Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ДЗЮДО - МЕНІҢ СҮЙІКТІ

ДЗЮДО - МЕНІҢ СҮЙІКТІ

Сыр елінің спорттағы жетістігі жетерлік. Оның ішінде дзюдо спортынан Қазақстан, әлем біріншіліктерінде жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрініп келеді. Оның ішінде нәзік жанды ару қыздар да бар. Соның бірі Сайын Адия Абайқызы. Адия дзюдо спортынан Қазақстанның байрағын көкке желбіретіп жүрген ару. Ол 1998 жылы 24 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Дзюдодан ҚР спорт шебері. Дзюдодан жастар арасында еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2013 жылы «Евразия» ойындарында 1-орын, 2015 жылы Тайландта өткен Азия біріншілігінде 2-орын, 2016 жылы Европа кубогында 3-орын, Үндістанда өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы. Бүгінгі таңда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің студенті.

– Адия, жалпы, бала күніңнен дзюдомен айналысып келесің. Спорттың осы түрін таңдауға не себеп болды?
– Негізінде, жанұямыз спортқа жақын жандар. Әкем волейбол ойнаудың шебері. Тіпті, ауыз толтырып айтатындай жетістіктері бар. Қазір облыс құрамасын баптайтын белгілі бапкер. Спортқа келуіме осы әкем түрткі болды. Алдымен, ата-анамның қалауымен 6 жасымда таэквондо үйірмесіне келіп, бірер ай қатыстым. Шыны керек, бұл спортты көңілім қаламады. Жаның қаламаған нәрседен жетістікке жету қиын. Сондықтан әкеме бар жайды түсіндіріп, дзюдоға бетбұрыс жасадым. Бірінші бапкерім – әлемге танылған Нұргүл Тағаева болды. Осы кісіден дзюдоның әліпбиін үйрендім. Жалпы, дзюдо арқылы  көптеген атақты адамдар жақсы жетістіктер көрсете алған. Мысалы, голливудтық режиссер Гай Ричи, актер Стивен Сигал, тіпті Германия канцлері Ангела Меркель. Чак Норристің өзі басқа жауынгерлік өнерлермен қоса дзюдоны да зерттеген. Әлемге танымал дзюдошылардың қатарында Ресей Президенті Владимир Путин де бар. Әуесқойлар саны бойынша бүгінде дзюдоны басып озған спорт – футбол ғана. Бірақ, басқа жауынгерлік жекпе-жектердің арасында дзюдодан озған ешқайсысы жоқ!
– Дзюдо мен самбо спортының шарттары ұқсас екендігі белгілі. Самбодан бақ сынап көрген сәттерің болды ма?
– Дзюдодан кезекті рет жастар арасындағы Қазақстан біріншілігіне қатысып, бір рет жолым болмай, тиесілі медальдан қағылғаным бар.  Сонда ойланып, самбодан бақ сынап көрсем қалай болады деп, бір мәрте қатысуға ниет білдіріп көргенмін. Бірақ,  самбоның саңлағы болу бұйырмапты. Осылайша қайтадан дзюдоны  қолға алдым.
– Сен үшін самбо мен дзюдоның тағдыры таразыға түссе қайсысын таңдар едің?
– Әрине дзюдоны. Себебі дзюдо – менің сүйікті ісім, одан ешқашан жалықпаймын. Сонымен қатар спорттың олимпиадалық түрі, онда белдесу қызықты. Сондай-ақ, дзюдо – жекпе-жектің әлемдегі ең танымал түрі және айналысушылардың саны бойынша көш бастап тұрған спорттың бірі.
– Жалпы, өзің төрт бірдей бапкерден тәлім-тәрбие алған екенсің. Осы ретте олар түбінде сені бір-бірінен қызғанып жүрмей ме деп ойламайсың ба?
– Мен үлкен жарысты ұтып әкелгенімде бапкерлерім: «Мұны мен дайындағанмын», деп өзара таласатын шығар. Егер де, әзілді қойып, шындап айтар болсам, мен үшін әрбір бапкердің орны бөлек. Мен кез келген жерде менің бапкерлерім деп олардың есімін құрметпен айтып жүремін. Мысалы, Нұргүл апайымды дзюдоға  алып келген алғашқы бапкерім ретінде санаймын. Қанат ағай  балуан ретінде қалыптасуыма ерекше еңбек сіңірді. Ал Қайрат пен Жанарбек ағайлардың маған істеген жақсылығын, еңбегін сөзбен жеткізіп айта алмаймын. Бұл кісілердің барлығы қиын-қыстау сәттерде жаныңа күш құйып, жігеріңді жанитын сөз таба біледі. Мен қандай жетістікке жетсем де ең бірінші қуанатын осы кісілер!
– Алған жүлделеріңнің ішінде қайсысы өзіңе ыстық?
– 2013 жылы әлемдік аренаға шығып, бағымды сынауға мүмкіндік алдым. Алғашқы жарысым Евразия ойындары болатын. Әлемнің сақа спортшылары бас қосқан аламанда бағым жанып, алтын тұғырдан көрінгенім – ең ыстық сәт болды. Сонымен қатар былтыр Үндістан жерінде өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, ҚР спорт шебері атағына қол жеткіздім. Сондықтан бұл жүлдені де ерекше бағалаймын.
– Қазақстан біріншілігіндегі өзіңнің басты қарсыластарыңды түгел білетін шығарсың?
– 44 келіде бақ сынайтын қарсыластарымды бөліп жармаймын. Өйткені барлығы дзюдоның майталмандары. Спорт болған соң біреуін жеңіп, біреуінен жеңіліп жатасың. Негізі, қарсыласың мықты болған жағдайда бәсекелестік туындайды. Бәсеке болған жерде шыңдала түсіп, үлкен жетістікке жетесің. Спортта мына спортшыдан бәсім жоғары деп ойласаң жеңіліске ұшырап, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр боласың. Бүгінде Алматы облысының намысын қорғайтын Тыныбаева Ғалия есімді балуан қызбен алтын жүлдеге талас жолында жиі ұшырасамыз. Бір де ол, бір де менің бағым жанып, биік тұғырдан көрініп жатамыз.
–Ересектер арасында сынға түсу ойда жоқ па?
– Ересектер арасына қосылып, шаршы топта күшімді сынайтын кез келді. Дегенмен, менің салмағым бұл топқа қосылуға кедергісін тигізіп тұр. Үлкендер арасында ең жеңіл салмақ 48 келі. Сондықтан маған кемінде 4 келі қосу керек. «Сәті келген істің салмағы жеңіл» дегендей сәті келсе ересектер арасында бабым мен бағымды сынап көретін күндер алыс емес.
Әлемдік дзюдодан кімді үлгі тұтасыз?
– Әлемдік дзюдо шеберлерінің ішінде Ясухиро Ямаситаны үлгі тұтамын. Ол – Жапонияның 9 дүркін чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы және 1984 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының алтын жүлдегері. Өз мансабын 1985 жылы 28 жасында аяқтаған. Бірақ содан бері оның рекордын әлі ешкім жаңарта алған жоқ: Ясухиро халықаралық жарыстарда қатарынан 203 рет жеңіске жеткен ұлы тұлға.
– Спорттан бөлек, өзіңді қай саланың белесінен көргің келеді?
– Әзірге ойдың бәрі спортта. Әр нәрсенің өз уақыты бар деп ойлаймын. Бірақ, спорттан кейін сән салонын ашсам деп жоспарлаймын.
– Үлкен спорт өзіңе не берді деп ойлайсың?
– Әлбетте, спорттың берері мол. Ел көресің, жер көресің. Талай адаммен араласып, ой-өрісіңді кеңейтіп, көкірек көзіңді ашасың. Адамды тани білуді, сыйлай білуді үйренесің. Жалпы, бұл өмірде ең басты дүние – сыйластық қой.
– Алдағы спорттық жоспарларың қандай?
–.Осы жылы өтетін әлем чемпионатына дайындалудамын. Онда маған артылар жауапкершілік жоғары. Сондықтан бос уақыт аз. Бар уақытты дайындыққа жұмсаудамын.
– Қазір дзюдодан басқа қандай іспен айналысасың?
– Мен студентпін. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де дене шынықтыру мамандығы бойынша білім аламын. Бос уақытымда достарыммен бас қосып, әңгіме айтамын.
– Әңгімеңе рақмет! Жүлденнің арта түсуіне тілектеспіз!


Сұқбатты жүргізген:
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.
07 тамыз 2018 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (1460)

06 тамыз 2018 ж.

№57 (1459)

31 шілде 2018 ж.

№56 (1458)

28 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 204 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам