Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бақыттың білмей бағасын...

Бақыттың білмей бағасын...


Бұл шаңырақ астына сан қилы тағдыр тоғысқан. Бірі шыр етіп жерге түскен минутынан «тастанды» атанса, бірі – аузынан ана сүті кетпей жатып жетімдіктің кермек дәмін татқандар. Ал, енді бірі – тіршілік-тұрмыс тауқыметінен бала-шағаға мойын бұруға шамасы келмей, уақытша осы жерге қалдыруға мәжбүр болғандар. Қала орталығынан ықшам ғана бой көтерген тиянадай ғимарат бүгінде осындай жан жылуына зәру бөбектерге қамқорлық етеді. Бұл мекеме көпшілікке «Сәбилер үйі» атауымен етене таныс. Биыл құрылғанына табаны күректей 100 жыл толғалы отырған нысан ғасырға жуық уақыттан бері мейірімге шөлдеген балаларды бауырына басып, қоғамға оңтайлы бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасап келеді.
Өзін осы мекеменің бас дәрігерімін деп таныстырған Гүлсім Ержанова мұндағы балақайлардың өмірі туралы бізге кеңінен баяндап берді.
– Бұл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, некесіз жас анадан туған, сонымен қатар ақыл-ой, дене дамуында кінәрат кездесетін балаларға медициналық көмек көрсетіп, тәрбие беруге арналған денсаулық сақтау мекемесі. Сондай-ақ, біздің шаңырақ – тағдыр тарауында тұрмыс теперішінен қара басын күйттеп кетсе де, бауыр еті баласын тастанды еткісі келмейтін жандарға зор мүмкіндік. Біз өмір дағдарысына ұшыраған осындай ата-аналардың сәбиін 3 жасқа дейін бағып-қағып береміз. Олардың балаларымен кездесіп тұруына бар мүмкіндік жасалған. Тек соңғы уақытта облыстағы эпидемиялық ахуалға байланысты ата-аналар балаларымен коронавирусқа қарсы анализ тап-сырғаннан соң ғана рұқсат беріледі. Себебі, қамқорлығымыздағы әрбір баланың тағдырына бей-жәй қарай алмаймыз. Десек те, бас қайғысын айтып, уақытша деп тапсыратын кей ата-аналардың арасында сол күйі ат ізін салмай кететіндері де жоқ емес, – дейді бас дәрігер.
Бір айта кетерлігі, мұнда кең жүректі, жанары мейірімге толы, өз ісіне адал мамандар ғана қызмет етеді. Кейбіреуін шарана кезінен бауырына басқан олар мұндағы әрбір бөбекті өз туған баласындай жақсы көреді, жанашырлық танытады. Мәселен, елде орын алған пандемияға қарсы карантин кезінде мұндағы қызметкерлер екі айға жуық уақыт бойы өз отбасыларынан жырақта осы мекемеде қона жатып, тонның ішкі бауындай бірге еңбек етті. Расында, балғындар қауіпсіздігі үшін жасалған мұндай батыл қадам кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс. Бұл үшін үлкен жүрек керек. Өзгенікі деп өзекке теппей, талай жәутеңкөздің аяққа тұрып кетуіне ықпал еткен мұндай жандар қандай құрметке де лайық дерсің.
Мекеме бас дәрігерінің айтуынша, қазір мұнда 60-қа жуық тәрбиеленуші тұрақтауда. Тағдыр аямаған жәудіркөздердің арасында денсаулығының дімкәстігі барлары да жетерлік. Оларға педиатр, невропатолог, логопед, педагог-психолог, реабилитолог, музыкотерапевт, еңбек терапевт, әлеуметтік қызметкер сынды сауатты мамандардан құралған арнайы мультидисциплинарлы топ емдік шараларын жүргізеді. Әсіресе, көпшілік үшін аты да, заты да беймағлұм «Монтессори бөлмесі» шығармашылық тұлғаны қалыптастыруда таптырмас әдіс. Әлгінде айтқан сәбилерді өмірге бейімдеу тәрбиесі дәл осы бөлмеден бастау алады.
– Мен үшін балалар денсаулығы аса маңызды. Бізге дамуында кінәраты бар бүлдіршіндер өте көп түседі. Сондықтан соңғы үлгідегі емдеу құрылғылары мен әдістері туралы үнемі ізденіп жүремін. Осыған орай алдағы уақытта созылмалы ауруларды дәрі-дәрмексіз емдейтін «Тұзды шахта» бөлмесін іске қосуды жоспарлап отырмын. Бірақ, өңірдегі карантиндік шек¬теулерге байланысты бұл істі жүзеге асыру әзірше кешеуілдеп тұр. Сондай-ақ, «Сәбилер үйінің» кішкентай тұрғындары мұнда тек 3-4 жасқа дейін ғана тұрақтауға рұқсат берілгенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Дегенмен, жақында «Nur Otan» партиясының бастамасымен жас шегін 7 жасқа дейін ұзарту туралы жағымды ұсыныс қолға алынды. Қолдау тапса екен деп іштей тілеп отырмыз. Мектеп жасына дейін осында тұрақты ем-домын қабылдап, адам қатарына қосылып кетсе олардың болашағына деген алаңдаушылық сәл де болса сейілер еді, – дейді Гүлсім Естайқызы шын жанашырлық танытып.
Бүгінде мұндағы тәрбиеленушілердің барлығы үшін «әже» атанып кеткен Гүлсім Ержанова бала асырап алу ісіне де аса мұқияттылықпен қарайтынын айтады. Ортада бала тағдыры таразыға түсетіндіктен асырап алуға ниет білдірген ата-аналардың әуелі отбасылық жағдайы, мінез-құлқы, денсаулық ахуалы барлығы жіті тексеріледі. Тіпті, екі апта уақыт беріліп, баланың болашақ әке-шешесімен қарым-қатынасын, тіл табыса алу мүмкіншілігін бақылайды. Асырап алған күннің өзінде де бұл отбасы үнемі «Сәбилер үйімен» тығыз байланыста болуы міндеттелген. Бір қызығы, көбіне мұндай ата-аналар мен олардың қамқорлығына алған балалары бір-біріне өте ұқсас болып шығып жатады екен. Әрине, мұндай сәтке куә болсаң, ішің жылып сала беретіні анық. Ал, ең қиыны – перзентханадан тура «Сәбилер үйіне» сапар шеккен шақалақтар туралы естігенде бұл қуаныштың су сепкендей басылып қалатыны... Иә, естіген құлақта жазық жоқ. Расында да, құрсағын жарып шыққан сәбиін еш шімірікпестен үкімет үйіне өткізіп, шарасыз шарананың тағдырына көзін тарс жұма қарайтын безбүйрек жандар біздің қоғамда әлі де баршылық екен. Өркениетке өкшесін тіреп тұрған еліміздегі жетімдердің осындай жай-күйі еріксіз қынжылтады. Атауын өзгерткенімен, әлі де сол қамқорлыққа зәру қаракөздеріміз паналап отырған мекенге бас сұққанда біз осыны ұғынып қайтқан едік. Әсілі, шын бақыттың бағасын әлі де білмей жүрміз-ау...

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ
20 маусым 2020 ж. 44 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 635 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам