Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Үй сатып алу оңай, баспана салу қиын

Үй сатып алу оңай, баспана салу қиын


Адамға әуелі үй қажет. Үй болмай, күй болмайды. Өйткені жатар орын, ішер ас қай отбасының да ең қажеттісі. Бастысы, басыңда баспанаң болса басқа базынаң ретімен бола береді. Бүгінде үй салу – үлкен мәселе. Құрылыс материалдарының сапасы мен бағасы жөнінде тұрғындар арасында түрлі әңгіме көп.
Дәл қазіргі уақыт – баспана құрылысының қызған шағы. Қалада жеке тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Халықтың айтуынша, биыл құрылыс материалдарының бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Әрине, үй сатып алу оңай, үй салу қиын. Осы орайда, баспана тұрғызуға қанша қаражат жұмсалатынын есептеп, журналистік зерттеу жүргізіп көрдік.

ӨЗІҢ САЛСАҢ, АРЗАНЫРАҚ
Құрылыс материалдарының нақты бағасын және қайдан әкелінетінін біл¬мек болып, «Сығанақ» базарына бет түзедік. Барған сәтте алдыңнан жасы бар, жасамысы бар: «Келіңіз, не керек? Бағасы арзан, айтыңыз тауып береміз» деп алдыңнан өбектеп шығатын сатушыларды кезіктіресің. Сонымен шеге, шелектен бастап сөрелерде құрылысқа керектің бәрі бар. Бір байқағанымыз, бағалары бір-біріне шамалас. Сатушы да көп, алушы да көп. Базар іші құж-құж қайнаған тіршілік.
Қала тұрғыны Нұргүл Хамитова: «Пәтер жалдап жүргеніме он жылға жуықтады. Биыл сәтін салып «Наурыз» шағын ауданынан жер алып, үй құрылысын бастап жатырмыз. Негізі үйді салу үшін мықты дәлдік қажет. Себебі, есепсіз ештеңе болмайды. Үй егесі өзі құрылыс геометриясын жетік меңгергені абзал. Жалпы үйді асарлатып, көмекпен салса, құрылыс тез әрі жеңіл жүреді. Жолдасым екеуміз мемлекеттік қызметте істейміз. Төрт баламыз бар. Сатып алуға болар еді. Алайда, өзің салғанға жетпейді. Қалауыңша ыңғайыңа қарай бейімдейсің. Жаңа әрі жайлы баспана жан рахаты. Қанша ақша жұмсасақ та жетпей жатыр. Өзіміз отбасымызбен отыратын ордамыз ғой. Тәуекел жасап, талаптанып жатырмыз. Осында ағаш алуға келіп тұрмын. Құрылыс материалдары өз қаламызда болғанына қуанамын. Басқа облыстан алдыртқанымызбен, біріншіден уақыт зая кетеді, екіншіден баратын адам керек. Үйді өзің салсаң арзанырақ болады», – дейді.

6 МИЛЛИОННАН ЖОҒАРЫ
Сонымен тұрғын үй салу үшін алдымен іргетасын қалау керек. Оған алдымен шебін мен жемтік қажет. Оның әр машинасы 30 мың теңге тұрады. Оларды қаламызға Шиелі, Жаңақорған аудандарынан әкеледі екен. Базарда Жамбыл облысынан әкелінген цементтің қабы 1400 теңгеден. Ал, осыны қосып есептеп көріңіз. Мәселен, үйіңіз шамамен 10х12 болса, кемінде 10 «Камаз» құм, 5 «Камаз» жемтік, 3 «Камаз» шебін, 80 қап цемент керек.
Содан соң үй қабырғасын көтеру үшін «стропила», «обрешетка» ағаштары қажет. Орталық «Сығанақ» базарында 6 метрлік «стропиланың» біреуі 1500 теңге. Ені мен ұзындығы 9-12 см болатын «обрешеткалардың» метрі 90 теңгеден сатылуда. Бұлар біздің елге Ресейден тасымалданады.
Үйдің шатырын жабуға тіреу ағаш (стропила) сатып аласың. Оның әр текше метрі бөлек есептеледі. Оны қоятын арақашықтығына қарай көбейтсеңіз, сомасы белгілі болады. Орта есеппен үйдің төбесіне қалыңдығы 12 сантиметрлік 80-ге жуық ағаш кетеді. Одан бөлек, төбеге қамыс төсеу үшін тағы қаражат жұмсайсыз. Қосымша жайылатын қара қағазды қосыңыз. Ал, әрбір пластик терезеге орта есеппен 30 000 теңге төлейсіз. Есіктер 50 000 мың теңгеден. Олар Ресей, Беларус елінің өнімдері көрінеді.
Жалпы үй тұрғызу үшін қосымша табыс көзі болмаса бір айлыққа таңылып, үй салу ақылға сыйымсыз. Өйткені, бір адамның айлық кірісі үйдің ас ауқатынан бөлек, балалардың киім-кешегіне ғана жетеді. Отбасының жүріс-тұрысына жұмсалады. Осылайша әупірімдеп жүріп, үйдің сыртқы келбетін тұрғызып алған соң, ішкі жұмыстары басталады. Сылағы мен бояуы, түсқағазы бөлек әңгіме. Сонда шамамен бір тұрғын үй салуға 6 млн теңге жұмсайды. Қарап тұрсаңыз, үй тұрғызуға бұрынғыдай 2-3 млн теңге жинағың аздық етеді. Міне, мәселе қайда жатыр. Бұл біздің журналистік тұжырым, пайымымыз.

«БАҒАНЫ ОЙЫМЫЗДАН ҚОЙМАЙМЫЗ»
Асылжан Нұрсейітов, саудагер: «Бағаны ойымыздан қоймаймыз. Материал бағасы халықтың қалтасына қонымды деп есептеймін. Ағаштарды Алматы, Шымкент қалаларынан әке¬ле¬міз. Тиеп, түсіретін адамдардың еңбек¬ақысы мен жол шығын қоса есептеліп, материал бағасын қоямыз. Біздің тірлігіміз де бала-шағаның қамы үшін. Осы көктем мен жазайларында ғана жұмысымыз жүреді. Күзге таяу сауда саябырлайды. Оның ішінде тұрған орнымызға төлейтін салығымыз тағы бар. Күнделікті табысымыз әртүрлі. Орта есеппен 10-20 мың шамасында. Базар қоғамдық орта болғандықтан күніне неше түрлі адаммен кездесіп, пікірлесеміз. Көбісінің сөзіне қарағанда несиеге үй алғаннан, өзің салып алған әлдеқайда тиімді. Ол өте дұрыс шешім, – дейді бізбен әңгімесінде.

ТАМ САЛҒАННЫҢ ТАМТЫҒЫ ҚАЛМАЙДЫ
Енді бір мысал: «Бәйтерек» шағын ауданында бір үйді тұрғызу үшін үй егесі өзбекстандық 4 жұмысшыны жалдап, оларға 1 млн 250 мың теңге төлеген. Бұл сомаға жұмысшылар үйдің іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызып, шатырын жапқан, терезесін қондырған.
Ал, ракушкамен қалап тұрғызатын тұрғындар да кездеседі. Қалада ракушканың әр данасы 200 теңгеден бағаланады. Оның ішінде жеткізіп беретіндері де, өзің алып кетесің дейтіндері де болады. Өзің алатын болсаң, көлікке тағы бөлек ақша төлейсің. Сонда бүгінде орташа үй салуға кәдімгідей күш керек.

БАНК САЛЫМШЫЛАРЫ – БАСПАНА СҰРАНЫСЫ
Қазіргі таңда, баспаналы болудың тағы бір жолы – несиеге үй алу. Үй тұрғызу бойынша жасаған журналистік зерттеу аясында осыныда зерделеп көрдік. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызметкерлері банктің салымшылары мен еліміздің азаматтары үшін барлығы қолжетімді. Банк салымшылардың пікірлерімен ұдайы санасып, жұмысын тұрақты жалғастыруда. Бұл тұрғындарға пәтер мәселесін шешуге нақты әрі толық мүмкіндік береді. Баршаға арналған баспана негізінде халықтың сұранысын қанағаттандыруға байланысты банк қызметін одан әрі жетілдіре бермек. Мамандардың пікірінше салынған үйлердегі сапа басымдығы басты назарда. Жылдар бойы баспана алуға ақшасын жинаған адамдар жайлы әрі қолайлы үйде тұрғысы келеді. Клиенттердің құқығын банк қашанда қорғап, құрылыс сапасы бақылауда болады дейді. Баспанаға тез арада ие болу үрдісін жеделдетіп, салымшы сұранысына сай қалаған қабаттан пәтер алып беруге ықпал жасайтындарын жеткізуде.

ЖЕРДІҢ БАҒАСЫ ЕЛДІҢ ҚАЛТАСЫНА САЛМАҚ
Қалада бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан жаңа зәулім үйлер аз емес. Құрылыс қарқыны қызған сайын оған кететін материалдарға да сұраныс арта түседі. Осы мезгілде қолынан іс келетін азаматтар қолдан қолға тимей, жаз бойы жырғап қалатыны жасырын емес. Бірақ, баспана салу мәселесі бір қараған адамға оңай көрінгенмен. оның да өзіне тән қиыншылықтары мен қызықшылықтары болады.
Баспана салу әрекетімен жүргендер¬дің алдынан ең алдымен жер алу мәселесі шығады. Иә, кәдімгі үй салу үшін берілетін жер телімі. Қалада қазір жердің құны шарықтап тұр. Ауыл аймақтарда да тәуір жер табу оңай емес. Ертерек қимылдап, екі-үш жер алып қойғандар да жоқ емес шығар, дегенмен арқаны кеңге салып, асықпай жүретіндер үшін жер алу – аспандағы айға қол созғанмен бірдей болып тұр. Ұзын-сонар кезекте тұрғандардың санынан саусағың талып, тілің жаңылысады. Жоғарыда атап өткеніміздей, көктем келіп, күн жылынғаннан-ақ құрылыс материалдарының бағасы шарықтап шыға келеді. Оның бағасы да көктемнің қысқа күніндей сан құбылып тұрады.

КАРАНТИН ДЕ КИЛІГІП ТҰР
Биыл баспана салатындардың шаужайына карантин килігіп тұр. Құрылыс базары карантинге жабылса, жай халықтың жағдайы не болмақшы? Өңірлер арасында қатынас тоқтаса, бағаның да біршама қымбаттағаны байқалады. Сондай-ақ, құрылысшылардың да қолдарын байлап, жұмысын тұралатады. Ендеше елдің ендігі тілегі елге келген дерт тезірек жойылса деген ниет. Қымбатшылық қылкеңірдектен алып тұрған мына алмағайып заманда ақшаның құнсызданғаны тағы бір бүйірден қыспаққа алғандай. Қаржы құнсызданған соң құрылысшылардың да «қолақысы» да өсетіні анық. Бұл сайып келгенде үй салдыратындардың қалтасына салмақ түсіреді.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Біз бағамдаған баспана құрылысы кім-кімге де оңай емес. Алайда қазекем қиналса да үй салып алуға қам қылады. Өзінде болса, баласына арнап салады. Әйтеуір тіршілік түйткілі. Қалай қылғанда да пәтер жалдап тұрғаннан құрқылтайдың ұясындай болса да өз баспанаң болғанға не жетсін. Жиренше шешеннің «Өз үйім – өлең төсегім» деп керіле жатып демалғаны дүйім жұртқа мәлім. Халық даналығында «Үйі жоқтың, күйі жоқ» демейді ме. Басыңда үйің болса, көңіліңнің күйі болады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
23 маусым 2020 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

№49 (1650)

30 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 601 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам