Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ТАСБӨГЕТ

Тасбөгет кентінің 70 жылдық мерейтойы жақындап келеді. Қала іргесіндегі көненің көзіндей болған осы бір құтты мекенді көрсек
шежіре парақтарын ашып, өткен күндерге ойша шолу жасаймыз. Сондықтан кенттің төл мерекесі қарсаңында оның  тарихы жайлы бір-екі ауыз сөз қозғауды мақұл көрдік. Себебі, жылдар бедеріндегі тарих өрнегін кейінгі ұрпаққа мұрағаттау, оны таныту – біздің борышымыз.  Кезінде бөгетімен, аудан орталығы болған айшықты жылдарымен есте қалатын кенттің кейінге мирас етер жылнамасын  біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Сыр өңірінің сән-салтанатын асырып, қолтығынан демеп тұрған Тасбөгеттің дәуірлеген атағы бүкіл одаққа жайылды. Шындығында, алып плотина құрылысы  облыстың ғана емес, бүкіл елдің ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етті. Су – тіршілік көзі, сондықтан бөгеттің іске қосылуы біздің аймақтың екінші тынысын ашты. Сол заманда бұл халыққа ауадай қажет алып құрылыстың бірі еді. Елдегі соғыстан соңғы ауыр жағдайға қарамастан, 1945 жылы плотина салу қолға алынды. Экономикасы тұралаған аймақтың еңсесін көтеріп, егіс алқабын молайту үшін бөгет салу кезек күттірмейтін өзекті мәселе еді.

Тасбөгет атауы қалай берілді?
Дария жағасында осындай келешегі зор жұмыс жүріп жатқанда мұнда республика партия ұйымының басшысы  Дінмұхамед Қонаев екі, республика академиясының президенті Шахмардан Есенов бір рет келді. Құрылысты салып жатқан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайымен танысып, материалдық жәрдем көрсетті. Құрылыста істейтін жұмысшылар мен қызметкерлер саны көбейіп келе жатқанын және келешекте мұнан да көбею мүмкіндігі ескерілді. Осыған орай облатком 1947 жылы 29 тамызда арнайы қарар қабылдап, республика жоғарғы кеңесіне "Қызылорда плотинастрой" қыстағынан қала типтес жұмысшы поселкесін салуды, оны Тасбөгет деп атауды ұсынды.  Жаңадан салынатын поселке Қызылорда қалалық кеңесіне қарасты болуын сұрады. Бұл ұсыныстар бірден мақұлданды. Тасбөгет кеңесінің бірінші ұйымдастыру сессиясында кеңестің төрағалығына Тасмағамбет Батыршаев сайланды.  Бұдан кейін қыстақтық кеңес төрағалығы қызметін К. Байдәулетов, Ж. Тұрлымұратов, М. Ниязбаев, Е. Ертуғанов, Т. Оспанов, С. Мұқанов, Е. Алдоңғаров, Ғ. Пірманов атқарды. Су тоспасы жұмыстарын жүргізу үшін маман кадрлар даярлау қажет екені ескерілді. Құрылыс басшылары соған орай ФЗО мектебін ұйымдастырып, оған қаладан және көрші ауылдардан жастарды тартты. Алғашқы кезде құрылысшылар жер кепеде тұрды. Қыш құйдыру қолға алынды. Балшық илеу, кесек құю, қышты күйдіру қолмен жүргізілді. Бұл жұмысты белгілі шебер Әбілдә Сапарбаев басқарды. Кейін ол кісіге плотинаға сіңірген еңбегі ескеріліп, осы қоныстан көшен аты берілді. Оның бригадасы жылына 2 миллион қыш дайындады.
1946 жылы Үкімет тарапынан құрылысқа соғыс тұтқындарын пайдалануға рұқсат етті. Олар жұмыс істеген 1 жыл ішінде қам кесектен 10 барақ, монша, асхана, қойма үйлері салынды. Тұтқындар негізінен жер жұмыстарын атқарды. Ел үшін өте маңызды саналған алып құрылыстан мемлекет қаржы мен материалды аямады. Құрылыс-монтаж жұмыстарында мыңнан астам маман жұмысшылар еңбек етті. Онда 120-дан астам түрлі маркалы автокөліктер, оның 25-і МАЗ, әртүрлі маркалы 95-тен астам жер қазатын техника болды. 1956 жыл су тоспасын аяқтайтын шешуші кезең ретінде елдің есінде қалды. 23 маусымда плотинаның жаңа арнасына су жіберіле бастады. Енді ескі дарияны бөгеп, суды тоспа арқылы жіберу міндеті тұрды. Ол 31 шілдеде басталып, тамыздың 31-де аяқталды.  Республика Жоғарғы кеңесі Президумының 1958 жылғы 28 қаңтардағы жарлығымен Сырдария ауданының орталығы Тасбөгетке көшірілді. Аудандық партия комитеті, ауатком осы күнгі Амангелді көшесіндегі ескі барақтарға орналасты.  1962-67 жылдарда аудан Тереңөзекпен біріктірілгенде Тасбөгеттің мәдени құрылысының өркендеуінде аздаған іркіліс болды. Аудан қайта бөлінгеннен кейін ол қала типтес қонысқа айналды. Көшелер асфальттанып, ондаған жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Екі орта мектеп, мәдениет үйі, үш кинотеатр аудандық партия комитеті мен ауатком ғимараты, байланыс, тұрмыстық қызмет көрсету үйлері, орталық кітапхана, жылжымалы мехколоннаның әкімшілік мекен-жайы, өзге де құрылыстар іске қосылды.  1996 жылы мұнда 3700 отбасы тұрды. Халық саны 17 мың болды. 1997 жылдан бері Тасбөгет қыстағы Қызылорда қаласының құрамына кірді. Қазіргі таңда кент округі құрамында Тасбөгет кенті, "Сабалақ" саяжайы және Иіркөл елді мекендерінен тұрады. 2003 жылғы 21 сәуірден "Тасбөгет кенті әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесі болып бекітілді.

Жаңа дәуір өрнегі
Ал, бүгінде жетпіс жылдың желкенін көтергелі отырған Тасбөгет кентінің тыныс-тіршілігі, келбеті жаңа дәуір өрнегімен айшықталып, болашаққа байыпты қадам басып келеді. Жергілікті тұрғындар өз кәсіптерін нәсіп етіп, берекелі елдің ризығын тасытуда. Көшелер көріктеніп, көлік тасымалы жолға қойылған. Кент жолдары кеңейді. Көшелер самаладай жарық. Мұндағы ескі көпқабатты үйлер бұзылып, тұрғындар жаңа пәтерлерге қоныс тепкен.
Түтіні түзу ұшқан Тасбөгет кентінде 29 мыңдай тұрғын бар. Олардың басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы жақсы. Ал, көмекке мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан, жеке кәсіпкерлер ықпалымен жәрдем беріліп тұрады. Тасбөгет кентінің әкімі Пакуатдин Шамұратовтың айтуынша, бұл бағытта "Сыр мейірімі" жобасы аясында "Арман" мейрамханасында ыстық тамақ беріліп, "Наурыз шапағаты" мейірімділік акциясымен бірнеше отбасына қаржылай көмек көрсетілген.
Қоғам кәсіпкерлікке бет бұрып, шағын орта бизнес өркен жайған сәтте мұндағы тұрғындар жылдан-жылға өз істерін жүргізіп, қарқынды жобаларды қолға алды. Оның үстіне, қазір кәсіпкерлік саласындағы сауатты ақпараттардан құлағдар кәсіп иелері өз мүмкіндігін пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Соның арқасында олар кенттің өсіп-өркендеуіне, салық тайқазанының молаюына да сүбелі үлес қосуда. Былтыр мұнда кәсіпкерлік нысаны 306 болса, ол биыл 25-ке артып отыр.
"Тасбөгет" ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрамында 56 мүше бар. Олар "Береке" бағдарламасы аясында несие алып, ет өндіру бағытында 361 бас ірі қара малы мен 18 жылқыны бордақылаумен айналысып, өнімдерін тұтынушыға ұсынуда. Биыл тұрғындар 26 жоба жасаса, 5-уі қаржыландырылды. Жақын күндерде мұнда наубайхана, жылыжай, мал бордақылау алаңы салынып, қаз өсіру мен жүк тасымалы кәсібі ұлғаятын болады.

Бау-бақша жайқалған
Сондай-ақ, бау-бақша дақылдарын егіп, өнімділігін молайтуда да бірқатар алға жылжушылық байқалады. Мұнда өз ризығын Жер-анадан алатын диқандар биыл да 312 гектер жерге егін егіп, оның 110 гектарына картоп, 150-не көкөніс, 52-не бақша дақылдарын орналастырды. Күздің берекелі шағында мұның өзі молшылыққа жол ашады деген сөз.
Кенттегі жол мәселесінде ілкімді істер бар. Күннен-күнге керегесі кеңіп келе жатқан Тасбөгеттің орталық көшелерінің көпшілігі жөндеуден өтіп келеді. Былтырғы жылдың өзінде 9 көше күрделі, 3 көше орташа жөндеуден өтті. Биыл сол жұмыстарды жалғастыруға облыстық бюджеттен қомақты ақша бөлінді. Қажетті қаржы бөлінсе, жыл соңына дейін 6 көше жөндеуден өтеді.
Кенттің мәдени өмірінде көңіл қуантарлық салтанатты кештер, әсерлі кездесулер, мерекелік мезеттер өте көп ұйымдастырылады. С. Майқанова мәдениет үйі – сол шараларды өткізетін қасиетті қара шаңырақ. Мұнда 7 үйірме, 21 мәдени қызметкер бар. Биылғы жылдың өзінде 31 мәдени-көпшілік және мерекелік салтанатты шаралар өткізіліп, оған 6 мыңнан астам көрермен қатысқан.
Білім саласы бойынша мұндағы 4 мектепте 4774 оқушы тәлім алады. Білім ордаларының жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ал, мектепке дейінгі 2 мемлекеттік, 6 жеке балабақша жергілікті тұрғындардың 99 пайызын қамтып отыр. Жуырда 140 орындық мемлекеттік балабақша пайдалануға берілмек.  
Мұндағы 36 мыңнан астам тұрғынға №4 қалалық емхана медициналық қызмет көрсетеді. Онда 38 жоғары білімді дәрігер, 124 медбике жұмыс жасайды. Әрине, емхананың қазіргі заманауи талаптарға сәйкес келмейтін тұстары бар. Ғимарат тар, мұнда жүгінетін халық саны көп. Міне, осындай емхананың жағдайына қатысты тұрғындар пікірі, ұсыныстары ескеріліп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде типтік жобадағы заманауи медициналық құралмен жабдықталған емхана құрылысын салу жоспарланып отыр.
Иә, тарлан тарихы талай туындыға арқау болған, ақындар жырмен әспеттеген, жазушылар шығармаларында сомдаған шежірелі кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі көңілге қуаныш ұялатады. Бас шаһармен шектесіп жатқан Тасбөгет кентінің 70 жылдық мерейтойымен жұлдызы жарқырап, сәні мен салтанаты келіскен шұғылалы мекенге айналатынына сенім мол.

Гауһар Қожахметова.




        
07 тамыз 2018 ж. 257 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (1460)

06 тамыз 2018 ж.

№57 (1459)

31 шілде 2018 ж.

№56 (1458)

28 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 204 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам