Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӨНЕРЛІ ЖАСТАР ОРДАСЫ

ӨНЕРЛІ ЖАСТАР ОРДАСЫ

   «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй»... Иә, тәтті әуен мен күмбірлеген күй, жан-дүниемізді рухани байытатын театрды бір ғана «мәдениет» ұғымы біріктіреді. Мәдениет пен өнер егіз ұғым. Ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек қателеспейміз. Себебі, ақиық ақын да, ғұлама ғалым да, бұлбұл дауысты әнші де осындай ауылдық клубтардан, мәдениет үйлерінен білім алып, таланттарын шыңдайды.
Бүгінде қаламыздағы кез келген ауылдарда қазақ екенімізді көрсететін, оны одан әрі жетілдіріп, дамытатын мәдениет үйлері жетерлік. Бұған дәлел Белкөл кенті әкімі аппаратының «Белкөл кентінің клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Бұрын кенттегі сауда үйі болып, кейін қайта жаңғырған бұл ғимарат 2007 жылы жаңартылған. 2014 жылдан бастап  заңды түрде мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ретінде халық игілігіне берілді. Былтырдан бастап клубтың меңгерушілік қызметіне келген Серік Алшоразов кенттің рухани-мәдени тұрғыда серпіліс жасауына еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, мұндай мәдениет ошақтары өрелі өнерге қызығушылығы бар көп жастар үшін үлкен мүмкіндік ашады. Себебі, мұнда олардың талантын ұштап, дарынын шыңдай түсетін түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс жасайды. Клубтың тыныс-тіршілігімен емен-жарқын бөліскен меңгеруші бізге «Қаныңдағыны қастерлемесең, қадірің болмайды»  демекші талабы мен талпынысы бар жандарға қашанда бағыт-бағдар беруге дайын екендігін айтады.
Еңбектің өрі, өнердің төріне айналған рухани ордада қазіргі таңда 6 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың қатарында әдіскер, ұйымдастырушы, сүйемелдеуші, есепші және кіші қызметкер бар. Әрдайым белсенділікпен жұмыс жасайтын мұнда өткен жылдың өзінде айтарлықтай мәдени іс-шаралар көпшілік назарына ұсынылған. Белгілі жырау Сұраған Мырзаевтың құрметіне арналған «Жырмен елге ұнаған, Дүл-дүл жырау Сұраған» атты жыршы-термешілер кеші, О.Бөкей атындағы қалалық көркемсөз оқу байқауы, үштілділікті насихаттау мақсатында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты қалалық жас айтыскер ақындар сайысы, «Ән шуақты әжелер» атты «Ақ бата» әжелер ансамбілінің концерті мен өзге де ауқымды шаралар бар. Сонымен қатар, 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай кенттегі төмен отбасыннан шыққан және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатында  «Selena star» мейрамханасында балаларға шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.
«Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген екен халық даналығы. Балаларға күн сәулесіндей өзінің бар білгенін үйретіп жүрген талантты ұстаз Шынар Нұрмағанбетова бүгінде талапты да, өнерге құштар өрендерді тәрбиелеп келеді. «Жезтаңдай» ән үйірмесі, «Сыр маржаны» көркемсөз, «Ақ бата» әжелер және «Сәнім» би үйірмесі жұмыс жасайды. Мұндағы әжелер мен жас өспірімдер көптеген қалалық, облыстық жарыстарға қатысып түрлі орындарды қанжығаларына байлап келеді. Мәселен, облыстық «Бозторғай» байқауынан «Жезтаңдай» ән үйірмесінің мүшесі Арсылан Толыбек  1 орын, Ақылбек Нұрасыл 2 орынды иемденсе, Нармахан Дамир арнайы алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар, «Сыр маржаны» көркемсөз үйірмесінің талантты оқушысы Берікбол Қызылбай Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауына қатысып жеңіс тұғырынан көрінген. Тілдер мерекесіне арналған «Ұлт болашағы – ана тілінде» көркемсөз оқу шеберлері байқауында бас жүлдені Қуандық Шайхслам иемденген. Үйірмеден білім алып, қалалық, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып өз бағын сынап жүрген Нұрбек Сейтжан да халықаралық тілдер мерекесіне арналған «Тіл – достықтың  тірегі» атты жас ақындар арасында өткен қалалық байқаудан жүлделі болды.
Әр баласын тұлға қылып тәрбелеп өсірген ақ жаулықты әжелеріміз де осы кенттің мақтаныштары десек артықтық етпес. Мұндағы әрбір әже адал ниетімен, ақ батасымен айналасын арайландырған бір-бір шаңырақтың шаттығы мен қазынасы. Бүгінде Мұхтар Байманов жетекшілік жасайтын «Ақ бата» әжелер ансамбілінің құрамында  7  әже өнер көрсетеді. Жетісітктері де аз емес. С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Әжелер – алтын қазынам» атты қалалық әжелер байқауында ансамблдің мүшесі Маңдайлы Дәулетбаева есімді ақжаулықты анамыз арнайы алғыс хатпен марапатталған. Бүгінде клуб үйірмелерінде 100-ге жуық талантты өнерпаз бар. Ел игілі үшін жұмыс жасап келе жатқан рухани шаңырақ әлі талай талантты жастарды өнерге баулып шығары анық.
                                                                                     Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА,
                                                                                       ҚМУ-дің IV курс студенті.

13 ақпан 2018 ж. 175 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (1409)

23 қаңтар 2018 ж.

№6 (1408)

20 қаңтар 2018 ж.

№5 (1407)

16 қаңтар 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 355 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам