та толастамаған.
Тартыстың басым бөлігі қазақ-татар арасында өрбиді. Татарлар болса, ұлт атауын негізге алып өздерін мұрагер-өкіліміз деп санаса, қазақтар Алтын Ордаға қатысты дерек келтіреді. Ғалымдар хандықтың негізі Сарыарқада құрылғанын және Орданың бастаушысы Жошы хан Ұлытауда жерленгенін алға тартады. Оған қоса, Жошы ұлысын жеке дара мемлекет деп жариялаған құрылтай Талас жерінде өтуі де қазаққа сенім сыйлайды. Қос ордада Арғын, Қыпшақ, Керей секілді 92 ру-тайпаның халқы тегіс қоныс теуіп, емін-еркін көшуге мүмкіндік алған. Сол тайпалық бірлестіктер арасында ұлысқа тіреу болған түркі руларының көбісі қазақ арасында бүгінге дейін кездеседі. Ұлттың аяулы перзенті Шоқан Уәлиханов та: «Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деп өз естелігінде маңыз беруі де осы дерекке негізделсе керек. Не де болса, Алтын Орданың айбарлы тарихы – ноғай, қазақ, қарақалпақ, өзбек халықтарына ортақ мұра екені сөзсіз.

Жәдігерлер әлемі
Алтын орда дәуіріндегі әдебиет екі ғасырға аралықты қамтиды. Теңдесіз ауыз әдебиеті мен жазба мұралар әлемдік өркениеттің алтын діңгегіне айналып, этникалық құрылымы алуан елдің әдеби жәдігері тың ізденіске жол ашты. Мәселен, Құтб, Хорезми, Сайф Сараи, Әли, Сиди Ахмед, Хұсам Хатиб секілді ақын-жазушылардың, Абу Хайан, Ибн Муханна сынды ғалымдар еңбегі кейінгіге бағдар болды. Ал, «Мұхаббатнама», «Хұсрау мен Шырын» «Гүлстан», «Қисса Жүсіп», «Хұсам Қатиб», «Жұм-жұма» секілді әдеби жауһарлар бәсі биік шығармаға айналып, қазақ фольклорының бастауынан көрінді.
Алтын Орданың аударма саласы да үлкен жетістікке жетті. Діни-азаматтық тақырыпқа арналған көптеген шығармалар араб-парсы тілінен түркі тіліне аударылып, Ислам өркениеті мен әлемдік мәдени байланысты нығайта түсті. Мысалы, Рабғузидің араб, парсы тілінде жазылған әр түрлі шығармалардан іріктеген «Қиссас-ул-Әнбия» еңбегі елдегі діни сауаттың артуына, исламдық наным-сенімнің нығайуына сеп болса, Махмұд ибн Әлидің «Фарадис пейішіне апаратын жол» шығармасы пайғамбар өмірін баяндайтын маңызды мұраға айналды. Тіпті, кейбір деректерде Мұхтар ибн Махмұд аз-Закиди, Махмұд ибн Ахмед ибн Муса сияқты ғалымдардың Алтын Орда астанасы – Сарайда тұрып еңбек еткені, Махмұд ибн Фатшах ас-Сараи, Шехаб-ад-дин ас-Сараи, Махмұд ибн Абдалах Абу-т-Тина ас-Сараи секілді қыпшақтар мәмлүктердің Египетінің орталығы – Каирде ұстаздық қызмет атқарғаны туралы дерек сақталған. Нәтижесінде, Әбу Хайанның «Түркі тілінің түсіндірме кітабы», «Түркі тілі туралы ерекше сыйлы кітап», «Түркі тілдерін үйрететін толық құрал» секілді лингвистикалық құнды еңбектер жарық көріп, Алтын Орда дәуіріндегі әдеби тіл мен көркем үлгі қалыптасты. Соның әсерінен, барлық қыпшақ, оғыз және қазақ әдеби тілі дамып, ғалым, әдебиетшілердің өзара байланыстың орнатуына түрткі болды.
Сонымен қатар, елдегі ғылым-білімнің өркендеу кезеңі Өзбек хан мен оның баласы Жәнібек ханның билік құрған шағында болды деуге негіз бар. Екі аралықта аралықта ислам діні мемлекеттік дін мәртебесіне көтеріліп, қала өркениеті жанданып, философ, ақын, қайраткерлер ел ісіне араласуға мүмкіндік алған. Екі ханның тұсында қала салу, сауда істері қатты дамып, Алтын Орданың атағы әлемге жайылды. Бүгінгі күнгі археологиялық қазба жұмыстарына сүйенсек, ХІV ғасырда Алтын Орда Дунай мен Ертістің арасында мәдениеті дамыған 110-нан аса қаланың іргетасын қалаған. Орда бір шеті Мы­сыр, Үндістан, Қытай, бір шеті Батыс Еуропа елдерімен сауда жасап, керуен жүргізіп, оқу-білім, өнердің дамуына жол ашты.

Алып Құж бен Берке хан
          Алтын Орданың дәуірлеуі Берке хансыз елестету мүмкін емес. Әсіресе, ел аузындағы маңызды дерек – Берке мен Мысыр патшасы Бейбарыс сұлтанның байланысы.
Берке хан ел мүддесі үшін Мәмлүктермен байланыс орнатып, дипломатиялық қатынас орнатуға күш салады. Мысыр патшасы Бейбарыс сұлтан арнайы елші жіберіп, ханды таңдай қақтырған алтын жазулы Құран, піл, тотықұс, маймыл секілді бейтаныс хайуанаттар мен дәмі тіл үйіретін тәтті шәрбәт тарту етеді. Алайда, бізге дейін аңыз болып жеткен – бұл кереметтер емес, Берке ханны мысырлық елшіге қойған сұрағы еді.
Ол Мысыр өкілінен:«Ніл-дарияның үстінде алып адамның жілігі көпір болып тұрғаны рас па?» депсұрайды. Бұл – сол кездегі шығыс халықтарына етене жақын аңыз желісі еді.Әміршінің сұрап отырғаны – аңыздағы кейіпкер алып Құждың сыйрағы. Ескі наным бойынша, жер бетін су басқанда Нұқ кемесінен өзге тірі қалған екі тіршілік иесінің бірі – алып Құж. Өзі зор әрі қырсық-қыңыр болған екен. Алып денесімен жерге құлаған сәтте ортан жілігі Ніл-дарияға көпір болып қалыпты деседі.
Бүгінге дейін әмірші таныс аңыздың тәпсірін хатқа түсіргендер көп болды. Соның ішінде жазушы Мұхтар Мағауинның «Құждың қу жілігі» атты шығармасының баяны ерекше. Автор дереккөзін Владимир Тизенгаузенге сілтеме жасай келе, аңыздың шығу тарихын суреттейді. Әңгімеге тұздық болу үшін үзінді келтірейік:
«...Жер-жиханды топан суы басқанда, Нұқ пайғамбардың Тіршілік кемесінен тысқары тағы да екі жан иесі аман қалған екен. Мұның бірі – Mыстан кемпір, жұлығына су жұқпайды, көлкіген мұхит бетінде қара жердегідей жүре береді. Екіншісі – Құж деген алып, топан тізесіне жетпепті, қалаған жағына қарай еркін жалдап, саяхат кешеді. Ақыр түбі Мыстан кемпір аштан өліпті. Ал Құж қарны ашса, наhан балықты саусақтарымен сүзіп алып, қолын күнге қарай созып, пісіріп жейді, шөлдесе қос алақанын толтырып, тұтас бір көлдің суын ішеді. Күннен күн, айдан ай өтеді. Енді Құждың үнемі су жалдаған сирағы борсып, шіри бастайды. Балтыр еті сыдырылып, қу сүйегі шығады. Осы кезде Нұқтың кемесімен қатарлас келіп қалған екен. Шайқалақтап әрең тұрады. Қастандықпен, тура Тіршілік кемесінің үстіне құламақ ниет танытады. Сол сәтінде Нұқ пайғамбар: “Біздің үстімізге құла! Кемені басып қал!” – деп айқайлапты. Құж ерегесіп, бері емес, ары құлаған екен дейді. Сөйтіп, Нұқ пайғамбардың ғаламдағы барлық тіршілік иесінен тұқым сақтаған ғажайып кемесі пәледен аман құтылады...»
Кеме соңы Қазығұртқа келеді. Солай аңыз бітеді. Алайда мемлекеттік маңызды сәтте ұлы ханның мифке сонша құмартуының нендей сыры бар?  Бірі мұны шығыс елдеріндегі ауыз әдебиеттің көпшілік сипат алуымен түсіндірсе, бірі мәдени байланыс орнату бағытында Берке ханның жасаған саяси әдісі деген болжам айтады. Қалай болғанда да, құдыретті әміршінің өз халқының таным-түсінігіне айналған ауыз әдебиетті қастерлеп, әлемдік өркениеттің жауһарларын үнемі назарда ұстаған көрегенділігін аңғаруға болады.
Бейбарыс сұлтан да Берке ханның ғажайып қайраткер, дарынды стратег екенін ерте аңдап, арақатынасын жақсартуға тырысады. Бұл мақсатта ханның туған қызына үйленіп, өзінің үлкен ұлының атын «Берке» қояды. Арадағы саяси ықпалдың күшейгені сонша Мекке мен Мединеде, Құддыс пен Египет мешіттерінде оқылған жұма намазында Берке ханның есімі аталып, үлкен құрмет көрсетілген. Сондықтан, Берке ханның билігі ұлыс шеңберінде емес, барша шығыс халықтары үшін маңызға ие болды деуге болады. 
P.S. Айбыны асқақтаған Алтын Орданың да дәурені өтті. Орданың байрағы жығылған сәтте, орнына ұлы ұлыстың ізбасарлары саналған Ноғай ордасы, Өзбек, Қазан, Қазақ хандығы секілді жаңа мемлекеттердің құрылуына ықпал етті. Сондықтан, бүгінде Қазақ елін – айбатты хандықтың сарқыншағы, түркі жұрты жалғасы, Жошы ұлысының ізбасары деп нық сеніммен айтуға негіз бар, Бұл – тарих жалғасы, бабалар аманаты.
Ерсін ШАМШАДИН
Сурет ашық дереккөзден алынды
19 мамыр 2020 ж. 110 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (1639)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (1638)

19 мамыр 2020 ж.

№36 (1637)

16 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 966 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам