Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Балам, нан қиқымын шашпа!

Балам, нан қиқымын шашпа!

Ас атасын қадірлеуге үндейтін «Нан қиқымын шашпаңдар» деп басталатын өлеңді жаттап өспеген қазақ баласы жоқ шығар. Әсіресе үлкендер жағы осы бір өлеңді балаларға айтқызғанды жөн көреді. Өйткені аштық пен таршылықтың дәмін татқан, халқының жартысына жуығы нәубетті кезеңдерде қырылған қазақтай ұлт нанның қадірін өзгеден артық түсінуі керек емес пе?!
Өткен жылдан бастап ел үкіметі бекіткен қаулымен мемлекетімізде нан күні аталып өтетін болды. Республика Премьер-министрі Асқар Маминнің қолымен бекітілген 2019 жыл­ғы 16 қыркүйектегі № 691 қаулыда 16 қазан күні екені жазылған.
Хош делік, арнайы атаулы күн болмаса да қазақ нанның қадірін жете түсінетін жұрт еді бір кезде. Несін жасырамыз, дүкеннен кеше алған наны желінбей қалса, ертесіне «ескіріп кетті» деп, қоқысқа тастайтындар да бар. Бүгінгідей тоқшылық заманда нанның қоқыс жәшігінде жатқаны жанды ауыртады. Халқымыздың жүріп өткен тарихына үңілсек, бір үзім нан түгілі, бір түйір бидайға зар болған кездері аз емес. Қатпар-қатпар тарихты қозғап, ғасырлар қойнауына тереңдемей-ақ қояйық. Жәй, өткенді еске салатын бір-екі ғана мысал келтірейік.
Ғалым Мекемтас Мырзахметовтің басынан өткен оқиға көпшілікті бей-жай қалдырмасы анық. Ол кісі «Ана тілі» газетінде: «...Ашар­шылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербаcтаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп ке­лемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым», деп анасының айтқанын баяндайды.
Бейімбеттің «Күлпашын» оқыған қазақ Мақтымдай әкенің таңнан кешке дейін ел аралап, бір үзім нанды әрең табатынын, тіпті кейде соған да зар болып қалатынын жақсы біледі. Күлпаштай ананы байдың үйіне жалдануға, ашығын айтқанда кіші әйелі болуға сол кездегі жағдай мәжбүр етті. Олай жасамаса Қалидай жалғызы аштан өлуі мүмкін деп ойласа керек. Жақындарын аштықтан құтқарудың жалғыз жолы осы деп білген Күлпаш тағдыр талайына жазылған тау­қыметке көндіккен. Бай үйіне үй­ренісемін дегенше болмады, Мақтым мен Қалидың жағдайын білмекке келгенде жақындарының құшақтасқан күйі қатып қалған мүрделерін көреді. Майлиннің туындысын оқып отырған шақта осы бір көрініс жаныңды ауыртып, жүрегіңді қан жылатады. 
Сол кезде талғажау ететін бір үзім нан болғанда асыл ана құндақтағы сәбиін қас­қырлардың аранына тастамас еді. Азық етерлік нан болғанда Күлпаштың тағдыры басқалай өрбитін еді. Әттең, бүгінгідей иттің басына іркіт төгілген заманда нанның қадірін жете түсінбей жатырмыз ғой. Менің ойымша, үкімет те нанға байланысты арнайы күнді қазақ баласы ас атасының қадірін білсін деп шығарған сияқты. Дұрыс әрі оңтайлы қабылданған шешім екен. Ата-бабаларымыздың басынан өткен нәубетті кезеңдерді еске алып, балаларымызға нанның қадірін ұғындыру әрбіріміздің міндетіміз деп білген жөн.
Нанның қадірі туралы айтылатын діни аңызда Ыбырайым пайғамбардың қалай мол­­шылыққа кенелгені жазылған. «Бірде Ыбырайым­ пайғамбар Құдайға: – Ия, Жаратушы ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! – дейді. Алла оған: – Ей, Ыбырайым, «берекем қашып, малым сар­қылсын» десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы ша­шылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқы­мына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті» – деп жауап берген дейді аңыз сөзі. 
Әр аңыздың түбінде ақиқат жататынын ескерсек, Құдайдың ырысты нанның қиқымына жасырғаны шындық секілді. Сол себепті ырысым артып, берекем тасысын десеңіз, балаңызды нан қиқымын шашпауға баулыңыз.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ
17 қазан 2020 ж. 93 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (1682)

20 қазан 2020 ж.

№80 (1681)

17 қазан 2020 ж.

№79 (1680)

13 қазан 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 11 384 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам