Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Арма, ақсақал!

Ел ішінде көз көріп, құлақ естіген қанша есті естелік бар. Солардың ішінде санаға сынадай қағылып, мұрадай маңыз беріп, жадымызда жатталып қалатын әсерлісі болады. Қанша уақыт өтсе де, болымды істің баяны өміршең бағасын жоймай, жадымызда ұзақ жатталып қалады. Сондай шынайы сөздің шырайы, сұңғыла ойдың сарқыты сары майдай сақтаулы.
Кешегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жері жомарт Жаңақорғанға барған жұмыс сапарында алдымен абыз ақсақалдың қарашаңырағына аялдап, онымен ауыл өмірі, ел бірлігі хақында әдемі әңгіменің желісін тарқатады. Содан әкім әкесімен, ақсақал баласымен сырласқандай тарам-тарам тақырыптың тиегі ағытылды. Түгіскен жұрты төбе­сіне қоятын Жүніс қария мәре-сәре жағдайда жасы жүз­ден асқанын ұмытып кетіп, тәңір қуат бергендей жеңілденіп, бірде желпініп, қомданған бүркітке ұқсап бабына келеді. Арма деген әлге қуат деген осы екен-ау! Олардың сөзін ешкім бөлмей, тыңдап отырады, тынығып отырады. Жарасымды жарқын жүздесудің жылылық лебін сезінеді.
Батыр Бауыржан Момышұлы ел ішінде отырған көргені көп қариядан «ақсақал» сөзінің мағынасын сұрапты. Сонда ақсақал: «бүгін мені жұрт ақсақал деп ардақтайды, шөже қоразды шұқыса не айтар екен деп аузыма қарайды, мұндайда әділдік жасай алдым ба, жоқ па деп өз-өзімнен қатты қысыламын. Себебі, әділетті айтылған бір сөздің өзі көп қырсыққа мұрындық, ал, әділетсіз жасаған шешім – шалшық суды емес, қайнар бұлақтың өзін бүлдіреді, осыны барлық жерде айтып отырамын» – дегенде Баукең: «әне, санаға түйгені мол, алысты болжай алатын ақсақал деген осы ғой» депті.
Расында, ақсақал – қарапайым қатар­дағы қағылез жұмысшыдан бастап, мем­лекет тұтқасын ұстаған қайраткерге дейін­гі аралықты жалғайтын жүлге. Сол ақыл иелерінің игі бастамаларының, ізгі ойының, қажыр-қайратының арқасында ауыл алауыздықтан ада келеді. Ұлы Тәуелсіз­діктің ұлық мақсаты осындай ауылдағы арағайынның ауызбіршілігінен арқау алатыны тағы ақиқат. Сөз етіп отырған соғыс және еңбек ардагері Жүніс Қабетенов те халықтың сондай сүйікті ақсақалы еді.
Туасы, облыс басшысы Қырымбек Елеуұлының ерекше қасиеті – аға буынға деген інілік ізетке, елге деген перзенттік парызға кең көзқараспен, қамқор көңілмен қарайды. Қай аудан, қай ауылға бармасын, қазыналы қарияларға сәлем беруге кел­генде, әйтеуір санаулы уақытынан саңылау табуға тырысады. Сол үлгілі үрдіспен түгіскендік Жүніс Қабетеновтің отбасына жиі баратын. Бұған дейін екі дидарласқан қарт пен қайраткер үшінші кездесу соңғы екенін білген жоқ. Бәлкім, кәрі жүрек соны сезген болар, аздап ауырсынған ауруын дереу ұмытып кетті. Төсектен басын көтеріп, тойға бара жатқандай тәуір кәстюмін киіп алды. Алыстағы жамағатын күткендей кемсеңдеп көше қарап отырды. Күткені келді. Әкім есіктен кірген бойда тарамыстай тартылған ақсақалды бауыры­на басып, сіңірдей саусақтарын сипап, қолын алды.
– Қуаттысыз ба, ақсақал? Жан-жағыңыз аман ба? Өзіңізді көруге келдім. Сіз бір әулеттің емес, Сыр елінің әкесісіз.
– Кәрілік ғой, кейде жатып қаламыз. Бүгін сіздің келгеніңіз мені төсектен еріксіз тұрғызды. Арма деген әлге қуат.
– Қонысыңыз құтты болсын!
– Электр қуатынан тұтанған жалын лезде үйді шарпып кетті. Жаны жоқ нәрсе орнына келеді ғой. Балаларым жаңа үйге екі айда кіргізді.
– Келін түсіпті, тойға шақыруды ұмыттыңыз ғой...
– Жоға. Тойды алдағы уақытқа белгілеп отырмыз. Сізге айтылады. Немерем Қанат «көкпарды» әкеліп тастады. Өзім де келіннің қолынан шәй ішкім келіп жүр еді. Түркістанның қызын таңдап алдық.
– Балалар бақытты болсын!
– Қырымбек, мен тастай мықты екен­мін. Соғыс көрдім, азапты күндерді бастан өткердім. Майдан даласынан елге ора­лып, еңбекке араластым. Қой бақтым, қол­дан келген жұмысты жасадым. Содан әлі тірімін ғой. Мынадай мәйегінен май тамған заманды көрем деп ойладым ба? Ел мен Елбасы аман болсын, халық тоқ, зәулім үйлер тұрғызып жатыр. Осыдан артық бақыт бар ма? – деп қанағатшыл қария аузына тобасын алды.
– Қарын ашса тояды ғой, рух пен руханият азбасын, ақсақал! Елдік мәселе күн тәртібінен түспейді, назардан ешқашан тыс қалмайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосуды мақсат етіп қойып, мемлекеттік қызметкерлерге ха­лық­қа қалтқысыз қызмет етуді тапсырып отыр. Осы бағалы бастаманы жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету керек. Елді еңбекке жұмылдыру қажет. Басқасын былай қойғанда, бір Түгіскеннің өзінде қаншама тірлік істеліп отыр. Ауылдағы жер мәселесі толықтай шешілді. Қазір тірек ауылы деп қыруар қаржы жұмсалуда. Жаңа ғана 300 орындық жаңа мектептің орнын белгілеп қойдық. Мектеп құрылысы республикалық бюджетке ұсынылып, елі­мізде салынатын 42 мектептің қатарына кірді. Емхана құрылысы тоқтап қалды дегесін тиесілі қаржысын бюджеттен бөлгізетін болдық.Оған 57 млн 906 мың теңге қаралып отыр. Алла жазса, маусым айында сіз ауылдың емханасынан ем ала­тын боласыз,– деп Қырымбек Елеуұлы елге жасалып жатқан жұмыстардың бір сыпырасын жеткізді.
– Халық жақсы болса, бәрі жақсы ғой.
– Әрине, ақсақал. Сіз Сыр елінің кө­терген туы секілдісіз. Сүйегі асыл ақ­сақалдар барда, шаруаға шарапаты тиеді, олардың ақыл-кеңесі абыройға жетелейді. Қызылорда облысы 2016 жылды жақсы нәтижемен бастады. Біз даму көрсеткішімен 16 аймақ ішінде үшінші орынға көтерілдік.
Мен Түгіскеннің даму жобасын қайта қарап, ауыл ауқымын кеңейтуді тапсырып отырмын. Себебі халық саны артып келеді. Бұрын Жаңақорған ауданында халық саны ең көп ауыл Төменарық болатын. Қазір Түгіскен баса озып кетті. Ұрпақтың көбейгені – елдің өскені. Ал, елдің өскені – әлеуметтік жағдайдың әлеуеті. Қазақ «дүниенің қызығы – бала» деген, өмірге бала көп келсін деп тілейік.
– Дұрыс айтасын, Қырымбек. Менің Үрбибі кемпірім он құрсақ көтеріп еді. Содан жетеуі аман ғой. Шүкір, сол жетеу­ден 37 немере, 78 шөбере бар. Енді келін­дерге кесапат-кесір келмесін деймін іштей.
– Орынды. Бізге не тапсырмаңыз бар?
– Сіздің келіп, жағдайымды білгенің, жақсылыққа ортақтасқаның менің ме­рейім­ді өсірді ғой. Тәңір тірліктеріңе табыс берсін, амандықтарыңды қолдасын! – деп ақсақал ақ батасын берді.
Мұнан алдыңғы кездесуде Жүкең: – Қырымбек қалқам, алтын уақытыңды ысы­рап жасап, сәлем бергеніңе кәдімгідей көте­ріліп қаламын. Бірақ бұл пендешілік пиғыл. Шын мәнінде, басшы біреу, қосшы көп. Басшының алдында үлкен-кіші де­ген болмайды, сені біз іздеп баруымыз ке­рек, саған тілекші болуымыз міндетті. Мұ­сылманда мұны «уәжап» дейді, – дегені бар.
Тағы бірде: – Қолда тұрған құсты қатты қыссаң өледі, бос ұстасаң бетімен кетеді, бірде қатты, бірде бос ұстау керек. Халық та құдды осылай. Осыны Елбасыға жеткізесің бе? – деді үлкендік үмітпен.
–Ақсақал, айтамын. Осы сөзіңіздің бір әрпін бұзбай жеткіземін,–деді облыс әкімі.
«Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде сәтін тауып, Қырымбек Елеуұлы ақсақалдың аманатын Елбасына жеткізді. Жөн сөзге бір жымиып алған Елбасы: «Айтқанындай болады», –деді.
Әсілі, басынан қиын-қыстауды көп өткізіп, оның әрбірін сабырмен жеңе білгенге Тәңір де таршылық жасай қой­майды. Жүніс ақсақал жүз үш жасқа келіп, бақилық болды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін төсекке таңылып жатқан жоқ. Сыр бермеді. Өзі 1939 жылдың 7 ақпанында үш жылдық әскер қатарына шақырылып, аяғында майдан даласынан бір-ақ шықты. Украина, Гомель, Будапешт қалаларын азат етуге қатысты. Үш рет ауыр жараланды. Жаңылып артынан қара қағаз да келген. Кәрі шешесі мен жалғыз қарындасы қара жамылып «әкеден жалғыз еді, тұяқ қалмағаны ма» деп көз жасын көл қылып отырғанда 1945 жылдың қыркүйегінде елге аман-есен оралды.
Ауыр кезеңдер өтті. Жүніс езілген еліне ес болуға жарады, қара бейнет кешті. Атышулы Сунақата каналын қазуға қатысты. Бұдан кейін «Бірлік» кеңшарының №3 фермасында шопан болды. Құдайға шүкір, мал баққан отыз үш жылдың ішінде әрбір жүз саулықтан 140-170 төл алып, Бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің бір-неше мәрте жеңімпазы атанды. Жоғары жетістігі үшін «Москвич» автокөлігіне ие болды. Балаларды түгел оқытып, бір-бір қызметтің тұтқасын ұстатты. Қолына ұлы Мейрамбек пен келіні Бибісараны алып қалып, басқалары өз алдына енші алды. Ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтің «ақсақалға жарасар, аузындағы тобасы» демекші, әңгiмесi жүйелi, жүрiс-тұрысы ұнамды, болмысы бекзат, бiрауыз сөзiне көптi ұйытқан ақсақалға облыс әкімі де ерекше құрмет көрсетті. Оған сөз басындағы сұхбаттың өзі себепкер.
Ал, ақсақалдың айтуымен ауылдың алқасы да ажарлана түсті. Мәрт мінезді аймақ басшысы уәдесін орындады. Түгіскен – тіректі елді мекендердің қатарына қосы­лып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, жарықтандыру және ауыз су мәселесі толық шешімін тапты. Келесі жылы 300 орындық жаңа мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Ал, амбула­­торияның толық құрылысын бас мердігер «Аман Құрылыс» ЖШС бітірді. Күндізгі ем алуына арналған үш үлкен, екі кішкентай балаға арналған төсек бар. Ауылда өнер, спорт мектептері жұмыс істейді. Одан дарынды, даңқты жастар көптеп шығып жатыр.
Осыдан алты ай бұрын Түгіскенде үш соғыс ардагері тұратын. Майдандас, бірақ он жастай кіші Әсен Құлымбетов пен Сейфулла Жұмаділлаевқа Жүніс:«бала, аға­ларыңа келіп, сәлем беріп тұрыңдар» дейтін еді әзілдеп. Енді олар алдына салатын ағаларының орнын сипап қалды.
Естуімше, өмірінің соңғы секундтары со­ғып жатқанда абыз адам ғой, балаларын қа­сына алып, ішке бүккен сырын баяндады: –Мен жарық дүниеге жылап келдім, енді күліп кеткім келеді. Ұрпағымды ешкімнен кем еткенім жоқ. Әкелік парызым өтелді деп ойлаймын. Қарапайым адам демей ел ағалары құрмет көрсетті. Оларға шексіз ризамын. Ендігі ғұмырым арғы дүниеде. Мені тыныш жатсын десеңдер, біреудің ала жібін аттамай, адал еңбек етіңдер. Адалдық – жүзіңді жарық етеді, наныңның дәмі тәтті болады» депті.
Міне, «арма, ақсақал» деген әкімнің бірауыз жылы сөзінен осынша ой тарқаттық. Аға сыйлаған етекте қалмайтын әдеп бар, Жүніс ақсақалдың батасы да бағасыз емес. Елді көгерткен бата, ерді де көтеретін шығар...
Қаныбек ӘБДУОВ
29 тамыз 2020 ж. 218 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (1676)

29 қыркүйек 2020 ж.

№74 (1675)

26 қыркүйек 2020 ж.

№73 (1674)

22 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 11 210 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам