Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Олимп шыңының олжасы (очерк)

Олимп шыңының олжасы (очерк)


Сабалақта көз алдымда өскен сары бала еді, кейін Тасбөгетке көшіп, бүгін қарасам бойшаң жігіт болыпты. Баяғы ұяң болмысы өзгерген, сөзі нық, ойы ашық. Екеуміз редакцияда кездестік, еркін әңгіме құрып отырмыз. Әсерлі әңгіме түрлі тақырыпты шалады. Балалықтан болашаққа дейінгі баспалдақ-белес қамтылған сияқты. Оны оқу барысында білесіз.
Туасы, бұл жігіт кім? Қызылорда жұрты әлі жақын танымаған қандай спортшы? Ел намысын көтерген ерді елеп-екшеуден жергілікті БАҚ неге бейтарап? Мәселенің негізгі түйіні осында жатыр.
Ол – анау-мынау емес, тұңғыш рет каноэ есуден Қазақстанның қоржынына Олимпиада алтынын салған бірінші саңлақ еді. Ол – Қызылорданың төл перзенті, 2018 жылғы жастар арасындағы Олимпиада чемпионы Диас Бахраддин болатын. Жақында он сегізге толды. Енді ересектер арасында сынға түсетін шағы. Ең бастысы, Токио олимпиадасына жолдама алу жолында түрлі жарысқа түскен тарлан. Осындай қайсар ұл сыйлаған қасиетті Сыр топырағы текті ғой, біз ол туралы очерк жазуға бекіндік.

Каноэ бізге қалай келді?
Өте кенже қалған бұл спорт түрі Сыр бойында 2013 жылы қолға алынды. О баста Африка жақтан шыққан қайықтың шағын түрі ғой, сол спортқа енді. Аймақта оны дамытуға ден қойылды. Жалпы, каноэ бір тізерлеп есу, байдарка отырып есу шартымен бір-бірінен бөлінеді. Енді осы жерден бастап Диастың өзі сөйлесін.
«№176 орта мектептің бесінші сыныбын­да оқитын кезім. Сыныпқа келген қонақтар каноэ спортына қатысуға шақырды. Ойымда ештеңе жоқ, атын естімеген спортты бассейнде жүзу деп ұқтым да «барамын» дедім. Олар құп алды. Не керек, барып едім, қолды шынықтыруға салды да қойды. Қара терге түстім, іштей келгеніме өкініп тұрмын. Екінші аяқ баспайтындай күйдемін. Онан да достарыммен бірге Шіркейлі каналынан балық аулағаным дұрыс еді деймін. Қысқасы көңілдегі қызығушылығым сап басылды. Анам Гүлімхан таңертең: «Балам, жаттығудан қалма» дейді де жұмысқа кетеді. Мен кеткен бойда ұйқыға тағы берілемін. Сөйтіп жүргенде мені командадан шығарып жіберді. Бұған бой бермей әкем Нұрлан: «Сен тұрақты дайындалсаң олимпиада чемпионы боласың. Тек спорт жалқаулықты сүймейді» деп ақылын айтты. Бұл ақылға тоқтап, жаттығуды жалғастырдым. Алайда арасында сол жалқаулық кенедей жабысып тұрды. Бірде Ташкентте жарыс өтетін болып, команда іріктелді. Мен шеттеп қалдым. Бәлкім, сәттілік пе, бір бала аяқ астынан ауырып қалды да орнына амалсыз мені алды. Үйден ұзап шықпаған балаға Өзбекстанды көру бақыт болатын. Бірақ жарыстан бірде-бір медаль ұтқаным жоқ. Қасымдағыларға қос-қос медальдан бұйырды. Іштей намыстанып та, қызғанып та тұрмын. Содан «Көр де тұр, мен де осындай чемпион боламын» дедім өзімді қажап.
Табысы жоқ төрт жыл
– Аға, сенесіз бе, табыссыз төрт жыл өтті. Бір­де-бір медаль мойныма тағылмады. Өзіме-өзім ренжулімін. Бұлай болмайды, мен әкемнің сөзін аяқасты еттім дедім де жаттығуды күшейттім. Негізі адамға тек күш емес, рух керек екен. Сол рух мықты болса алынбайтын қамал жоқ. Мен соған сенемін.
Бағым шығар, Словакияда халықаралық тур­нир өтетін болып, іріктеуден сүрінбей қатарға қосылдым. Әлемнің мықтылары жиналған жарыста үшінші орынды жеңіп алдым. Жүрегім жарыла жаздады. Бірінші олжам! Менің жеңісім осылай басталды.

Чемпион қайдан шығады?
Менің білетінім, даңқты спортшылардың көпші­лігі қарапайым отбасыдан шыққан. Тоқшылықтан төрге озғаны шамалы. Тұрмыс тауқыметі, әлеу­меттік әл-ауқат намысты қозғайды, содан рухы күшейеді.
Диас – өте қарапайым әке-шешенің баласы. Әкесі Нұрлан Бахриддин жұмысшы болатын. Бірақ қолы алтын шебер-тұғын. Сабалақтан үлкен үй тұрғызды. Ал, анасы Гүлімхан Әбенова – аспаз. Үнемі күлімдеп тұратын, жүзі жылы біртоға жан. Бір қыз, бір ұлды өмірге әкелген ана.
Өмірдің қатал сыны шығар, әкесін ауру ай­налдырды да ақыры жарық дүниемен ерте қоштасты. Дәл осы кезде Диас Ташкентте жаттығуда еді. Анасы сабыр сақтап, қайғылы оқиғаны жеткізуге асықпады. Баланың тағдырын ойлады. Сырт жерде жүріп әлденеге ұрынып қалар деп уайымдады. Ал, Диастың өзі не дейді?
– Аға, менің жүрегім сезді. Көңіл күйім бол­мады. Үйде бір жайсыз жағдайдың болғанын теле­фондағы әңгімеден ұғып қойдым. Сонда көзіме ерік беріп, ұзақ жылаған едім. Әкенің орны қашанда биік ғой, оны мәңгілікке жоғалтып алу қандай ауыр екенін білсеңіз ғой. Сол жерде ішімде қатты толқыныс пен табандылық тұрды. «Әке, әлі-ақ атыңды әлемге шығарамын» дегенмін.


Жаттығу, тағы жаттығу
– Менде шегінетін жер қалмады. Арманым – асқақ, мақсатым – чемпиондық меже! Сол үшін ештеңеден де бас тартпау керек. Күні бойы тер төк десе де дайынмын. Мен үшін жаттығу және жаттығу.
Қыс айында жаттығу Ташкентте жасалады. Күніне 40 шақырым аралықта жаттығамыз. Суықтан саусақ бірікпей, шаш пен қас қырауланып кетеді. Соған қарамастан жаттығу тоқтамайды. Бір жағынан шыдам керек. Осындай қиындықты жеңбей жеңіске жету мүмкін емесін білемін. Спортқа сол үшін келгенімді, жетістік болмаса несіне шұғылданып жүргенімді іштей саралаймын. Жасыратыны жоқ, каноэ есуден Қазақстанда бірде-бір олимпиада чемпионы болмағаны тағы бар. Сонан соң өзімді еңбектен қашпа деп қамшылаймын, – дейді Диас.

Лицензиялық  турнир
Қазақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демей ме, оның бабы да, бағы да келген шағы енді басталды. Қазақстан чемпионатын жеңіп, олимпиадалық лицензиялық турнир үшін Барселонаға барудың мүмкіндігі тиді. Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін дарабоз осында жиналды. Қас қылғанда бұлар пластикалық қайықпен шұғылданса, мұнда «нело» қайығын қосатын болды. Қысқа уақытта бұған үйреніп алу қиынға соқты. Оның үстіне біздегі канал тектес су арнасы толқынды келеді екен. Қайықты ары-бері теңселтіп, алға жылжуға мұрша берер емес. Енді қайтпек? Мүмкіндік бір-ақ рет беріледі, екінші ол бола ма, болмай ма, бір құдай біледі.
Диас күн мен түн демей қайықтан түспейді, ащы терге малынып, еңбекті еселеді. Жарыс өтетін күні сәйгүліктей суырылып шықты. Ескекті құлаштап лақтырып, суды сорпадай сапырып келеді. Кенет межеге жеткенде қарсыластарынан оқ бойы озып келгенін білді. Міне, лицензияны ұтты! Бапкері Диана Үдербаева мен Мұхиддин Мейірбековтің қуанышында шек жоқ. Бұл Қызылорда үшін де, Қазақстан үшін де бірінші бұйырған жүлде еді.
Олимп олжасы
Аргентинаның Буэнос Айрес қаласында өтіп жатқан квалификациялық  раундтан кейін Диастың нәтижесі екінші орынға тұрақтады. Әзірге тәуекел. Қазақ жігітінің сыр бермей, салқынқандылық танытқаны өзгені ойлантып тастағандай. Бұл оның мысы болатын. Қарсыластары ала көзбен атып қояды, ал, Диас оларға мән де бермеді. Ол кезекті қарсыласы украиндық Тарас Кузыкты таза жеңді. Көрермен, жанкүйер алқалап, арқасынан қақты. Ал, жартылай финалда Венгрия елінің өкілі Балаз Палланы баса озды. Есеп көрсеткендей, Диас 1:54.66, Балаз 1:57.04 уақыт. Алда финал!
Нағыз сын сағат енді туды. Өйткені финалға досы, Өзбекстанда талай бірге жаттыққан ферғаналық Исломжон Абдусаломов тап келді. Ол да оңай шағылатын жаңғақ емес. «Ескі жау атыспаққа жақсы» дегеннің кері. Диас тықыршып тұр, тезірек жарысқа түскісі келеді. Қобалжу дегенді мүлдем ұмытты, өзіне сенімді секілді.
Бұл жерде қайық та тұлпар секілді көлік. Қамшыласаң жылдамдатып, тізгіннен қапы қалсаң топтан шығасың. Енді қамшылайтын кез келді. Әп дегеннен алға шыққан Диас қимылды ширақ ұстады. Межеге жеткенше бәсеңсімеу керек. Ол солай жасады да. Уақыты 1:54.66. Исломжоннан тұп-тура бір секунд жоғары тұр. «Жарайсың, сен чемпионсың! Олимп шыңын олжаладың!» Бәрі құшақтап, құттықтап жатыр. Осы жарыста жерлесі Стелла Сухановаға  қола жүлде бұйырды. Ең бастысы, Тәуелсіз Қазақстанның туын көтеріп, Әнұраны шырқалды. Жүректің тұсына оң қолын қойған Диас Бахриддин көзін көк аспанға тігіп, жанардан бір тамшы жасты сығып алды. «Әке, сіздің аманатыңыз орындалды. Мен чемпионмын!» деп іштей сан мәрте қайталады.
Секунд –
бір қайықтың бойы
– Аға, сіздер ойлайтын шығарсыздар, секунд ештеңе емес деп. Бұл қате ұғым. Біз мұны бір қайықтың бойы дейміз. Яғни бес жарым метр деген сөз. Олимпиада үшін секунд үлкен жетістік. Бәлкім, күш-қуатыма сеніңкіремей секем алды ма, менен осы жарыста үш мәрте допингке қарсы сараптама алды. Күдікті ештеңе таппады. Сосын тексеруді тоқтатты.
Жалпы су айдындары да әртүрлі болады. Кей көлдің суы ауыр болады. Ол таяздықтан ба, әлде тұздылығынан ба, білмедім. Мұндай суда жүзу қиынға соғады.
Ең үлкен қуаныш туған жерге келгенде басталды. Ел құрметпен қарсы алды. Сол кездегі облыс басшысы Қ.Көшербаев қабылдап, КБИ шағын ауданынан екі бөлмелі пәтер сыйлады. Ол кісі каноэ есуден Қазақстандағы бірінші алтын медаль екенін мақтанышпен атады.
Диас қазір қайда жүр?
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Диас Бахриддин Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалықрезервінің республикалық ма­мандандырылған мектеп-интернат колледжінің бірінші курсын аяқтады. Оған арнайы стипендия тағайындалған. Жаз айында Қазақстан чем­пионаты мен кубогы жарысы өтеді. Төтенше жағдайға байланысты жарыстар кейінге шегерілді. Ал, Азия чемпионаты Самарқанда өткізілетін болады. Нақты уақыты әлі белгіленген жоқ. Осы Азия чемпионатында Токио олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады. Ендігі үміт осында. Сол үшін Диас ұдайы жаттығуда.
– Қаныбек аға, спорт менің серігім. Онымен өстім, өмір көрдім, ел-жер таныдым. Әсіресе, денсаулық үшін пайдасы орасан. Қазір облыста отызға тарта ұл-қыз каноэ, байдарка спортымен айналысады. Олардың қатарын көбейту үшін бала кезден спортқа тартуды қолға алса құба-құп еді, – деді ол сөз арасында.
Біз әңгімелесіп болып, қоштасуға бекіндік. Сол сәтте оған соңғы сұрағымды қойдым: «Диас, алдағы жарыстар әлі талай бағыңды ашар. Сондағы жеңісті кім арнайсың?» дедім. Ол ойланбастан: «Әкемнің әруағына» деді күлімдеп.
Қаныбек ӘБДУОВ
13 маусым 2020 ж. 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

№49 (1650)

30 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 601 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам