Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қарт ана неге қамығады?

Қарт ана неге қамығады?

   Әрбір адам үшін ең қымбат жан ол – ана. Балаға жарық өмір сыйлап, тәрбиелеп, бар тілеуін тілеп, оқытып, отбасы етіп жібереді. Бұл – әр ата-ананың міндеті. Одан кейінгі кезек – ұрпағының жемісі. Яғни, қарттық шағына келгенде бала-шағасының рақатын көргісі келетіні хақ. Отбасылық өмір заңдылығы солай...
Ойланып қарасаңыз, бала бақыты үшін ана бәріне барады. Ал, бала ата-анасына қалай қарайды? Хадистің өзінде де аналар жайлы айтылған біраз асыл сөздер бар. Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, оның алдында қарызыңды өтей алмайсың деген емес пе... Бірақ, осы сөздің құндылығын, ананың қадірін білмей, жат қылық танытып жатқандар бар өмірде...
Жақында «Қамқорлық» дағдарыс орталығына бардым. Аты айтып тұрғандай, жақынынан жылылық емес, зорлық көрген, жаны жараланған нәзік жандар келеді осында. Үйдің ішіне кірсеңіз, үлкені де, кішісі де сізге көмек сұрағандай көзқараспен қарайды. Әрқайсысының айтары мұңы бар.
Орталықта керует үстінде ойға шомып отырған ақжаулықты ананы көрдік. Содан әңгімеге тарттық. Кейуана жылы қабақ танытты. Бірақ, оның астарында өз қайғысын жасырған үлкен жүректі жан екенін сездік. Екі ұлдың анасы екен. Биыл 77 жасқа толады. Шаңырағында шат-шадыман күй кешетін шағы емес пе? Бірақ, ол кісі балаларынан да қамқорлық емес, қорлық көрген.
– Бір адам балам болмады деп жылайды. Енді бірінің баласы болса, одан қорлық көріп қиналады. Соның бірі – мына мен ғой, қарағым, – деп әжей көзіне еріксіз жас алды. Сөйтіп, әңгімесін қайта жалғастырды. «Үлкен ұл наркологиялық ауруханада жатыр. Екіншісі де сол ішімдіктің кесірінен маған екі рет қол жұмсады. Сондағы жазығым – оған ақыл айтқаным. Екінші мәрте ұрған кезде шыдамай өзім кетіп қалдым. Енді үйге барғым келмейді. Өз баламнан көрмеген ықыласты осындағы жастардан көріп отырмын. Мен үшін бұл – өте ауыр» деп ақжаулықты ана ауыр күрсінді. Іштегі шері жүрегін ауырта түскендей. Арасында жылады. Ол кісіні жұбатуға, жылы сөзімізді арнауға тырыстық. Бірақ, оның жан жарасын кім емдейді?...
– Алланың берген қос баласынан осындай күй кешіп отырмын. Немерелерімді сағындым. Алайда, олар бөлек кеткен. Өйткені, ішетін әке кімге керек? Ішімдікке жақын болған ұл қадірсіз болады. Отбасының, елдің алдында. Бірақ, оны түсінетін бала қайдан?, – деді ана мұңая мұңын айтып. Осыншама жасқа келгенде жылы үйінен кетіп, ағайын-туыс, бәрін ұмытып, жалғыз өзі дағдарыс орталығын паналау оңай емес. «Шіркін, жұрттың баласына қарап, қызығамын. Аналарына мейірімдерін төгіп отырған кезде еріксіз жылап аламын. Себебі, барлық ана балаларының арасында бақытты, әдемі қартайғысы келеді. Ал, мен үшін бұл жәй ғана арман болып қалады» деп аяқтады сөзін кейуана.
Өзі жылап отырса да, жүрегі басқа аналардың бақытты болуын тілейді. Біз де бар жылы сөзімізді арнадық. Жұбатқандай болдық. Сонда да болса, тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген балаларындай бола алмасымыз анық. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, солардан қанша қорлық көрсе де, ананың көңілі бәрібір баласында екенін байқадық. Жаны қиналса да, ана алаңдаулы. Міне, ана дегеніңіз – сондай кең жүректі жан.
Лайым, ақжаулықтыларымыз жыламаса екен дейміз... Себебі, олар – әлемді әлдиімен тербетеді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
09 қаңтар 2019 ж. 668 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

№62 (1561)

13 тамыз 2019 ж.

№61 (1560)

10 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 750 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам