Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әлеуметтік мәселе шешілген жағдайда шынайы

Әлеуметтік мәселе шешілген жағдайда шынайы

Қаладағы шешімін таппаған мәселелерді сессия қарауына ұсынып, талқылап, шешім шығару – қалалық мәслихат депутаттарының негізгі міндеті. Қазіргі таңда халық қалаулылары әрбір мәселені жіті зерттеп, арнайы рейд жүргізіп, мәселені шешуге толық дайындалатын болған. Яғни талқылайтын мәселе төңірегінде толыққанды зерттеу жүргізеді. Шешімін табуға тиісті мәселе болса, оны талқылап өз ұсыныстарын жеткізеді. Кезекті сессияда қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелер қаралды.  Сонымен қандай?

Денсаулық жауапкершілікті қажет етеді
Бүгінде денсаулық мәселесі көпшілікті алаңдатуда. Ал Қызылорда қаласы бойынша тұрғындарға медициналық  қызмет көрсетудің жайы қалай? Осыған орай, сессиядағы алғашқы мәселе ретінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің баяндамасы тыңдалды.
– Қала бойынша мемлекеттік денсаулық сақтау құрылымдары мен барлық стационар тұрғындарға тиісті кепілдендірілген меди­циналық қызметті көрсетуде. Дегенмен, қазіргі уақытта сала бойынша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, елді мекендер бойынша медициналық автокөліктің жеткіліксіздігі, дәрігер мамандардың тапшы­лығы, емдеу орталықтарының тарлық етуі тиісті шараларды қабылдауды қажет етеді, – деді ол.
Соңғы жылдары ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударылды. Ана мен сәби өлімін болдырмау мақсатында жүйелі іс-шаралар жасалды. Бірақ биылғы көрсеткіш алаңдатарлық. Себебі, үстіміздегі жылдың 5 айында қалада сәби өлімінің 36, ана өлімінің 1 жағдайы тіркелген. Одан бөлек, қан қысымы, жүрек, қант диабеті, жүйке аурулары диагнозымен ауыратындар саны артып келе жатқандығы байқалады.
Елімізге келген күтпеген індет қарапайым тұрғындарды алаңдатып қойғаны рас. Қазіргі таңда аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 7 проценттен асып, эпидемио­логиялық жағдай күрделенуде. Бұл мәселе төңірегінде халықтың көкейінде сауал көп. Осы сұрақтар сессияда депуттаттық сауал ретінде жолданды.
Расымен де неге емханаларда орын тап­шылығы болуда? Бүгінде кейбір дәрі-дәрмектің жоқшылығы сезіліп жатыр. Тұрғындар жедел-жәрдем тарапына да реніштерін жеткізген. Ха­лықтың көкейінде жүрген сауалдарға депутаттар сессияда жауап іздеді.  
– Дәл қазіргі індет кезінде дәрігерлер үлкен жүктемемен жұмыс жасауда. Жедел-жәрдем бөліміне де шақыртулар көбейген. Дәлелге сүйен­сек, былтырғы маусым айының ішінде 51 шақырыс қабылданса, осы жылдың маусым айында 230 шақырту келіп түсті. Ауруханада қараусыз қалып жатқан адам жоқ. Бәрі де тексерісте. Тек қалалық ауруханада провизорлық төсек-орны көбейтілді. Соған орай, қызметкерлердің жұмысы қызып жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайы аса қауіпті бол­маған жағдайда, үйден емдеуді ұсынады. Дәл қазіргі уақытта коро­на­вирус инфекциясын жұқтыр­ғандармен күресу міндетіміз. Өйткені, оның қауіптілігі жоғары және вирус тез тарайды. Ал дәрілердің дәріханадан табылмай жатқанының негізгі себебі, халық арасында дүрлігу, бірден сатып алу кедергі кел­тіріп отыр. Өзге де өңірлерде осындай жағдай орын алды. Қазіргі уақытта дәріханалар қажетті дәрілерге сұранысты көбейтті, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов.
Иә, арқаны кеңге салып жүретін кез қазір емес. Денсаулық жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан да әрбір адамның сырқатын емдеуге осы саланың мамандары міндетті болса, біз денсаулығымызды күтуге, қажетті талапты орын­дап, сақтануға тиістіміз.

Қаланың ластануы алаңдатып отыр
Қаланың экологиялық ахуалы күннен-күн­ге күрделеніп бара жатыр. Жақында облыс орталығының шеткі аймақтарында көлшіктердің көбеюі жайында мәселе көтерілген болатын. Осыған орай ауқымды жұмыстар басталып кетті. Қала әкімінің орынбасары Е.Бердібаевтың баяндамасына сүйенсек, «Саяхат» мөлтек ауда­нындағы қалыптасқан көлшіктердің 27 мың шаршы метр аумағын көму аяқталды. Содан кейін «Сәулет» мөлтек ауданы жанындағы көлшіктер көміледі.
Қалалық мәслихат депутаттары жеке көлік­тердің кәріз су қалдықтарын рұқсат етілмеген жерлерге төгіп кету жағдайын ерекше назар­ға алуды ұсынды. Заңды бұзып, талапты орын­дамағандарға қатаң түрде айыппұл салу немесе шара қолдану қажет. Қаланың ластануы қарапайым тұрғындарды да алаңдатуы тиіс. Тазалыққа көңіл бөлетін кез келді. Осы тұрғыда депутаттар «қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты сақтауға ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды насихаттау және ынталандыру секілді шаралар қолға алу қажет» деген ұсыныстарын да жеткізді.

Жолақы
қымбаттайды  ма?
Алдағы уақытта қызылордалықтар қо­ғамдық көліктің жолақысын электронды түрде төлейді. Бұл жоба  «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ая­сында жүзеге асуда. Осыған орай жолақысы қымбаттайды ма? Қалалық мәслихатта де­путаттар осы сауалдың шешімін талқылады. Талқылау барысында қала әкімдігі тарапынан жолақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы арқылы  90 теңгеден, ал қолма-қол ақшамен  150 теңге ретінде ұсынылды. Алайда, бұл жаңалық қара­пайым халыққа кері әсер етпеуі қажет. Сон­дықтан да депутаттар қолма-қол төлеу сомасын 150 теңгеден 120 теңгеге дейін түсірту туралы ұсыныс берді. Тиісті сала мамандары бұл мәселені халыққа кеңінен түсіндіру қажет. Яғни электронды билет алмаған тұрғындар жаңа төлемақыны төлеуге міндетті болып саналады.

Шешім қабылданды
Аталған мәселелер қалалық мәслихат депутаттарының кезекті 62 сессиясында кеңі­нен талқыланды. Сонымен қатар, «Мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру», «Бейбіт жиналыстарды ұйым­дастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, олардың пайдалану тәртібі мен материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге қойы­латын талаптарды, сондай-ақ пикеттеуді өт­кізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау», «Кәмелетке толма­ғандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі Қызылорда қаласының жанындағы комиссиясының құрамын бекіту», «Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау» туралы мәселелер жөнінде ұсыныстар айтылды. Жан-жақты талқыланып, тиісті шешім қабылданды.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
30 маусым 2020 ж. 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

№49 (1650)

30 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 601 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам