Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жұлдызды сәт күй таңдамайды

Жұлдызды сәт күй таңдамайды

Қырық  жасқа келгенде қыранның тұяғы тым ұзын боп, иірленіп, жұмсарып кетеді. Мұндай тұяқпен жемтігін ұстай алмайды. Тұмсығы да ұзарып, қатты майысып қалады. Түк жей алмай қиналады. Кеудесі мен қанатындағы қауырсыны қалыңдап, денесі ауырлайды. Ұшуға дәрмені жетпейді. Енді ол не өледі, не ұзақ уақыт түлеу кезеңін бастан кешеді. Ол жүз елу күнге созылады. Қыран шың басындағы ұясына қонып, шамасы жеткенше тұмсығын тасқа соғып, тарсылдатады. Тұмсығы түскенше, тағат таппайды. Сосын жаңа тұмсық шыққанша күтеді. Одан әрі иір тұяғын жұлады. Жаңа тұяғы өсіп шыққанда, кеудесі мен қанатындағы қауырсынын жұлады. Бес ай бойы жаны қиналып, азаптанып, түлейді. Осы азаптан соң қыран тағы отыз жыл өмір сүреді.
Адам да қыран тектес өмір сүру үшін өзгеруге тиісті болатын кезді бастан кешеді. Іштей түлеген адам қорқыныш, үрей, күмән мен күдіктен арылып, естеліктен құтылып, ескі әдеттен бас тартып, өткен өмірдің салтынан өзін ажыратып, жаңа өмірге қадам басады. Тек бұрынғы күндердің мойныңа артқан ауыр жүгінен құтылғанда ғана бүгіннің тамашасын көреміз, келешектің ғажабын сезуге жол ашамыз
Осы тұрғыдан келгенде әлемді шарпыған дертке байланысты жарияланған карантин қайталанбас  өнер туындысы өмірге келіп, адамзат  күтпеген сый болуы әбден мүмкін. Өткен тарих беттеріне көз салсақ, осындай үйқамақтың пайдасы болғаны айтылады.  Мәселен 1606 жылы жазда Лондонда оба эпидемиясы басталған екен. Қауіпті дерт халықтың 10 пайызын қамтып, жедел шектеу арқасында тоқтатылыпты. Кез-келген ойын-сауық шарасына тыйым салынып, тіпті театр жабылған.  Бұл тосын қадам театр қожайыны Шекспирді қаржы дағдарысына әкеледі. Алайда драматургия үшін осы қиын сәт шығармашылық шарықтау кезеңі болып тарихта қалған. Себебі тетрдың репертуары бүгінде әлемдік кеңістіктің үздік қойылымы саналатын «Король Лир», «Макбет», «Антоний мен Клеопатра» туындысымен алтын қорға енді. Бұл үздік шығармалар атақты композитордың санасында  мүлгіген карантин кезінде оянып, жарық көрген. Ал 1665-1666 жылғы Лондондағы  обаға қатысты  карантин кезінде Кембридж университетінің 23 жастағы студенті Исаак Ньютон Кембриджден 100 шақырым жердегі отбасын барып паналаған. Жас ғалым осы уақытта 45 мәселенің тізімін жасап алып, бүкіләлемдік тартылыс теориясын ойлап тапқан.
Міне, қараңызшы қиындықтан да адам баласы жаңалық пен тапқырлық ойлап табуға  қабілетті.  Бос уақытта кейбіреу көркем шығармалар оқып, білімін толықтырса, енді бірі ән жазып, күйсандықтан ғажап әуен шығаруда.  Түрлі ас мәзірін дайындап, желіге жүктеушілер де көп.  Жер кіндігіне желімдей жабысып, ауласына гүл отырғызып, егін егіп, көңіл сарайын гүлдендіруге де қолайлы сәт туды. Түрлі онлайн сайыс, турнир, концерт өтуде. Бұрынғы бойында бар ұсташылық пен қолөнерді дамытқандар да жетерлік.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын біздің жерлесіміз Гүлшара Алтынсариева бос уақытында 3Д форматта қабырғаны әшекеймен безендіріп, түрлі суреттер салады. Өнер деп осыны айт. Қазіргі заманауи маман десе болғандай. Талантты өнер иесі гүл дестелерімен, түрлі-түсті табиғат көрінісінің таңғажайыптарымен үй қабырғасын безендіреді.  Кешегі төтенше жағдай кезінде де Гүлшараның ермегі өзі құпиясын көңілге тоқыған сан сырлы бояумен нақышына келтіріп сурет салу болды.  Бұл өнер оған әкесі Жақсыбай Алтынсариевтен дарыған.  Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылының тумасы Гүлшара Жақсыбайқызы Алматы қаласындағы Н. В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, Абай атындағы мемлекеттік университетті бітірген.  Шығармашылық еңбегі  жоғары бағаланып, бірнеше Алғыс, мақтау қағазымен марапатталған. Бүгінде ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Оқушылар сарайында бейнелеу өнерінен дәріс беріп келеді. Қосымша Елордадағы оқу орындарында талантты жастарды қанатының астына алып, сурет өнеріне үйретуден жалыққан емес. Өзі баулыған шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық шығармашылық сайыстарға қатысып, үздіктер қатарынан көрінуде. 
Карантин кезінде зерігуге уақыт болмады. Өнер әлемінің сырлы бояу құпиясына қаныққан адам уақыт таңдамайды. Мәселен, маған тамаша идеялар осы уақытта келуде. Шәкірттеріме үйретер керемет дүниелер жасап жатырмын. Жұлдызды сәт десе де болғандай. Шығармашылық адамы қанаты талмайтын құс секілді. Оған осындай еркіндік ауадай қажет кездер болады, – дейді Гүлшара.
Шынында, әлемді жайлаған індеттің кезінде де ұлы туындылар өмірге келіп жатса таңғалмайтын болдық.  Өмір ақ пен қарадан тұрады деген бәлки, осы болар.
 
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
23 мамыр 2020 ж. 441 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (1640)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (1639)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (1638)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 987 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам