Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТУҒАН ҚАЛАҒА ТОЛҒАНЫС

ТУҒАН ҚАЛАҒА ТОЛҒАНЫС

   Ел мақтанына айналған Қызылорда туралы қаншама әндер жазылып, тыңдарманның жүрек түкпіріне тереңнен орнықты. Мәселен, Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі», Мұрат Сыздықовтың «Сыр гүлі», Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» сынды естіген жанды елітіп, құлақ құрышын қандыратын әсем әуезді әндері әлі күнге дейін көпшіліктің айта жүретін сүйікті әуендері қатарында.                                                                                
Бұл тұрғыда Рамазан Таймановтың «Қызылорда – туған жерім» әнінің де шоқтығы биік. Ол – облыстың бас  шаһарының көркем шырайын айшықтандыра түсетін бірден-бір туынды. Сырдария ауданының тумасы ақын Сейітмұрат Ембергеновтың сөзіне жазылған ән бүгінде қызылордалық жұртшылықтың әнұранына айналғандай. Ғажайып туындының өн бойынан туған топыраққа деген құштарлық, өшпес махаббат айқын сезіліп, патриоттық сезім одан әрі ұлғая түсетіндей.                                                   
     Қызылордам – туған жерім,                                                                 
Табиғатың молдан сенің,                                                                     
  Ұл-қыздары ерке,                                                                                     
Сен – кең далам!..                                                                                        
   Расында да, кіндік қан тамған жерге деген өлшеусіз ыстық сезімді паш етіп тұр емес пе? Ал, көптің қосыла шырқап жүрген осындай әсерлі әуені қалай дүниеге келіп еді? Оның біз білмейтін қандай да бір өзіндік тарихы бар ма? Осы мақсатта ән авторы – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов ағамыздың өзімен жүздестік. Кісі жатырқамайтын жайсаң мінезді ағамыз телефон тұтқасының әрі жағынан сол әдетінен айнымай байыппен сөйледі де, қалалық мәдениет үйіне келуімді сұрады.                                                          Әуелде әннің жазылу тарихын сұрағанымда: «Шабыт келді, жазылды» деп қысқа қайырсын. Бағы жанған талай әннің авторына айналған сазгерден мұндай келте жауап күтпеген болуым керек, таңғала қарадым. Кейін арада бірер секунд өтер-өтпес уақытта нұрлы жүзіне лезде күлкі үйіріліп, біршама жылға шегініс жасап көп дүниені еске түсірді.                                                            – Ұмытпасам, бұл әннің жарыққа шыққанына 20 жылдан астам уақытқа таяп қалды, – деп бастады ол әңгімесін. – Әуелі жүрек түкпірінде шырқалып жүрген ән болғанымен, әлі толықтай аяқталып, жарық көрмеген дүнием еді. Бастапқыда оны «Қызылорда жастары әні» деп атағанмын. Сыр өңіріне танымал ақын Сейітмұрат Ембергеновке туған қала туралы кезінде жан-дүниені шымырлатар әдемі өлең жазып беруіне өзім қолқа салған едім. Сөз жазылып тұрғанымен, әуенінің әлі нүктесін қоя алмай жүргенмін. Өздеріңіз білесіздер, 1998 жылдың тамыз айында «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» тақырыбында Елордада облыстың мәдени күндері өтті. Сол кезде  режиссер Ерғали Оразымбетов айтулы ауқымды шараның әнұраны ретінде сапалы ән жазып беруімді өтінген еді. Сөйтіп, ойымда жүрген осы әнімді өңдеп, «Қызылорда – туған қалам» деп атауын өзгертіп, топтық орындауда жазып шықтым. Сөйтіп, алғаш рет Ғалым Елубаев, Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова бастаған қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындап шықты. Бұл шарада түрлі жанрда өнер көрсетіп, елордалықтардың ерекше қошеметіне ие болып қайтқанымыз бар. Әлі есімде, үлкен дайындықпен барған шығармашылық топтың өнерін жоғары бағалаған Елбасының өзі өнерпаздарды сахнаға төрт мәрте шақырып, қайта өнер көрсетуін сұраған еді, – дейді композитор.                       Сөйтіп, өнерсүйер қауымның арасында тез таралған ән шынымен де Алаштың Ақмешітінің әнұраны іспеттес. Сазгердің айтуынша, бұл дүниенің балаларға арналған нұсқасы да бар екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Эстония астанасы – Таллиннде өткен әнші балалар байқауында бұл туынды халықаралық деңгейдегі әлем сахнасында алғаш рет шырқалған болатын. Қазір қазақ эстрадасында өз орнын еншілеген Алмас Кішкенбаев – ол кезде өнер әлеміне енді аяқ басып келе жатқан мектеп оқушысы. Оның қатарында шоқ жұлдыздай жарқ еткен марқұм Нәби Аймұратов та бар еді. Төрттікте бұдан өзге талантты өрендер Ақгүл Асанбаева, Арайлым Ибраева сынды жас өнерпаздар болды. Олар әсерлі әуенді жүректің пернесін дөп басып, шымырлата шырқап, аталмыш ән Таллиннің алтын қорына енген еді. Сол сәтте болашақ ән өнерінің жұлдыздары туған топыраққа деген ыстық махаббатын, ерекше құштарлығын осылайша музыка тілімен, нота ырғағымен жеткізген-ді. Бүгінде олардың бірі, халқымыздың ардақ тұтар сүйікті әншісі болса, енді бірінің осы салада шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етіп жүрген жайы бар.                                                                                                    
– Бұл әнді мен өнер жолында жасаған сәтті қадамымның бастауы ретінде жоғары бағалаймын. Репертуарымда қаншама ән болса да, бұл туындының мен үшін орны бір төбе. Аталмыш әнді орындағанда 12-13 жаста едім. Сахнаға, өнерге деген қызығушылығымның жалындап тұрған кезі. Мәдина Сәдуақасова бастаған әншілер бұл әнге клип те түсірді. Осыдан 4-5 жыл бұрын қайта өңделіп, соңғы нұсқамен тыңдарман назарына ұсынылдық, – дейді елімізге белгілі әнші, жерлесіміз Алмас Кішкенбаев.                       
          Иә, талай әншінің бағын ашқан бұл ән басқа әндерден өзгерек. Жүрекке жылылығымен, тілге жеңілділігімен, бастысы көңіл толқынын иіре тербететін ырғақтылығымен ерекше. Сырбаз жандармен сырлы сұқбаттан кейін мен де «Бойымен дарияның сызылып аққан, байлығы ақ маржан боп төгіліп жатқан» деп әндете сылқым өзен бойын жағалай кете бардым. Бұл – «Қызылорда – туған жерім» әні еді...
                                                     Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.     
17 сәуір 2018 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (1432)

21 сәуір 2018 ж.

№29 (1431)

17 сәуір 2018 ж.

№28 (1430)

14 сәуір 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 634 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам