Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Адам саулығы – қоғам байлығы

Адам саулығы – қоғам байлығы

  Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он-он бес жылдықтағы елдегі денсаулық сақтау саласындағы қиындықтарды жұртшылық әлі де ұмыта қойған жоқ. Ол кездері науқас ауру­ха­наға жатып емделу үшін түрлі қиындықтарға кезігетін. Білікті дәрі­гер кадрларының аздығы, дәрі-дәрмектің тапшылығы онсыз да көңілі жүдеу адамдардың денесін дендеген дертпен күресуге деген қауқарын біршама төмендетіп жібергені рас. Шындығында, сол жылдары медицинаға қуатты технологияларды енгізу, қымбат шетелдік қондырғылар, құрал-жабдықтар орнату, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру ісі бірден мүмкін бола қойған жоқ.
         Ал, қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. Адамдардың баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар ұшан-теңіз. Ұлт саулығын тұтас ел байлығы деп бағалаған Елбасы денсаулық сақ­тау саласын дамытуды басым бағыттың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған әрбір Жолдау­ын­да тиісті салаларға нақты міндеттер жүктеп келеді.
         Бір қуантарлығы, мұндай ілгері бастама Сыр медицинасында да қанатын кеңге жайды. Аймақта бұл сала жылдан-жылға даму үстінде. Жаңа технология мен білікті мамандар қатары толығып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуде. Өз ісіне мығым мамандар адам өміріне араша тұру жолында уақытпен санаспай еңбек етуде. Жұмыс сапасының артуы мен медициналық мүмкіндіктердің ұлғаюы өз кезегінде облыс халқының өмір сүру ұзақтығына да ықпал еткен. Өңірде аталмыш көрсеткіш 72,6 жасты құрап отыр. Ол 2013 жылы 70,6 жасты құраған еді. Сондай-ақ, өлім-жітім деңгейі 1,8 пайызға төмендеген. Осы тектес төменгі көрсеткіштер бойынша қанайналым жүйесінен, жазатайым жағдай, жарақат және улану, қатерлі ісік пен өкпенің құр ауруы сынды түрлі сырқат салдарынан болатын өлім-жітімнің азайғандығы байқалады. Саладағы осындай толымды істер мен заманауи технологияларды енгізу, материалдық-техникалық базасын күшейту, профилактика, науқастарды диагностикалау сынды емдеу шараларына қаржыландыру көлемі ұлғайып, соңғы жылы 39,8 пайызға артуы да өз септігін тигізіп отырғандығы анық. Ал, бар-жоғы соңғы екі жыл көлемінде облыс бойынша 25 медициналық нысанның ел игілігіне берілуінің өзі аймақта денсаулық сақтау саласына ерекше ден қойылып отырғандығын аңғартса керек. Облыс орталығы тұрғындарымен қатар, шет аймақтағы елді мекен тұрғындарының да саулығын назардан тыс қалдырмау үшін ондағы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың 63 пайызы жаңартылған. Ал, соңғы озық үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау көрсеткіші 79,2 пайызды құрап, жоғары деңгейге қол жеткізіп отыр. Осындай мол мүмкіндіктердің арқасында дертіне шипа іздеген жандар еліміздегі ірі қала пен шетел жағаламай, артық шығынсыз-ақ өз қаламызда тиісті ем-домын алуына жағдай туып отыр.
         Сапа мен біліктілік сыналатын заманда қай сала болмасын кәсібилік білім алғашқы орында. Осы тұрғыда былтыр неонатальды хирургия мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында екі маман Корей елінде арнайы білімін жетілдірген. Нәтижесінде осы сала бойынша хирургиялық белсенділік 9,7 пайызға артып, сәби өлімі өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге төмендеген. Сондай-ақ, хирургиялық ота жасаудың жаңа әдістері тәжірибеге енгізілген. Олардың қатарында шұғыл отаны қажет ететін жағдайы тұрақсыз нәрестелерге, сол мезетте палатада кювез трансформерде ота жасау, лапороскопиялық, эндоскопиялық аденоидоэктомия, краниопластика, өте аз салмақтағы нәрестеге наркоз беру және "өңеш атрезиясы" анықталған балаға ота жасау сынды күрделі медициналық оперция түрлері бар. Тұрғындардың жедел-жәрдем көмегіне деген көңіл толмаушылық көзқарасын жою үшін аталмыш бағыттағы ұйымдарда жедел-жәрдем медициналық көмек көрсету бөлімшелері ашылып, жаңадан 28 қосымша топ іске қосылған. Нәтижесінде бір топтың орташа тәуліктік жүктемесі 2 есеге азайған. Ал, шұғыл дәрігерлік көмек сапасын арттыру мақсатында жедел жәрдем стансалары мен стационарлық, амбулаториялық емдеу ұйымдарының "Көмек" және "КМИС" аппараттық жүйелері арасында интеграция жасалған. Соның арқасында науқастың жағдайы туралы ақпарат қабылдау бөлімшесіне түсіп, дәрігерлер науқасқа бірден қажетті шұғыл медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік туып отыр.  
         – Мамандар тапшылығын азайту осыдан 3 жыл бұрын қолға алынды.  Сол жылдан бастап облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент даярлануда. Биыл олар оқуларын бітіріп келмекші. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, аймақтық саланы дәрігерлермен қамтуға мол мүмкіндік жасалып отыр. Өткен жылы дәрігер мамандардың біліктілігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 700-ден аса маман білімін жетілдірді. Оның ішінде олардың шеберліктерін жақын және алыс шетелде шыңдауға зор көңіл бөлінуде, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.
         Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, "қағаз қолданбайтын ауруханаға" көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ол соңғы жылдары аймақта аллергиялық аурулардан зардап шегетін науқастардың көбейіп келе жатқандығын тілге тиек ете отырып, биыл осы кемшіліктің алдын алу мақсатында облыстық диагностикалық кеңес беру орталығынан арнайы аллергиялық орталықтың ашылатынын жеткізді. Ұлт саулығының алғышартына бағытталған облыстағы осындай байыпты бастамалардың күн санап өсіп келетіндігі қуантады. Себебі, ұрпақ денсаулығы – мемлекеттің басты басымдығы болса, ал халқымыздың бақуатты өмір сүруі – елдігіміздің айғағы екені анық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
29 қаңтар 2019 ж. 108 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам