Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАМШЫ – АЛСА ҚАРУ, ҚАЛСА МҰРА

ҚАМШЫ – АЛСА ҚАРУ, ҚАЛСА МҰРА

   Ұлтымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде кәдімгі қамшы ерекше орын алып келген. Қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухани күш-қуат, қамшы – сый-сияпат, қамшы – жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, қамшы – азамат айбыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра.
Қамшының қасиетін сипаттар болсақ, ең әуелі қамшы киелі зат орнында қолданылуынан көне түріктегі бақсы құралы атауы туындаған дейді. Адамға, отбасына, малға келген жын-шайтанды қуу, пәле, жала, ауруды аластау, айықтыруда бақсыға қамшы көмекке келеді. Киелі бақсылар «алты жылан ат етіп, екі жылан қамшы етіп» жын-шайтан соғатын болған. «Қара суды теріс ағызатын» Бағаналы Қойлыбай бақсы шақыру келгенде, өзі бара алмаған жерге қамшысын беріп жібереді дейтін аңыз кең таралған. Бақсының қамшысы киелi, ол сүйген мұрагерiне сыйға тартылады, солайша киелi бұйым тұмарлық ретінде сақталады.
Қазақ даласында қамшыгерлік өнері де кең тараған. Қалмақтар қазақтың ұрған қамшысынан қиралаңдап құлай берген соң, мейлінше тәнті болып: «Қазақтың қызын алма, қамшысын ал» – деген екен. Ержүрек жаугер бабаларымыз ұрысқа «Сес пірі қолдай гөр!» деп, қамшыларына сыйынып шығады екен. ХVІІІ ғасырдың аяғында қазіргі Батыс Қазақстандағы Жаңақала ауданы Битілеу ауылының маңында, қазақ пен казак-орыс арасында жайылым жер үшін дау туындағанда, қамшыгерлердің жекпе-жегімен шешеміз депті. Казак-орыстың атаманына қарсы Битілеу батыр шығып, қамшымен бір тартқанда, тілге келмей жантәсілім еткен екен, сөйтіп жер дауы қазақтардың пайдасына шешілген. Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі, қамшымен соғу-дың, ұрудың көптеген әдісі болған. Мәселен, олар: қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, шықпырту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсите тарту, салып қалу, сілтеп қалу.
Қамшының құқықтық қатынасты реттеуге байланысты қызметінің бірі «қамшы қазылық» деп аталады. Ол дау-дамайды ұрыс-соғыссыз, биге жүгіну арқылы шешуге байланысты қолданылады. Биге жүгінуге келгенде дауласып, айтысып, кінәласар алдында жерге қамшы тастап кезек алуы «қамшы тастау» деп аталынады. Жайшылықта үйге кірген адам қамшысын қолына алып төрге қарай озып, ортаға тастайтын болған. Ал екі бүктеп келiп, жамбасының астына басып отырса, дауласуға келгендігінің белгісі.
Қамшының құрылысын сипаттасақ, Доспамбет жыраудың «Қарағайлы көдік бойында, Қамшым қалды ойында: Бүлдіргесі – бұлан терісі, Өрімі – құнан білдің қайысы, Шырмауығы – алтын, сабы - жез», - деген жолдарында негізгі бөліктері айтылады. Сабы бүлдіргіден – қайыстан тілінген баудан, тобылғыға былғарыдан қапталған тұтқадан – ұстаулықтан, бас жағындағы былғарыдан жасалған алақанынан – жылан басты әшекейленген қайыстан тұрады. Осы алақанға қайыс бау арқылы ошақ басы – қайыстан өрілген өрім бекітіледі де, ұш жағына мал айдар шашақ орнатылады. Алақан қамшының басы мен қайыс өрімді – ошақ басын біріктіріп, ошақ басының біткен жерін түйін дейді. Жылан басты қайыс алақанның ұшы періште шақырар шашақ деп аталынады. Беті күмістен, алтыннан, жезден ою-әшекейленіп, асыл тастар орнатылып, жиектері қайыспен әдіптеліп көмкеріледі. Қамшының тұтқасына да күміс, алтын, жез қаңылтырға қазақтың ою-өрнегін әдістеп, бетіне асыл тас орнатылады. Сабының артқы жағына күмістен (алтыннан, жезден) сақина кигізіліп, таңба мөрін: ауылдың, рудың не болмаса шебердің таңбасын салады және бас жағына да әшекейленген жезден, не болмаса алтыннан, көбіне күмістен сақина салынады. Сақинаға да қазақша ою-өрнектен түртпі салынады. Ең алдымен оның тобылғыдан жасалған сабына бір тоқталып өтелік. Тобылғы қазақ жерінің нулы-сулы, тоғайлы жерлерінде (ашық далаларда да) кездесе береді. Осы топталып өсетін ағаш келе-келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық-суыққа төзімді, судан қорықпайды, жарылмайды. Тобылғыны қамшыға сапқа дайындайтын мерзімі қазіргі желтоқсан, бұрынғыша қаңтар айы.
Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Жай өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Өрімнің бірнеше түрлері бар . Ол таспамен, тарамыспен, қайыспен өріледі.
Өрімді дайындау кезінде иленген теріні үш елі кесіп, ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізіп, жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді. Ал сыдырғы үш тұтам тобылғыдан жасалынады. Ол үшін тобылғының үш жағына кертпе салынып, сол арқылы өткізілетін таспаның, терінің ені, қалыңдығы мөлшерленіп, әдейілеп қондырылған пышақтың жүзімен тілінеді. Ал шикі теріден жасалынған қайысты таспа дейді. Тарамысты қырық екі өрім қылып тарқатады да, содан өрім өреді, ол үш тұтам болып шығады. Өрім дайын болған соң оған алақан дайындайды, ол тобылғы сапты қамшыға бауырымен өріледі. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшыны «Қазақтың ала қамшысы» деп атайды. Ол алақанның екі-үш түрі бар, түзу және жыланбас.
Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі болды. Қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айырылған жай қазаққа айналды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді. Атам қазақ қамшының қыр-сырына бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Себебі, бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы тастаған, не болмаса жастығының астына жастаған. Тобылғы қамшының өрімі жастықтың астынан жерге салбырап тұрмай, сабымен бүктеліп жатса «балаға қамшы тиеді» делінген. Бұл ата-бабамыздан қалған ырым. Негізінде қамшы керегеге ашық ілінген. Бұл қамшы иесінің «мал басы аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілеуі екен. Қамшы бұл қазақ халқына тән нәрсе. Оның бойында қасиеті де, құдіреті де, киесі мен иесі – Сесі бар. Қамшы жүрген жерде оның өрімінде періштелер дұғасы ере жүреді. Сондықтан да ол мұра болып, бабалардан аталарға, аталардан әкелерге, әкелерден балаларға, одан да беріде мына бізге жеткен. Кейінгі ұрпаққа жеткізу – біз үшін парыз.
                                                                    Б.Сағындықұлы
11 қыркүйек 2018 ж. 207 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (1466)

25 тамыз 2018 ж.

№63 (1465)

21 тамыз 2018 ж.

№62 (1464)

18 тамыз 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 585 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам