Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жүректен – жүрекке

Жүректен – жүрекке


Бір үйден бір дәрігер маман шығару кез келгеннің арманы. Ондайда үлкендердің ерекше жақсы көретін немересіне үміт артып, «осы балам өскенде дәрігер болады, бізді емдеп алады» деп көңілге жұбаныш етіп отыратын әдеті бар емес пе? Кейіпкеріміз Әсел де адам өміріне араша болуды бала күннен мақсат еткен. Мүмкін оған да сол ата-әженің сенімі әсер еткен болар.
Біздің кейіпкер Әсел Жақаншаева – көпбейінді қалалық аурухананың кардиолог дәрігері. Медицина саласындағы аз-кем еңбек тәжірибесінде өзінің қарым-қабілетімен көзге түскен маман. «Дәрігер боламын» деген бала арманы оның сол бағытта білім алып, кәсіби маман атануына жол ашты. Ізденімпаздығы мен білімге құштарлық Әселдің оқуда да, еңбекте де озат болуына сеп болған. Міне, бүгінде жауапкершілігі зор саланың жүгін арқалап келеді. Жоғары да үлкендердің үміті туралы бекер қозғамадық. Себебі, кейіпкеріміз бұл мамандықты жайдан-жай таңдаған жоқ.
– Мен әжемнің сүйікті немересі болдым. Бала күнімде жүрегі жиі ауыратын. Оның қиналғанын көру жаныма бататын. Содан өскенде жүрек ауруын емдейтін дәрігер боламын деп шештім. Солай кардиолог мамандығын игердім. Алғаш еңбек жолым №5 қалалық емханада терапевт, жалпы тәжірибелі дәрігер болудан басталды. 5 жылдан бері көпбейінді қалалық ауруханада кардиолог болып қызмет етемін. Жүрек ауруы маған таңсық емес қой. Науқастардың жағдайын жақсы түсінемін. Барынша нәтижелі ем болса, сауығып кетсе дейміз, – дейді Әсел бізбен әңгімесінде.
Жүрек – адам ағзасының негізгі тіршілік көзі екені белгілі. Сондықтан оның саулығына баса мән беру керегін мамандар жиі айтады. Кішкене уайымның өзі жүрекке күш түсіреді. Ал, оның салдары орасан зор болуы мүмкін. Өкініштісі сол, бүгінде жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын науқастар саны көп. Тіпті, күн санап өсім алып отырған жайы бар. Бұл тек біздің елдегі, не өңірдегі жағдай емес, әлемді толғандырған мәселе. Бұл тұрғыда Әсел Әлайдарқызы науқастардың денаулыққа немқұрайлы қарайтынын алға тартты.
– Науқастар дәрігерге кеш жүгінеді. Соның кесірінен алдын алу, не өмірін сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Жасыратыны жоқ, қазір бұл дерттен өлім көрсеткіші жоғары. Әсіресе, созылмалы жүрек жетіспеушілігі ауруы жастар арасында көбейіп тұр. Бұл қарапайым қан қысымынан бастау алатынын ескерген жөн. Қан қысымы жоғарылап, соңында жүрек жетіспеушілігі дамып, түрлі жағдайға әкеледі. Мәселен, бізде 1986 жылы туған науқас осындай дертке шалдығып, қазір жүрек трансплантациясын жасауға кезекте тұр. Бұдан бөлек 1988 жылғы қыз екі рет инфаркт алды. Зерттей келе оның күніне 1 қорап темекі шегетінін білдік. Бұл – қауіпті ахуал. Осындай жаман әдеттің соңы өкінішке әкеліп соқтырды, – дейді дерттің жайымен таныстырған маман.
Салауатты өмір салтын ұстану кез келген кеселдің алдын алуда маңызды. Жүрек ауруы, не басқа да дерт болсын алдымен осындай бейқамдықтың, жаман әдетке әуестіктің, денсаулыққа мән бермеуден туындайтыны анық. Дәрігерлер қазіргідей медицина дамыған тұста да оған жүгінгеннен гөрі, өмір салтын қалыпқа келтірген әлдеқайда тиімді дегенді айтады. Ішімдік, темекіге әуестенбей, майлы, тұзды тағамға тәуелді болмай, медициналық тексерістен дер кезінде өту көптеген кеселдің жолын кеседі. Сол себепті, денсаулықтың қадірін жіті түйсіну керек-ақ.
Ал, кеселмен күресте науқастың саулығы үшін барын салатын дәрігер мамандардың орны қашанда жоғары. «Бас ауырып, балтыр сыздағанда» дертіңе сөзімен де, ісімен де шипа беретін оларға жұртшылық риза. Әсіресе, ауруханаға ауырып келіп, сауығып шыққан жандардың Әсел Әлайдарқызы мен оның әріптестеріне алғысы зор. Біз де өз кезегінде олардың еңбегінің жеңісті, жемісті болғанын тілейміз.

Айдана СЕЙІЛ

20 маусым 2020 ж. 378 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 635 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам