Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әдептілік аруларға жарасады

Әдептілік аруларға жарасады

        
  Әдеттегідей, жұмыстан қайтатын уақыт. Асыққан кезде №2, 12 маршурттарда келіп болмайды. Әзер күткенде келген көлігің бос болса қанеки, әрі-тұрда, бері-тұр мен әйтеуір діттеген жеріңе жетіп қаласың. Қоғамдық көліктің жайы бір бөлек, менің айтайын дегенім, сол маршурттағы көзге ерсі тиетін оқиға. Адамдар тығылысып, бірін-бірі жылжытып әрең тұрғанда төрт бойжеткеннің қылығы қаншама халықтың ашуына тиді. Олардың парықсыз күлкісі біраз адамның жүйкесін жұқартты. Мына қыздарға «қойыңдар» дейтін бір үлкен кісі табылмады деген ойда тұрдым. Әйтеуір, ақылын айтар ақ жаулықты кісі табылды. Дегенмен, қыздар қоймақ түгілі, үдете түсті. Ал, мен мына бұрымдылардың бұл қылықтарын түсіне алмадым.
 Жалпы, қала мен ауылдың тәрбиесі мен мәдениетінің айырмашылығы жер мен көктей. Ауылда кейбір қазақы дәстүрлер сақталған. Ата-анаға көрсетілетін құрметтің ерекше екенін аңғару қиын емес. Ал, қалада көрген әрбір оғаш жағдайдан ой түйіп, сабақ алатындай әсерді бастан өткересің. Мәселен, жастар арасындағы түрлі оғаш қылықтарды байқағанда олар қандай тәрбие алып жатыр екен деп ойға қаласың. Бүгінде жас буынға айтылып жатқан сын мен тағылып жатқан мін жетерлік. Бірақ, одан шыққан қорытындыны көре алмай жүрміз. Көпке топырақ шашуға әсте болмас. Алайда, кейбір бойжеткеннің бейәдепсіздігінен бетіңді басасың...
          Жеңіл жүріс, арзан ой – бүгінгі қоғамның індетіне айналып барады. Тілі орысша, бейпіл сөздерді қоса сөйлеген қаракөздер кафелер мен түнгі клубтарда қаптап кетті. Темекі түтінін құмарлана жұтып отырған сылқым бикештерді жиі жолықтырамыз. Аялдамадан кейбір қыздардың үлкен-кіші бар деп қымсынбай жігіттермен құшақтаса сүйісіп тұрғанын көргенде шыдамай теріс қарайсың. Осылайша, мәпелеуді, құпиялықты қалайтын махаббат атты құдіретті аяққа таптап жүрміз. Рухани байлықтан материалдық байлықты жоғары қоятындар саны артты. Құнсыз көк қағаз үшін сәбиін сатқан ана, ата-анасын тастаған бала да көбейіп бара жатыр. Мұндай істерге рухани мәдениеті мен ойларының таяздығынан барып жатқаны белгілі. Өрімдей қыздардың болашағына балта шабатын әрекеттерге барып жүргендерін естігенде өкінеміз. Санада сенімсіздік бой көтергендей.
        Осыншалықты аянышты халге кім түсірді? Әрине, ешкім. Кінәні басқадан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізден. Еліктеушіліктің соңы осыған әкеп тіреді. Ақ жаулықты аналар үлгі еткен ар мен ұят, қыздарға берген көрегенді тәрбие елеусіз қалып қойды. Әжелеріміздің иманды әңгімелері мен асыл қасиеттері келесі ұрпаққа жетпей қала ма деген қорқынышты ой да бар.
       Ұлттық намысымыз бен ұстанымымызға сәйкес келмейтін әрекеттерге назар аудару қажет. Себебі, аяулы арулардың аянышты қылықтарын көргенде жүрегің селт етпей қоймайды. Қаракөз қыздардың тәлім-тәрбиесі жоғары, ізетті де инабатты, мейірімді болғанын көру ұлт мақтанышы. Сондықтан жас жеткіншектердің рухани әлемі кедейленуіне жол бермеу басты міндет.
       Қазақ халқы әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ал ұлтымызға жат қылықтар жалғаса берсе, салт-дәстүрдің не екенін ұмытатын күнге де жетеміз. Сол үшін де аруларымыздың жүріс-тұрысына көңіл аударып, қазақы тиымдарды қолданып отырған жөн. Бойжеткендер өздеріне батыстың ерсі әрекеттері емес, ұлтымыздың әсем қылықтары ғана үйлесетінін ескеру  қажет секілді. Қыздарға табиғи әсемдік пен әдептілік қана  жарасады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
09 қаңтар 2019 ж. 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (1545)

18 маусым 2019 ж.

№45 (1544)

15 маусым 2019 ж.

№44 (1543)

11 маусым 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 3 822 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам