Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Әбігер әлем




«The New York Times»


Халық пен ханшайым

Басылымның соңғы санында Тайланд еліндегі наразылыққа қатысты «Тынымсыздық теңізіндегі патша шеруі» атты Ханна Бихтің ғажап мақаласы жарық көрді. Неге ғажап дейсіз ғой? Себебі автор конституциялық монархияның «жемісі» мен саяси оқиғаның өрбу барысын бір ғана әсерлі тақырыппен-ақ тарқата білген. Егер де «The New York Times» газеті мақаланың тақырыбы мен суретін ғана жариялаған болса да мазмұнға зәредей зақым келмес еді. Себебі...
Шілде айының 18-нен басталған наразылық шарасы Бангкоктың шырқын кетірді. Дауға толы айқай мен көтеріліс белгісіне айналған «үш саусақты» отшашу үкіметтің де, тұрғындардың да сілесін қатырған еді. Құқық қорғау органдары наразы топты тарқатумен әлек болса, үкімет коронавирустың алдын алу мақсатында 5 адамнан артық жиналмауға үндеуден көз ашпады. Көшеге шыққан он мыңдаған азамат алған бетттен қайтпай, керісінше, қатары арта түсті. Бәрінің ортақ талабы – премьер-министр Прают Чан-очаның отставкаға кетуі, парламентті тарату, конституцияға өзгеріс енгізу. Сонымен қатар наразылықтың бастауына «Ұлы мәртебеліні қаралау» заңының әсері мол.
Енді мына қызықты қараңыз. Сәрсенбі күні ғибадатханадан қайтқан Сутида ханшайымның салтантты шеруі Бангкоктың орталық көшесімен жүрді. Жиналған ереуілшілер «Менің салығым», «Жасасын халық!» деген ұранмен салтанатты шеруді тоқтатпақ болып, бөгет жасады. Полиция жасақтары жол ашып, көлік қозғалысына мүмкіндік берді. Дәл сол сәтте ханшайымның танданыс жүзі мен шерушілер арасын қақ жара өткен rolls-royce көлігі «объективке ілініп», әлемдік БАҚ-тың назарын аударды.
Ханна Бихтің тақырыпты ойната сөйлеуінің мәні де осында еді: «Тынымсыздық теңізіндегі патша шеруі». Қандай үйлесім! Тынымсыз жұрт, салтанатты шеру.

«The Wall Street Journal»


«Тақ» үшін талас

Америкалық ақпарат көздерінің апта бойы назары Жоғарғы сот лауазымында болды. Анығында, үміткер Эми Берретт төңірегінде. Жақында дүние салған Гнизбург Рут Бейдердің орнын иеленуге тиіс үміткер заң институттары мен БАҚ-тың жіті бақылау нысанына айналды. Жаңалық елдегі басылымдардың бас мақаласына арқау болғанымен, халықаралық маңызы бар ақпаратқа жатпасы белгілі. Мұны АҚШ-тың ішкі жаңалығы есебінде елеусіз өтуге болар еді, алайда демократиялық үлгідегі сот жүйесі мен заң шеңберін жіті тану және азаматтардың заңдық сауаты төңірегінде жұмыр түсінік қалыптасу үшін «The Wall Street Journal» газетіндегі Джесс Бравиннің «Берретт тыңдалымды тәмамдады, сенат шешімін күту» атты мақаласын талдау маңызды.
Ол мақалада жиын барысында қойылған сауалдарды атайды:
«Сәрсенбіде өткен талқылауда Эми Барреттке бірнеше өзекті сауал қойылды. Әсіресе, конституция мен баспасөз бостандығы жайлы сұрақтар қиынға соққаны мәлім. Ол сенатор Джон Корнин сұрағына: «Егер мен қордаланған мәселелерді қалай шешуді мақсат тұтқанымды алдын ала айтсам, бұл менің жүруге тиіс жолымды бөгейді және келешекте ой таразысын дөп басуыма кедергі келтіреді» деген жауап қайтарды. Бұл – үшінші тыңдалым. Бұған дейінгі екі кездесуде медицинаның қолжетімділігі мен құпия заң нормалары жайлы Эми Берретттің ұстанымы сөз болған».
Сонымен бірге «The Times», «The Washington Post» газеттерінің үміткер туралы жалпылама ұстанымына тоқталайық. Басылым бетінде Эми Берретт тәжірбиелі заңгер әрі көпбалалы ана болғандықтан американдық азамат үшін «мінсіз тұлға» саналады делінген. Оған қоса, оның элиталы католик университетінің түлегі болғаны және жеке ұстанымы консервативті діншілдер тарапынан да қолдау табуына сеп болмақ.

«The Washington Post»

Сайлау дауы

АҚШ-та президент сайлауы 3 қараша күні өтеді деп жоспарланған. Басты үміткер, әрине, бүгінгі басшы Дональд Трамп екені сөзсіз. Алайда баспасөзде президенттің коронавирусқа шалдыққаны және кенже ұлына қатысты қылмыстық іс туралы мәліметтер тарап, бұқара арасында түрлі пікір туындаған. Уақыт таяған сайын саяси комбинация мен айла-шарғылар онсыз да «секемшіл елді» түрлі ойға жетелеуде. Бірі президенттің әлі толық айыққанына сенімсіздік тудырса, бірі өткен сайлаудағы дау қайталанып, сыртқы күштің әсері бола ма деген күдікте.
Осыған орай, «The Washington Post» газетінде Джош Доуси мен Жасмин Абуталиевтің «Сауыққан Трамп дертпен күресуде» атты бірлескен мақаласы жарық көрді. Онда алдағы сайлауға коронавирустың әсері және кандидаттардың оқыс мәлімдемелері қамтылған:
«Президент Трамп өзінің коронавирустан айыққанын жеткізіп, елдегі індеттің таралуы тежелгенін және азаматтарды жұмысқа қайта оралуға үндеді. Сондай-ақ, үш аптада елдегі карантиндік ахуал тұрақталатынын да атап өтті. Президенттің жақтастары да бұл мәлімдемені алға тартқанымен, жалпы халық «тығырыққа тірелген» көріністі байыптап отыр».
Мақалада президенттің саяси қадамын саралаған мамандар пікірі де сырт қалмады. Соның ішінде, бұрынғы «Республикашыл» әккі ойыншы Майкл Стилдің сөзі ерекше назар аударуға тұрарлық:
«Дональд Трамптың жақтастары оның бірбеткейлігіне сенім білдіріп, мәлімдемелерді растағанымен, қаншама американдық әлі де болса азап тартуда. Себебі көптеген жұмыс орны жабылды, індет ауылдық өңірлерде өршіп барады. Ал президент індетке шалдықты деген ақпар тек арзымас аяушылық пен жалаң көшбасшылық кейпін тудыру айласы ғана».

«CNN News»


МҰХИТ АСҚАН «ШЫДАМ ШЕГІ»

Құқық қорғау мамандарының қатігездігіне қарсы көтеріліс мұхиттың арғы жағынан көрініс бергені белгілі. АҚШ-тағы қара нәсілді Джордж Флойдтың қазасынан кейін басталған қарсылық шарасы әлемдегі полиция озбырлығын тежеуге қозғау салуда. Ендігі наразылық шеруі Африка құрлығында тұтанды. Нигерия елінде белсенді топтар мен атақты тұлғалар халықты жаппай көшеге шығуға үндеп, елдегі полиция қатыгездігіне нүкте қоюға шақырды. Оқиғаның мән-жайын «CNN News»-тің меншікті тілшісі Темиладе Аделаджа былайша тарқатады:
«Жалпыхалықтық қарсылық – адам ұрлығы, аңду, полиция тарапынан ақша жымқыру салдарынан орын алған ашу мен шыдамның шегі. 11 қазан күні болған ауқымды шеруде құқық қорғау органдары ешқандай қамауға алу, іздеу ісін жүргізбеді. Нигерияның Бас полициясы Адам Мохаммедтің хабарлауынша, жағдайды тұрақтандыруға барлық мүмкіндік қарастырлуда. Нәтижесінде енді мемлекеттегі SARS және өзге де ұйымдарға арнайы операциялар мен патрулдік шараларды жүргізуге, тексеру пунктерінде бақылау жасау және блокпост қоюға тыйым салынған».
Қарсылық шарасы әлі де болса Нигерияның негізгі қалаларында жалғасуда. Әсіресе, Батыс Африкадағы құқық қорғау мамандарының озбырлығы халықты қажытқан. «CNN News» арнасы халықаралық «Amnesty International» құқық қорғау мекемесінің мәліметіне сүйеніп, 10 бейбіт халықтың өлімі тіркелгенін мәлімдеді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған:
Ерсін ШАМШАДИН
17 қазан 2020 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (1682)

20 қазан 2020 ж.

№80 (1681)

17 қазан 2020 ж.

№79 (1680)

13 қазан 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 11 383 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам