Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өзімді емес, өзгенің жайын айтам

Өзімді емес, өзгенің жайын айтам


Бес сауал

1. Сіз үшін газеттің бағасы қандай?
2. Оқырманнан оң баға алған қандай мақалаңыз есіңізде қалды?
3. Газеттің атын пайдаланған кезіңіз болды ма?
4. Қазіргі журналистикаға не жетіспейді?
5. Әріптестеріңізге ерекелік лебізіңіз...

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі:
1. Біздің буын елдің тынысы басылым арқылы бағамдалатын кешегі кезеңнің шет-жағасын көрген ұрпақ. Сүрініп кетіп, бүлінгелі тұрған талай тағдырлардың газет араласқаннан  кейін көшін түзеп алған мысалын да білем. Сондықтан да мен үшін газеттің бағасы бөлек.
2. Газет жұмысына енді араласа бастаған кезде осы Тасбөгеттегі Абай мен Жамбылға арналған билборд туралы жазғаным бар еді. Республикалық «Ана тілі» газетіне шыққан шағын мақала «Алба-жұлба Абай мен жұлым-жұлым Жамбыл тұр» деп аталатын. Осы оқырмандар арасында біразға дейін айтылып жүрді. Сосын былтыр «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Теміржолды жағалап топ бала бала жүр» атты мақалаға Мемлекет басшысы назар аударып, күнделікті ондаған рельстен өтіп, мектепке қатынап жүрген Сексеуіл станциясының балалары үшін тағы бір білім ошағы салынатын болды. Осының бәрі еңбегіміздің еленгені деп білемін.
3 .Осы салада жүргеніме ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Бірақ, басылымның атын пайдаланған кезім есте жоқ екен.
4. Арзан ақпаратты бір-бірінен көшіріп басып, ұпай жинап жүргендердің көбейгені қынжылтады.  Түймедейді түйедей ететін әріптестерге де сәл-пәл өкпе бар. Есесіне салмақты сараптама, экономикалық жағдайды талдау жетіспейді. Осы жағын есте ұстасақ...
5. Әріптестерге тілек: Жазар көбейсін! Біздің саланың да әлеуметтік мәртебесі айқындалып, еңбегіміз лайықты бағасын алар күн жақын болғай!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары:
1. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» демей ме? Қарапайым мысал архивті ақтарсаңыз, сарғайған газет беттерін парақтай отырып, тарихқа айналған оқиғалардың ортасына түскендей әсерде боласыз. Сол себепті де газет қазіргі заманның тыныс-тіршілігінің жаршысы ғана емес, ертеңгі тарих дер едім. Бүгін біз әліміз келгенше тарихты жазып жатырмыз.
2.  Газетке келген алғашқы жылдар әлі де есте. Бас редактор Жақсылық Рахматулладан түрлі тапсырма алып, оны тиянақты орындауға тырысатынбыз. Жалпы басылым бетінде көптеген мақала жарық көрді. Оның біразы оқырман көңілінен шықты деп ойлаймын.
3. Газеттің атын жеке басыма пайдаланған емеспін. Редакцияның бұрынғы  ғимаратында отырған кезде халық мәселелерін айтып, редакцияға жиі келетін. Оның ішінде үй кезегінен бастап, ауруханаға емделуге кезектің келмей жатқандығына дейін айтылады.   Сол кезде ғана газеттің атын пайдаланып, сала басшыларымен байланысып алдыма келіп тұрған тұрғынның мәселесін шешіп беруді сұрайтынмын.
4. «Хабар жанры «коварный» жанр» деп айтатын біздің кезімізде. Қып-қысқа ақпараттың ішіне барлығын сыйғызуың керек. Бәріне топырақ шашпай-ақ қояйын. Қазір журналистикаға келіп жатқан жастарға сауаттылық жетіспейді. Жазған дүниесінде қате өріп жүреді. Тұрақты сөз тіркестерін бұзып қолдану, жұрнақ пен жалғауды дұрыс пайдаланбау белең алып кетті. Осы мәселе мені қатты ойландырады.
5. Журналистерге бар жақсылықты тілеймін. Елімізде орын алып жатқан жағдайға қарамастан халыққа  жылдам хабар таратып жүр. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын!

Кирилл ДЕНИСОВ, «Кызылординские вести» газетінің аға тілшісі:
1. Бірінші кезекте газеттің құны оны шығаруға жұмсалатын шығындармен анықталатынын ескеру қажет. Бұған журналистердің еңбекақысы, баспахана қызметтері, қағаз сатып алу, ұйымдастыру техникасы, әкімшілік шығындар кіреді. Облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» екі газеттің мысалында жеке тұлғаларға жарты жылға 3500 теңгеге жазылуға болады. Егер жазылу бағасын 6 айға бөлсеңіз, ай сайын 583 теңге шығады. Қарапайым тұрғын күніне мың теңгеден кем емес қаражат жұмсайды. Сондықтан, газетке жазылу бағасы қымбат емес деп санаймын.
2. Мен үшін және барлық журналист-әріптестерім үшін оқырмандардың оң бағасы олардың құрметі мен сенімі – ең жоғарғы марапат. Ардагер Есімке Алдамжаров туралы мақала үшін бас кейіпкердің туыстары аудан орталығынан редакцияға алғыс айту үшін келді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі Нина Роговскаяның мәселесі,  жаяу жүргінші жолындағы балалардың қауіпсіздігі үшін күресуге тура келген жағдайлар да болды.
3. Мен газеттің адал атын жеке мақсатта пайдалану қабылданбаған мектептен өттім. Қызметтік куәлікті тек жұмыс барысында журналист екенімді білдіру үшін көрсетуге тура келеді.   
4. Біздің облыстағы орыс тілді журналистикада кадр тапшылығы мәселесі бар. Менің ойымша, қазіргі журналистика бұрынғыдай мамандықтың беделіне ие емес. Мұның бәрі жаһандық цифрландыруға байланысты. Алайда, барлығы тек тексерілген дереккөздерге сену керек және журналистер кейде жаңа нөмір беттерінде қызықты мақалалар, жазбалар пайда болу үшін барлық күш жігерін жұмсайды... Сондай-ақ, БАҚ туралы заң мемлекеттік деңгейде қайта қаралып, билік тарапынан қолдау көрсетілсе, соның ішінде қаржылық қолдау да қарастырылғанын қалаймын.
5. Кәсіби мереке қарсаңында әріптестерге мықты денсаулық пен шыдамдылық тілеймін. Пандемияға байланысты қашықтықтан жұмыс істеуге тура келеді. Мен мұның тезірек аяқталуын және біз толық күш-жігерімізді, сондай-ақ барлық қазақстандықтар бұрынғы өмір ырғағына қайта оралуын тілеймін. Біз біріксек ешкім ала алмас қамал  екенімізді ұмытпайық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА, қалалық
«Ақмешіт апталығы» газетінің жауапты хатшысы:
1.Мен газеттің бағасын бала кезімнен сезініп өстім. Әкем шығармашылықтың адамы. Мектепте жүріп хат танығаннан бастап ол кісі бізге газеттің әр нөмірін дауыстап оқытып, жаңалықты бақылап отыратын. Соғыс кезінде өзінің майданда жазған өлеңдерінің газет қиындысын қастерлеп сақтап отыратын. Рухани дүниенің қолдаушысы болған әкемнің қаламды қару еткен қасиеті маған дарығанын ол кісі көпшілікке айтып мақтанып отыратын. Шынында мен оқушы кезімнен мақала, өлеңге құштар болдым. Газет мен үшін баға жетпес рухани байлық. Ол шығармашылық топтың тынымсыз еңбегімен өмірге келеді. Газеттің  төрт парағы болғанмен ондағы құндылық ғасырдан-ғасырға кетіп, кейінгі ұрпаққа рухани бағдаршам болады. Сондықтан қоғам баспасөзбен қуаттанып, насихатпен нәрленеді дер едім.
2. «Мүгедектің анасы неге қамықты?» деген тақырыппен мақалам жарияланды. Мақала ол жарық көрген соң құзырлы орындар тиісті шара қабылдап, қамыққан ананың мәселесін шешкен. Сол кісі келіп алғыс айтқанда төбем көкке жеткендей қуандым. Газеттің, сөздің құдыреті барын ұқтым. Тіпті газетке үзбей жазылып тұрды. Шығармашылық адамы үшін одан артық қандай құрмет керек? Жаңа шығармашылығыңа осындай шұғылалы сәттер серпін береді.
3. Ойланатын сұрақ екен. Газеттің атын пайдаланып, ісіңді оңға бастыру, пайда табу шын шығармашыл адамның көзқарасына қайшы әрекет. Қоғамның рухани келбетін қалыптастырушы  ақпарат өкілінің ондай жат әрекетке баруы ақылға сыймайды. Себебі бүкіл жаңалықтың жаршысы, өркениеттің тамыршысы журналистерге қарап халық бой түзеуі керек. Өз басым ондай жат әрекетке бой алдырған емеспін.
4. Жалпы журналистика кең ұғым. Оны саралап, сараптап қоғамда түрлі пікірлер қалыптасып жатыр. Ол қоғам бар жерде айтылып, талқыланып, таразыға тартыла береді. Менің ойымша сыни мақалалар кемшін сияқты. Қай салаға да қалам тербейтін журналистер сатира жанрын назарға алса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ сын шын болса деймін. Бұл баспасөздің де бағасын арттырып, ел емеурін танытар еді.
5. Ел басына төнген қиын қыстау пандемия кезінде алдыңғы шепте дәрігерлермен қоян-қолтық жұмыс жасағандар сапында журналистер жүргенін ерекше атап айтқым келеді. Өркендеп  жатқан еліміздің келешегін журналистердің қолтаңбасынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан барша әріптестеріме шығармашылық әлеміндегі жұлдыздарыңыз жарқырай берсін демекпін.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА,
облыстық «Ақмешіт жастары»
газетінің тілшісі:
1. Мен үшін газет қана емес, жалпы журналистика саласының орны әрдайым биік. Бала күнімде телеарнада диктор болуды жиі армандасам да, газетке мақалам жарияланған сәттен бастап баспасөзге деген құрметім, қызығушылығым еселене түсті. Ең алғаш республикалық «Ұлан» газетіне, «Ақжелкен» журналына, кейін «Айқын» газетіне жарияланған әрбір материал естелік болса да мен үшін қымбат. Әлі күнге дейін газет баспадан келер күнді тағатсыздана күту, келесі нөмірге жан-жақты дайындалу қағидасы өзгерген емес.
2. Көп жағдайда газетке ұсынған сұхбаттарым материалдарым жайлы оқырмандардан жылы пікір естимін. Әсіресе айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханмен, медиа-тренер Асхат Еркімбаймен, IT-сарапшы Тимур Бектұрмен тілдесіп, көлемді материал жариялағанымызда көпшілік оң бағасын берді. Сосын халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы  «Әбе» атты мақалам жариялағанда қарт кісілер қоңырау шалып, жақсы жазылғанын айтқаны есімде.
3. Әдетте үлкен жиындарға, ауқымды шараларға журналист ретінде баратынымыз белгілі. Бұл ‒ үлкен мүмкіндік, әрі тілші үшін қалыпты жағдай. Алайда жеке өмірім үшін газет атын пайдаланып көрмеппін.
4. Меніңше, қазіргі журналистикада жан-жақты ізденіс, сараптамалық көзқарас, тың тақырып аз. Оған көп жағдайда уақыт тапшылығы мен журналистің «жалқаулығы» әсер етеді. Сосын жас журналистердің салалық журналистикаға бейімделуі де көңіл көншітпейді.
5. Ойы ұтымды, ұсынысы өтімді барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Қасиетті қаламның қадірі артып, көпке ұсынар жақсылық көбейсін!     
27 маусым 2020 ж. 178 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

№49 (1650)

30 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 601 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам