Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Індет пен міндет

Індет пен міндет


Коронавирус індетінің құрығы күн өткен сайын ұзарып барады. Соған қарамастан көшелерде тұрғындардың әлі де қараң-құраң бейсауыт жүрісі, шағын той-томалақтар азаймай тұр. Тіпті, өзара тиісті ара қашықтықты қатаң сақтау, үйден шықпау, бетперде кию сынды қарапайым талаптар да ескерусіз қалуда. Әсіресе, қазақшылық тереңнен тамыр тартып, ауылы аралас, қойы қоралас Сыр жұртшылығы үшін мұндай талап-тілектің орындалуы аздап қиынға соғып жатқандай. Десе де, денінің саулығы әркімнің өзіне олжа емес пе?
Тұрғындардың осындай немқұрайдылығының салдарынан соңғы уақытта өңірде індеттің қармағына ілінгендер санының күрт өсу дерегі байқалған. Ресми дереккөздерге сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуы соңғы бір апта ішінде 7 проценттен асқан. Облыстағы эпидемиялық ахуалдың осылайша күрделенуі алаңдаушылық туғызып, бүгінде аймақ басшылығы тарапынан жедел іс-шаралар жүзеге асырылуда. Осыған орай індеттің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №15 қаулысы жарық көрді. Аталмыш қаулы бойынша меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс жасап тұрған және кезең-кезеңімен іске қосылған салалар мен нысандар ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-дезинфекциялық ере¬желер алгоритмдерін басшылыққа алып жұмыс жүргізуі міндеттелген. Сондай-ақ, бірнеше шектеу және карантиндік шараларға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, көпшілік іс-шараларды, ұжымдық барлық жиынды өткізуге, кезекші топтарын қоспағанда, меншік нысанына қарамастан барлық балабақшаның жұмысына, мешіттерде жұма намазды, діни үйлерде дәстүрлік шаралар ұйымдастыруға тыйым салынды. Ал, шектеу шараларынан кезең-кезеңмен жеңілдету кезінде жұмысты қайта бастаған салалар мен нысандардың тізбесін қоспағанда, меншік нысанына қарамастан барлық балаға арналған жазғы тынығу, сауықтыру және мектеп жанындағы күндізгі лагерьлердің, тәуліктік пәтер мен үйлерді жалға беру және алу, үй-жайлардағы балалар ойын алаңдарының, кинотеатр, түнгі клуб, оқушы және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясына да шектеу қойылды. Мұндай карантиндік талап-тардың жіті орындалуы өз кезегінде аймақтағы эпидемиялық ахуалдың тұрақталуына ықпал етпек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бүгінге дейін аймақта коронавирус инфекциясымен симптомды нау-қастардың жалпы саны – 537, ал симптомсыз – 208 азаматты құраған. Ал, соңғы тәуліктерде 17 дерек анықталған. Өңірлік коммуника-циялар қызметі алаңында өткен брифингте басқарма басшысы Жақсылық Абдусаметовтің айтуынша, симптомды жаңа жағдайдың 5-еуі емхананың скринингінен, 2-еуі ақылы сынама тапсырған болса, ал 12-і симптомсыз, оның 5-еуі індет жұқтырған азаматпен байланысқан. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар саны 6 мыңнан асты. Осы көрсеткішті алға тартқан сала мамандары қала тұрғындарынан вирустың жұғу мүмкіндігі қарым-қатынас арқылы белең алып отырғандығын ескертіп, барынша оқшау жүруді назарға салады. Сондай-ақ, қазіргі таңда ауру белгісін тек қана полимеразды тізбекті реакция тестпен дәлелденген жағдайында ғана індетті ауыздықтау мүмкіндігі жоғары екенін жеткізіп отыр. Оның үстіне адамдар тынысы тарылғанда ғана науқастығын мойындайтын көрінеді. Бұл да біздің денсаулығымызға деген немқұрайдылығымыздың бір көрінісі болса керек. Сонымен қатар коронавирус құрық салған алғашқы сәуір, мамыр айларында тек бірнеше адам жансақтау бөлімінде жатса, қазір онда күнделікті 5-6 адамға дейін ем алуда. Денсаулық сақшыларының дабыл қағуына да осы жайсыз жағдай әсер етіп отырғаны сөзсіз.
Бүгінгі ахуалға байланысты қала¬да дезинфекциялаудың үшінші кезеңі басталды. Қазірдің өзінде 500 мың шаршы метр аумақ залал-сыздандырылып үлгерген. Адамдар жиі шоғырланатын жерлер, көп қабатты тұрғын үй аулалары, демалыс паркі, дүкендер мен сауда орындары және аялдамаларға гипохлорид кальций ерітіндісі қосылған арнайы қоспа шашылып, тұрғындар қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, үлкен сауда орындары мен №2 Мұрагер мектебінің ауласы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғимараттары жаны, қалалық мәдени және демалыс паркі сынды аумақтарға тағы да 8 бірдей залалсыздандыру тоннелі орналастырылған. Десе де, облыс бойынша инфекцияны ауыздықтауға қарсы осындай жоспарлы іс-шаралар ыждаһаттылықпен қолға алынып жатса да, оның оң нәтиже беруі әрбір тұрғынның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аса мұқият болуы барынша ықпал етері анық. Сондықтан халық желіде желдей ескен жалған әрі дәйексіз ақпараттарға құлақ түріп, байбалам салудан аулақ болғаны жөн. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, алда-жалда дене қызуы көтерілсе, дереу емхана қызметкерлері көмегіне жүгінген ләзім. Ал, жақын¬да әлеуметтік желілерде вирустың алдын алудағы қарапайым қағидаларды есте сақтауға шақыратын #Жақыныңа Жанашыр Бол! челленджі бастау алды. Бір қуантарлығы, салауатты өмір салтын дәріптеп, жаһан жалмаған дертке бірге тізе қосып күресуге үн қосқан белсенділер қатары көп. Лайым, осылайша «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бұл сындарлы сәттен де сыр бермей өтсек деген тілек бар.

Бағлан ЖАРЫЛҚАПҚЫЗЫ
20 маусым 2020 ж. 169 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 635 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам