Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » НЕСІБЕНІ МОЛАЙТУДЫҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

НЕСІБЕНІ МОЛАЙТУДЫҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

     Еш əрекет жасамай-ақ табалдырығыңнан еніп, табағыңа түсіп тұратын несібеге қол жеткізгіңіз келсе, төмендегі құпиямен танысыңыз.
Қазақ «Әр бала өз несібесімен туылады» дейді. Бұл дүниеге келген әр адамның осы өмірден алар өз үлесі бар, өзіне тиесілісі бар дегені. Алайда, ол несібенің аз не көп боларын ешкім болжай алмайды. Міне, несібе деген осындай көзге көрінбейтін, айқын білінбейтін, алайда әр адамға қажетті дүние.
Асылында, несібенің екі түрі болады екен. Біреуі — еш əрекет жасамасаң да өзі келіп бұйырып, табалдырығыңнан еніп, табағыңа түсіп тұратын несібе. Екінші түрі қара еңбек, маңдай термен келеді. Алғашқысы — Алланың сыйы, соңғысы — Алланың əділдігі деп біліңіз. Кім-кім де болмасын, несібесінің мол болғанын қалайды. Әсіресе, алғашқысын, яғни, «Алланың сыйын». Әрине, маңдай термен берілетін несібенің де орны бір бөлек. Әйткенмен, үйіңе құт-ырыс кіріп келсе, жақсы жаңалықтар біріне-бірі жалғасып жатса, өмірде айың оңыңнан, жұлдызың солыңнан туып, мол несібеге шомылып жүрсең бұдан асқан қандай ғанибет болсын?! Сол үшін ырымдап қазақ қандай да бір әрекеттер жасаған. Айталық, қазанды есік жаққа қаратып қисайта аспайтын болған. Өйткені, ол құласа, несібе төгіледі, ырыс далаға шашылады деп сенген. Жаңа үй тіккенде де несібесі мол болсын деген ниетпен босағасын майлайтын болған.
Несібе дүниеге адам келерде ғана өлшеніп, ол бұ дүниедегі ғұмырында бөлшектеліп беріліп отырмайды екен. «Әр күннің несібесі бар» деген жай ғана қалыптасқан сөз тіркесі емес. Ал, әр күнгі несібенің берілер уақыты — таң. Таңертең арайлап атқан күннің шапағымен бірге жер бетіне адамзаттың несібесі де таралады екен. Кім де кім таңмен таласып ерте тұрса, сол күнгі ырыздық-несібесін молынан жинап алады деген сөз. Осы орайда дана халқымыздың «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады.
Жоғарыда несібенің екі түрі болатынын айттық. Байқасаңыз, екеуін де беретін Алла. Алу үшін сұрау керек. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 186-аятында: «Егер де сенен (Мұхаммед) құлдарым Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын. Менен сұраушының сұрағанын беремін. Ендеше Менің әмірімді орындасын және Маған сенсін. Мүмкін олар дұрыс жолға түсер» деген. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Ұялшақ әрі Жомарт. Ол құлының созған қолдарын құр қайтаруға ұялады», – деп айтқан (Әбу Дауд, Тирмизи). Қалай сұрау керек? Әрине, құлшылық амалдарымен. Оларды білекті ерлермен қатар қалтыраған қарт та, нәзік жанды әйел де жасай алады. Ниет болса болғаны. Шаңырағыңызға ризық несібенің қай уақытта, кіммен келетінін бір Алла ғана біледі. Бұған ауыздан-ауызға тараған мына мысал да дәлел бола алады.
Ертеде қонақжай бір кісі болған екен. Күн сайын үйіне бірнеше кісіні ертіп келіп қонақ ететін. Әйелінің болса бұл жағдайға жыны келіп, жаратпайды. Ол жолдасына бірнеше рет:
  — Күн сайын бір қонақты ертіп келесің. Олар болса балаларымыздың несібесін жеп кетеді, - десе де, күйеуі қонақ ертіп келуін тоқтатпайды.
Бір күні әйелдің шыдамы таусылып, ерін ертіп ғұламаға ақыл сұрауға барады.
— Жолдасымның үйге қонақ шақырмаған күні жоқ. Балаларымыз өсіп келе жатыр. Олардың білім алуына жинаған ешқандай қаржымыз жоқ. Тапқан ақшамыздың бәрі сол қонақтарды күтіп, оларды тойдыруға жұмсалып жатыр, - деп шағымданады. Ғұлама ер кісіні де шақырып алып, неге олай істейтінін сұрады.
— Мен қонақ шақырмай тұра алмаймын. Асымызды қонақпен бөліссек, үйге береке кіреді, - дейді ол. Ғұлама екі жақты да тыңдап, әйелден күнде үш-төрт емес, бір ғана қонақ келсе наразылығы болатын-болмайтынын сұрады. Әйел оған да риза емес:
— Мен балаларымның несібесін басқаға жегізе алмаймын, - деп тұрып алыпты. Күйеуі мен ғұлама екі жақтап үгіттеп, ақыры оны күнде бір кісі күтуге келістіреді. Алайда, ертесі күні әйел күйеуінің бір емес, екі кісі ертіп келгенін көреді. Ашуланса да, онысын сыртқа білдірмей, ас үйге кіріп үш кісілік ас дайындайды. Қонақтар кеткен соң қараса, дастарханда бір кісінің тамағы артылып қалып қойыпты. Әйел жолдасынан:
— Қонақтың біреуі неге тамақ ішпей кетті? - деп сұрайды. Жолдасы аң-таң: — Қай қонақты айтасың? Мен бір кісі ғана ертіп келдім ғой... Бірақ, әйел бір емес, екі қонақты анық көргенін айтады. Өзара жорамал жасай алмаған олар ғұламаның алдына қайта оралады. Ғұлама болған жайды тыңдап:
— Жұбайыңыз рас айтады. Үйге екі қонақ кірген. Бірақ, екінші қонақ адам емес, адам кейпіндегі несібе болатын. Қарсы болсаңыз да дастархан жайып, оларды жылы қарсы алғаныңыз үшін несібе өз сыбағасын қалдырып кетті. Оларға ас дайындаумен несібеңіз азаймады. Өйткені, әр қонақ өз несібесімен келеді, тіптен, несібесі өзінен 40 күн бұрын келеді. Яғни, ешкім ешкімнің несібесін жей алмайды. Керісінше, есігінен қонақ енген үйдің несібесі артады, - деп түсіндірген екен. Ендеше, шаңырағымның, ұл-қызымның несібесі мол болсын десеңіз, үйіңізге шын ниетпен қонақ шақырыңыз. Ал, бір үйге меймандыққа бара қалсаңыз:
«Аллаһуммә, бәрик ләһум фи-мә разәқтә-һум, уәғфир ләһум, уәрхам-һум» «Я, Алла! Оларға берген ризық-несібеңді берекелі ет, оларды Өзің жарылқа, әрі Өзің рақым ете гөр!» - деп қонақтың ас иесіне айтар дұғасын оқып кетіңіз.
Несібелі де берекетті болуды қаласаңыз иманыңызды қуаттайтын әрі табысыңызға берекет кіргізетін осынау құлшылықтарды күнделікті әдетіңізге айналдырыңыз.
08 қараша 2018 ж. 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (1488)

13 қараша 2018 ж.

№85 (1487)

10 қараша 2018 ж.

№84 (1486)

06 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 983 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам