Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Футболдың фанаты

Футболдың фанаты

Қазақ ежелден өнер мен спорт десе ішкен асын жерге қояды. Қанында тектілігі тулап тұратын қызба халық. Намысын нанға, арын ақшаға айырбастамайтын марғасқа мінезді. Әлемде қаншама спорт түрі болса соның арасында футбол ойынының бәсі биік. Оған қолдау көрсетіп жүретін жанкүйерлердің жайы бір бөлек. Біз бүгін «Қайсар» командасына елу жылдан бері жанкүйер болып жүрген Қоныс Әбікен есімді ақсақалмен жолығып, сұқбат жүргіздік. 
Жалпы жанкүйер болу сол үшін барыңды салып, суығына тоңып, ыстығына күю. Оның ішкі сезімін толық түсіну. Сол үшін уақытыңды сарп етіп, бар ынта-ықыласыңмен қолдау көрсету. Біздің кейіпкер осы жолда өмірінің елу жылын арнаған нағыз шынайы жанкүйер.
– Аға, алғашқы сауалымызды сіздің футболға деген қызығушылығыңыздан бастасақ?
– Жас күнімнен «Қайсар» клубының бірде-бір ойынын мүлт жібермей тамашалап келемін. Сыр спортының айбары мен айдарына айналған команданың алған асулары аз емес. Оның барлығы көзалдымда картинка болып қалып қойған.
– Жанкүйері көп ойын футбол түрі. Еуро клубтарына да жанкүйер бар. Сіз «Қайсар» клубын қай деңгейде бағалайсыз?
– Орташа. Елдос Ахметов, Қуаныш Қалмұратов, Бағдат Қайыров секілді ойыншылардан көп үміт күтемін. Жалпы біздің облыс үздіктер қатарында. Алайда шабылды жетілдіру керек деп есептеймін. Ондағы ойыншылар менің баламдай болып кеткен. Барлығын жақсы танимын. Жарыстың алдында бірге қобалжып, жеңсе қатар қуанамын.
– Клуб құрылғалы жанкүйер екенсіз. Есіңізде қалған қай ойынды айтар едіңіз?
– Өзім талай тартысты ойындардың куәгерімін. Жан алысып, жан беріскен жарыстарда бір отырып, бір тұрып қолдау көрсеткенім ешқашан ұмытылмайды. Алайда былтырғы Қазақстан кубогы жарысын ерекше атап өткім келеді. Қостанайлық «Тобыл» командасымен өткен жартылай финал кездесуі өте әсерлі өтті. Атыраумен өткен финалдың жөні бөлек болды. Бірінші олар гол салды. Сосын ойын барысында есеп теңесті. Арада аз-кем уақыт өткенде қарсылас команданың ойыншысы қолына доп тигізіп алып, 11 мертден айып доп белгіленді. Бар үмітіміз сонда. Енді не болса да қателік жібермей тиімді пайдалану керек. Сол кезде ортаға капитан команда Думан Нәрзілдаев шығып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Гол. Есеп: 2-1. «Қайсар» жеңімпаз атанды. 20 жыл күткен тарихи жеңіс. 1999-2019 «Қайсар» Қазақстан кубогының иегері. Міне, бұл мен үшін де, ел үшін де ерекше ойын, айтулы жеңіс. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын.
 – «Қайсардың» бүгінгі және бұрынғы ойыншыларының арасында қай ойыншының техникалық мүмкіндігін, ойын тәсілін айрықша атап өтесіз?
– Тілеухан Тұрмағанбетов деген ойыншы болды. Ондай сұрмергенді әлі көрмедім. Ол алаңда жасындай жарқырайтын. Уақытында «Қайрат» клубында да сәтті ойындар көрсетті. Сыр елінің де талай мәрте мәртебесін өсірген ойыншы.
– Бапкерлерге бағаңыз?
– Бапкер ойыншыны толық түсініп, тактикасын тиімді пайдалана білетін білікті маман. Бұл тұрғыдан алғанда біздің жолымыз жеңіл. Болгариядан келген бапкер Стоищо Младенов тың тәсілдерімен клубты өрге сүйреп келеді. Қазірде қиыннан қиыстырып, жеңіс әперген сәттері көп. Ойын барысын толық бақылап отырып, шығарған шешімдері жарқын жеңіске жол ашады. Оған талай мәрте куә болғанмын.
– Футболды үйде көрген мен алаңда тамашалағанның айырмасы қандай? «Қайсар» ойынын көруге қалай уақыт табасыз?  
– Қазақта «Қалауын тапсаң қар жанар» деген қанатты сөз бар. Адам қай істі болмасын алдына мақсат етіп қойса соған жету жолда талпынады. Жергілікті жердегі ойындарды жүз пайыз жібермей көремін. Ретін келтіремін. Жұмыста болсам кезекшілігімді ауыстырамын. Сырт алаңда болған кездесулерді интернет арқылы тамашалаймын. Бірақ көз алдыңда ойнағанға не жетсін. Жас кезімде Шымкентке дейін еріп барып, клубтың шашбауын көтеріп қайтатынмын. «Қайсар қайда болса, Қоныс сонда» деген құрдастарымның мақалы да шыққан.
– Тұрақты түрде ойын көретін аға буын өкілдерінен кімдерді атай аласыз? 
– Байырғы бабаларымыз «Қатарың болмаса тойға барма» деген ғой. Өзің шамалас қазыналы қариялармен бірге ойын көрген қандай ғанибет. Бір демалып қайтасың. Жанәбіл, Нұрлыбай, Үсен, Шымберген, Әскер бәріміз бір мезет орталық стадионға барып, өзіміздің командаға қолдау көрсетеміз. Ойын аяқталған соң балаларға батамызды беріп, жеңісімізге, жетістігімізге риясыз көңілмен үйге қайтамыз.
– Спорт болғасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүруі заңды құбылыс. «Қайсар» жеңілген кездерде не істейсіз. Балаларға кейіп, ашуланып мінез көрсеткен кездеріңіз болды ма?
– Әрине, ондай сәттерде орын алып тұрады. Сағым сынып, ренжіп қайтамын. Балаларға ұрсыпта аламын. Келесі ойында міндетті түрде біз жеңеміз деп өзімді іштей қайрап жігерлендіремін.
– Командаға көңіліңіз толама?
– Жақсы ойыншылар қашанда клубтың айбары, абыройы. Аз уақыттың ішінде қызылордалық жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған спортшылар бар. Сондықтан алдымен команда жігіттеріне алғыс айтамын. Қиындықтарға мойынсұнбай бір жанұя мүшелері секілді бір-біріне қолдау көрсетіп, жасыл алаңда барын салады. Олар осы тұрғыдан ризашылығым шексіз.
– Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионның жағдайы жайлы пікіріңіз қандай?
– Орталық стадионның жағдайы қалыпты. Қазақ жастарының жетекшісі атанған жерлесіміздің атындағы стадион заман талабына сай жаңғырып, жасарып келеді. Қызылордаға келген командалардың барлығы осында ойын өткізеді. Спортшылардың алаңда алаңсыз ойын ойнауы үшін жағдай жасалғаны дұрыс деп ойлаймын.
– «Қайсар» клубының болашағын қалай елестетесіз? Осы жайында ойыңыз қандай?
– Былтыр команда Қазақстан кубогын жеңіп алғаны үлкен нәтиже. Ойыншылардың жеңісі көңіл қуантады. Сыр елі – қазақ футболына көптеген спортшылар сыйлаған өңір. Әрбір жеңістің артында өлшеусіз еңбек тұрады. Бұл маусым алдындағы оқу жаттығудың теңдесіз жемісі. Қаншама жолдастық кездесулер ұйымдастырылып, шеберліктері шыңдалып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мұнда бапкерлердің де қолтаңбасы бар. Біздің клубтың болашағы жарқын екеніне сенімім кәміл. Алда үлкен жеңістер күтіп тұр.
– Қызылордалық жанкүйерлерге және оқырмандарға лебізіңізді білдірсеңіз.
– «Қайсар» халықтың командасы. Олар әлі талай жанкүйерлерін қуантатын болады. Бастысы сенім керек. Әрбір ойын сайын тақым қысып, тілеулес болып отырамын. Жасым жетпістен асты. Менің ендігі арманым елімнің тыныштығы мен берекесі. Әлемді әбігерге салған дерт көңілімізге кірбің ұялатты. Халқымызда «Аман ердің аты шығар» деген уәлі сөз бар. Алаш баласының айы оңынан туа берсін.
– Әмин! Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ. 
19 мамыр 2020 ж. 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (1640)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (1639)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (1638)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 990 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам