Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН

ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН

  Отбасы – ынтымақ пен берекенің алтын қазығы. Өркені жайылып, өрісі кеңейіп, өз отауының сүттей ұйыған мызғымас тыныштығын сақтап жүрген отбасылар аз емес. Ұрпақ өсіріп отырған алтын құрсақты аналарымыз бен шаңырақтың айбарындай ақылы кемел аталарымызды көргенде бір марқайып қаламыз. Әулеттің бағына қарай келіндері инабатты, қыздары ибалы, бір-бірімен әзілі жарасып тұрса, сол үйдің түтіні түзу шығады. Осындай отбасылардың ауызбірліктері жарасқанына қарап бойымыз да, ойымыз да тазарып, рухани демалып қаламыз.
Осындайда кеше ғана айдай әлемге жар салып, некелесіп, екі елді туыстырып, арасына жыл салмай ажырасып жатқан жас жұбайларды көргенде жадыраған көңілің су сепкендей басылады. Байқасаңыз, шаңырақ көтерген кез келген ерлі-зайыпты бастапқыда сезімдері арнасынан тасып, бақыт құшағында өмір сүріп жатады. Уақыт өте келе, күнделікті күйбең тіршілік бар, қала берді байқалмайтын жауапкершілік көбейе түскен шақта арадағы сезім сөніп, бір-бірінен алыстай түседі. Өмірде кездесетін аз ғана қиындыққа қазіргі жастар тосырқай қарайды. Әрнәрсенің қиюын тапса, бірлесіп шешілмейтін мәселе жоқ екенін түсінгісі келмейді. Бар қиындықты ата-аналарына жүктеп, жауапкершіліктен қашқақтайды. Өзара түсінісу мен ұғынысу деген жайына қалып, екі жастың арасында ұрыс пен жанжал белең алады. Ал, өрши түссе, ақырында жұбайлық байланыс үзіліп тынады. Сондықтан жаңа қосылған жас жұбайлар бір-бірінің айыбын санамалап, оны ұлғайтуға әрекет етпеуі тиіс. Керісінше, жұбының жақсы қасиеттерін көбірек тілге тиек етіп айтып отырған жөн. Ал, кемшіліктерін жасыруы арадағы сезімнің суып кетпеуіне септігін тигізеді.
Тағы бір сақтанатын нәрсе, өзінің жұбын ортасындағы жора-жолдасы, ағайын-туысы немесе әріптестерімен салыстыра бастайды. Соның салдарынан адам өз жұбының кемшілігін көріп әрі оның наразылығын тудырады. Бұл өз кезегінде жұбайының жан дүниесін жаралап жатқанын сезбей жатады.
Адам болған соң, оның жақсы мінезімен қатар жағымсыз мінезі де қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Ал, салыстыру – отбасын бұзады және қосағының намысына тиеді.
Отбасылық өмірде проблема мен келіспеушіліктер орын алып тұруы заңдылық. Ал, бұл келіспеушіліктің қайталана беруінің бірден бір себебі –ерлі-зайыптылардың ол мәселе жайлы ашық сөйлесіп, оның шешімін бірігіп таппастан, жылы жауып қоюында. Нәтижесінде арада жақтырмау, жек көру сезімі туады. Мұны шешудің жолы – келіспеушілік орын алған уақытты суытпай, рет-ретімен әр тақырыпты талдай отырып, ұрыс-керіссіз диалог түрінде өзара түсіністікке қол жеткізу.
Отбасылық одақта маңыз алатын кезең, жұбайлар жұмыс қаншалықты қауырт болса да, бір-біріне көңіл бөлуге уақыт табуы тиіс. Тіпті, ол үшін кейде жұмысы тоқтап жатса да, бір-бірінің халін біліп, кеңесіп отырған келісімге бастайды. Әйтпесе, араларында сызат пайда болады.
Тағы да ескеретін бір жәйт, адамның өмірлік арманы мен мақсатын жүзеге асыру үшін жақындарының қолдауы аса қажет. Алайда, жанындағы адам оны түсінбесе, демеп жігерлендірмесе, сол жаман. Бұл да отбасылық қатынастың бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірінің мақсат-мұратына құрметпен қарап, арманы орындалуы үшін қаржылай болмаса да, рухани қолдау көрсеткені дұрыс.
Өмірде көп кездесетін нәрсе, ер кісілердің басым көпшілігінде отбасылық үлкен-кішілі мәселелерде шешім қабылдауға тек өздері ғана құқылы деген менмендік ой қалыптасқан. Сол сияқты күйеуін билеп-төстегісі келетін әйелдер де табылады. Мұның екеуі де отбасын ойран етеді. Ерлі-зайыптылар екі жарты бір бүтін болып, кез келген мәселені кеңесіп шешуі қажет. «Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» кез келген уақытта ұмытпаған абзал.
Дана халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерден-бекер айтпағаны белгілі. Алып-ұшқан сезімнің жетегінде отау құрған жастардың бірлескен көші болашаққа жол тартып, бұралаң жолдардан сүрінбей өтуі үшін талай тосқауылдар мен сынақтарға төзулеріне тура келеді.
Демек, «Отбасы – шағын мемлекет» дегендей отау тігіп, одақ құрудың оңай шаруа емес екенін есте сақтаған жөн.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ.
24 қазан 2017 ж. 1 775 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (1674)

22 қыркүйек 2020 ж.

№72 (1673)

19 қыркүйек 2020 ж.

№71 (1672)

15 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 11 152 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам