Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қос ішекке тұнған сыр

Қос ішекке тұнған сыр

Қазақтың болмыс-бітімін, таным-талғамын, тағдыр-талайын өн бойына жиған бір құдырет бар болса, ол – домбыра. Киелі аспап кең даланың келбетін, тау-тастың сырын, айдын көл­дің ғажайыбын, тарихтың жұмбақ жадын заман көшінен бүгінге жеткізді, ертеңге аманаттайды! Қос ішектің қоңыр үн­і мың бояулы дүниенің өңі-келбетін көз алдыңа әкеліп, көңіл пернені дөп басатын қасиетімен де құнды. Тіпті егіз ішекте екі дүниенің мән-сыры жасырылған деген де пәлсапа бар. Шаттық пен қуаныш, жақсылық пен жамандық, мейір мен залымдықтың алуан күйі домбыраның шанағанынан зар болып төгіледі, нұр болып шашырайды. Содан болар, бағ­зы заман сарына бойлағысы келген әр қазақ домбыраға қол созып, әсем күйге құлақ салады.
 Бүгінге дейін домбыраның құдірет-қасиетін пайымдайтын қаншама әпсана, әңгіме-хикаяттар жетті десеңші! Аңыз бен ақиқат астасқан Ақсақ құланның шабысы, Жошы ханның ажалы, Мұңлық-Зарлықтың көз жасы мен ұлықтардың тағдыры домбыраның үнімен біте қайнасты. Асыл сөздің салмағы кем түссе, күй жамады. Сондықтан, қазақ даласындағы өркениеттің ілгері басуына домбыраның үлесі басым.  
Ұлы даладағы дәулескер күйшілер де аспаптың абыройын арттырып, мән-маңызын аша білді. Өмір сүрген кезеңінің болмысын, тұрмыс-тіршілігінің жай-күйін, әлеуметтік көзқарасын домбыраның пернесін сиғыза білген еді. Арман-мақсатымен астасқан әуезді күй, көркем шығарма дүниеге келіп, өнер кеңістігі ұлғая түсті. Тәттімбат, Құрманғазы, Қазанғап, Әлшекей, Дина, Байжұма, Сейтек, Сүгір секілді сақа күйшілер қазақ музыка әлеміне жаңа мақамдық иірімдер мен сырлы бояу қосу арқылы өнер құнын арттырғаны мәлім. Сол арқылы күй мектебінің дәстүрлі жүйесі қалыптасып, жанрішілік терең бөліністердің тууына септігін тигізді.
Жаныңды тер­бейтін күйлердің мазмұны мен көркем әдісі де әр күйшілік мектепте ерекше қалыптасқан. Мәселен, күш-жігер мен құл­шынысқа толы дауылпаз күйлер өмірге деген іңкәрлік, ерлікке деген құлшыныс, туған елге деген сырлы сезімді еркі сипаттай білсе, шертпе күйдің әуезі шексіз махаббат пен мөлдір сезім, өкініш пен үздігу көңілін ерекше бейнелей білді. Бұл –музыкалық дәстүр мен күйшілік біліктің тамыры тереңде деген сөз. Сол себепті, ұлттық аспаптағы әуездің түрлі реңі қазақ қоғамымен, болмысымен бірге дамып деуге толық негіз бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың киелі аспабын ұлықтау мақсатында әлі де болса іргелі қадамдар жасалу керектігін атап өткені белгілі. Ол: «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құндылығымызды жастарымыздың санасына сіңіріп, насихаттау өте маңызды» деген болатын. Сондықтан, ұлы даланың ардақты домбырасы мен  тарихи жолын бағамдай білуі –  бүгінгі буын алдындағы басты мақсат.
Домбыра жасалуы
Қазақта күйшілік өнермен қатар, аспаптың да түрі сан алуан. Қозықұйрық домбыра міндеті мен қолдануы, орындаушысы мен сапасына қарай түрлене береді. Домбыра жасаудың өзі қолөнерге икемділік, музыкалық біліктен бөлек, қайсарлықты да талап етеді. Бес мың жылдық тарихы көнекөз домбыраның қалыптасу жолы да сан қилы. Әуелде қасиетті аспап үш ішек­ті және бітеу болған деген болжам бар. Кейіннен шанағы ойық, екі ішекті домбыраның даму әдісі бүгінге дейін беймәлім. Не десе де, домбыра шеберлерінің дыбыс қуатын ұлғайту, әуез бояуын түлендіру бағытындағы жаңашылдығы оң нәтиже бергені анық. Сонымен қатар, Ән домбырасы мен күй домбырасының пішіні де өзара ерекшеленетінін ескеру қажет. Осы орайда белгілі домбыра шеберінің аспаптың жасалу технологиясына қатысты пікірін келтірейік:
–Шеберлердің бір домбырасы 4-5 түрлі ағаштан жасалады. Сол себепті, бір домбыра бір ғана ағаштан жасалады деп ойлау қате. Өзімізде өсетін ағаштардан жасалатын домбыралар арзан болады. Ал шетелден әкелінетіндер қымбат. Өйткені ол ағаштардың сапасы жақсы, құрылымы жағынан тығыз болып келеді. Мысалы, Қазақстанда қызыл және қара ағаш мүлдем өспейді. Бізде еменнің бір ғана түрі өссе, шетелде оның бірнеше түрі бар. Яғни бізде өсетін ағаш пен шетелдің ағашын салыстыруға келмейді. Бірақ, бұл ағаштардың бәрін қазіргі таңда елімізден табуға болады. Ол үшін қалтаңызда ақшаңыз болса жеткілікті, – дейді домбыра ұстасы Нұржан Ділмәнов.
Шынымен домбыра жасау – асқан ыждақаттылықты талап ететін өнер.  Шеберлер шамамен бір домбыра жасауға 3-4 күнін арнайды екен. Бірнеше аспапты қатар жасауға талпынса, айына 30-40 домбыра жасауға болатын көрінеді. Сондай-ақ домбыра шебері аспаптың жасалу технологиясы туралы былай дейді:
– Біз ең бірінші тапсырысқа сай ағаш сатып әкелеміз. Қара ағаштан немесе жаңғақтан домбыраның шанағын кесіп шығарамыз. Оның қалыңдығы 3 миллиметрдей болады. Үшінші қалыңдығы 2,5 немесе 3 сантиметр болатындай етіп домбыраның мойын ағашын кесеміз. Осы мойын ағаш адамның қолы үшін өте ыңғайлы болуы керек. Кейін шанақты қалыпқа салып иіп, пешке күйдіреміз. Тұлыбы құралған соң, домбыраның құлағы орналасатын бас ағашты жабыстырамыз. Осыларды дайындап болғаннан кейін бетін дайындауға кірісеміз. Оның өзіне төрт түрлі ағаш қажет. Бөліктерді өзара желімнің көмегімен жабыстырып отырамыз.
Академик Ахмет Жұбановтың домбыраға берген бағасында: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ой, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі» деген болатын. Сол себепті, домбыраны қастерлеу, насихаттау – әр қазаққа арылған жүк, қасиетті парыз деп ұғыну маңызды.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
30 маусым 2020 ж. 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

№49 (1650)

30 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 601 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам