Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ынтымақ пен ырыс қонған құт мекен

Ынтымақ пен ырыс қонған құт мекен

 Тәуелсіздік – өте киелі ұғым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген салиқалы саясатының жемісі – еліміз бүгінгі даму жолына түсіп, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық тірестірді. Осы тарихи сәттер Қазақстан халқының рухын, айбыны мен еркіндігін бейнелейді.
         Тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорда қаласының дамуы халықтың көз алдында өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздік жылдарынан бері еске алатын болсақ, барлық жағдайымызды Қызылорда өңірімен-ақ салыстырып білуге болады. Кеңес одағы күйреген 90-жылдардың басында менің алдымда бүкіл Қызылорда халқын көшіру турасында мәселе тұрған болатын. Дала қаңырап қалды, жер сортаңданды. Арал аймағында жұмыс қалмай, Сырдың өзінде бірде су тапшы болса, енді бірде асып-тасып жатты. Сонда ақсақалдармен ақылдасып, бәрін қолға алып, жағдай жасауды бастадық. Кіші Аралға халық қайта келіп, балық кәсібіне ден қоя бастады. Қызылорда арқылы өтетін автокөлік желісі салынды. Газ құбыры да батыстан оңтүстікке келді. Сырдың үстінен көпір салынды», – деген сөзі әлі көпшілік жадында.
         Айталық, Қызылорда тұрғындары ел дамуындағы өзгерістердің барлығын бастан өткерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да қиын еді. Өйткені, біраз өндіріс орындары жабылды. Елдің жұмыссыздығы артты. Сол тұста шаһарда қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылды. «Мейірімділік» дүкені ашылып, 820 отбасыға көмек берілген болатын.
         1990 жылдан бастап «Құмкөл» мұнай кеніші «қара алтын» өндіру ісін ілгерілетті. Одан кейінгі жылдары өнім көлемі арта түсті. 1993 жылы облыстан алыс шетелдерге тауарлар жөнелтілді. Мәселен, «Южнефтегаз» өндірістік бірлестігінен Швейцарияға шикі мұнай, Польшаға ЦКЗ-дан гофрокартон, «Қызылорда» біріккен кәсіпорнынан Түркияға 5 тонна ірі қара мал терісі жіберілді.
         Сол жылғы басты оқиғаның бірі – мүліктерді мемлекет иелігінен алу және жаппай жекешелендіру. Бұл бағытта қала аумағында біршама істер атқарылды. Яғни, 1994 жылдың тамызына дейін облыс бойынша 400 кәсіпорын жекеге өтті. Алайда, 1995 жылы аймақта әлеуметтік жайдың құлдырауы байқалды. Ал, одан кейінгі жылы Қызылорда қаласына арнайы экономикалық аймақ мәртебесінің берілуі мұндағы өнеркәсіп өнімінің жандауына үлкен ықпал жасады. Оның құрамына 16 шаруашылық нысаны, 9 ЖШС, 4 акционерлік қоғам, 1 мемлекеттік мекеме, 2 өндірістік кооператив, 267 шаруа қожалығы тіркелді.
Біртіндеп қиындықтар артта қалды. Биік белестерге бет түзеді. 1999-2000 жылдар ел өміріндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени оқиғаларға толы кезең болды. Қала бойынша негізгі сала – өнеркәсіп өнімінің көлемі жылдан-жылға өсуі байқалды. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1999 жылы – 15,2, 2000 жылы – 31,9, 2001 жылы – 44,4 пайызға артты. Бұл жылдары мұнай өнеркәсібінің кәсіпорындары мұнай өндіру көлемін жоғары қарқынмен өсірді. Сонымен қатар, шаһарда өңдеу өнеркәсібін қолдау және дамыту бағытында іс-шаралар жүргізілді. Жыл басынан тоқтап тұрған өндіруші өнеркәсіп жұмысын жандандыруға ықпал жасалды. «Ісмер», «Агрореммаш» АҚ-мен негізі өндіріс жабдықтарын, «Еңбек Қызылорда» мемлекеттік кәсіпорындары өз жұмыстарын қайта жолға қойды. 2001 жылы облыс орталығында 30 өнеркәсіп орнының 25-і жұмыс жасады. Оған қоса қаланың ауылшаруашылығы саласында ірілендіру жүйесі жүрді. Сол кездегі күріш егісінің көлемі 1000 гектарға артты. Сыр маржанынан мол өнім алудың нәтижесінде шаруашылықтар алғашқы кезекте бюджет алдындағы 14,9 млн. теңге қарыздан құтылды.
         Қала әкімінің 2000-2002 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасына сай коммуналдық қызмет сапасын жақсарту мақсатында біршама жұмыстар қолға алынды. Сол жылдан бастап, көркейту, көгалдандыру, облыс орталығының архитектуралық бет-бейнесін жақсартуға байланысты жұмыстар аяқсыз қалмады.
         Қала экономикасындағы үлкен жетістік – мұнайды қызылордалықтардың өздерінің игере бастауы еді. 2000-2001 жылдары «Ай-Дан» және «ҚуатАмлонМұнай» терминалдарының іске қосылуы облыс экономикасының дамуына, әлеуметтік саланың гүлденуіне зор үлесін қосты.
         2003-2004 жылдар нарық қиындығынан сауыға бастаған экономикамыздың тұрақтану, қалыптасуы көрініс берді. Өйткені, сол кезде қала тұрғындарына берілетін зейнетақы, жалақы мөлшері көбейе түсті.
Аймақтан 5 жаңа өнеркәсіп орны ашылды. Олардың қатарында  «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ, Құмкөл-Жосалы магистральдық мұнай құбыры мен оны сақтайтын терминалы, «КазГерМұнай» БК мұнай қоймасы, «Дорстрой» ЖШС асфальт жасау зауыты, «Квант» АҚ жаңа ағаш өңдеу цехы мен 64 мұнай қондырғысы бар.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес дария жағалауында жаңа құрылыстар жүргізу қолға алынды. Көшелер кеңейтіліп, Қорқыт ата атындағы әуежай ғимараты, «Еуразия» мәдени-спорт кешені, балалардың демалыс алаңына айналған «Аквапарк» кешені, «Тағзым» алаңы, Сарқырама каналы, орталық стадионнның, А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінің қайта жаңғырту жұмысы жасалды.
         Ауылшаруашылығын жаңаша өндірістік қатынастарға көшіру әдістері жүзеге аса бастады. Сонымен бірге газдандыруға мән берілді. 2004 жылы инвестиция үш есеге ұлғайып, 12 млрд. теңгені құрады. Ауыз су сапасын жақсартуға мән берілді. Дария үстінен құны 2 млрд. тұратын көпір салынды. Сол жылы «Мерей» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйге тартылған алғашқы газ құбыры іске қосылды. Қаладағы жылу, қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру жобасының бірінші кезеңінде 7,4 млрд. теңге игерілді. Ол қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен, қалғаны «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ-нан бөлінген. Облыс халқының үштен бір бөлігі қоныс тепкен қалада екі жыл ішінде газдандыру қарқынды жүргізілді.
         Ал, тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында атқарылған істер де аз емес. 2004-2007 жылдар аралығында екі коммуналдық, 2 ипотекалық көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген еді. Оған қоса 12 үйдің құрылысын салу жоспарланды. Қызылорда қаласы мен ауылдарды көркейту, сәулеттендіру бағытында да оң нәтиже бар. Әсіресе, қаланың инфрақұрылымын дамытуға, оны көркейтуге біршама жұмыстар қолға алынды. «Жол картасы» бағдарламасы аясында да көптеген іс атқарылды. Қызылорданың тарихында тұңғыш рет бір жылда 100-ден астам көше жөндеуден өтті.
         2009 жылғы шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне талдау жасасақ, өнеркәсіп саласы бойынша 99,3 пайызды құрайтын тауар өнімі өндірілген. Ауылшаруашылығы саласының да пайыздық көрсеткіші өсу қарқынын байқатты. Қалада негізгі капиталға инвестиция салу бойынша да алға ілгерушілік көрініс берді. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде қаланың «Сырдария» мөлтек ауданындағы жаңа 1248 орындық мектеп құрылысын жалғастыруға қаражат бөлініп, құрылысы жүргізілді. Осы жылы Қызылорда қаласында индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында құны 1207 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды.
Қазіргі таңда Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына айналып келеді. Тұрғын үйлер көлемінің өсуі халықтың әл-ауқаты артқандығын көрсетеді. Айталық, 2013 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен қалада жалпы ауданы 140 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, оның 13-і халық игілігіне ұсынылды. Бұл үйлер бір жағынан облыс орталығындағы сәулетіне сән беріп, екінші жағынан адамдарға жаңа баспана болып қуантуда. Тағы бір жағымды жаңалық – қала басшылығы облыс орталығындағы апатты жағдайдағы үйлер мәселесін де кезең-кезеңімен шешуді бастады. «Титов» қыстағындағы мұндай үйлер көптен бергі мәселе болатын. Бірақ, бұл мәселе оң шешімін тапты.
         Облыс басшылығының қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Соның ішінде жол инфрақұрылымындағы қаланың күретамыры, стратегиялық тұрғыдағы аса маңызды әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізілді. Қызылорда қаласының орталығындағы көше 6 жолақтық болып, қайта жаңғыртылды. «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Қызылорда автобус паркі» құрылып, облыс әкімінің қолдауымен парктің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алды.
Бүгінде қала келбеті тым бөлек. Менмұндалаған ғажайып ғимараттар салынып, демалыс орындары көбейді. Сырдария жағалауындағы рухыңды көтерген Рәміздер алаңының, егемендікке ерекше сый болған Тәуелсіздік даңғылы жергілікті тұрғындардың мерейін өсірді. Қазір бұл аллея Тәуелсіздікті айшықтайтын, елдігіміздің баяндылығын асқақтататын, мемлекеттік және салтанатты шаралар өтетін мәртебелі орынға айналды. Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын алаңда Елтаңба, Әнұран және биіктігі 60 метрлік Мемлекеттік Ту орналастырылған. Енді әуежайдан қалаға беттеп келе жатқанда көкте желбіреген Көк туымыз қарсы алады.
Ұзындығы 7 шақырымды құрайтын Тәуелсіздік даңғылы дамудың нақты шышаны секілді. Ол Сұлтан Бейбарыс көшесінен бастау алып, Әбілхайыр хан көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Осы жолмен жүрген әрбір қызылордалық өзенді жағалай жүріп, әсем жағалауды тамашалауға мүмкіндік алады. Даңғыл бойынан дарияның оң және сол жағалауын жалғайтын көпір салынғанын да айту керек. Ал, сол жақтан жаңа қала бой көтеріп келеді.
Алаштың анасы атанған аймақтың алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық жағдайы одан әрі жақсара түспек. Себебі, осы саладағы жеткен жетістіктердің барлығы болашаққа бағытталған тың істерге жол ашпақ.
                                                    Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
25 желтоқсан 2018 ж. 110 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№4 (1503)

15 қаңтар 2019 ж.

№3 (1502)

12 қаңтар 2019 ж.

№2 (1501)

09 қаңтар 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 310 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам