Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қалаулы қала – құт-береке қайнары

Қалаулы қала – құт-береке қайнары

   Адам белгілі бір биіктерге қол жеткізу үшін нақты жоспар, айқын бағыт-бағдар, тиімді жүйе болуы керек. Ел дамуы да осыны қажет етеді.  Бұл Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айқын көрсетілген. Осының негізінде Қызылорда қаласында ауқымды тірліктер атқарылуда.
       Жалпы, өткен жылы қандай істер тындырылды? Қала дамуындағы өзгерістер қандай? Бұл жөнінде жыл сайын аудан, қала әкімдері халық алдында беріп, атқарған істер мен алдағы міндеттерді саралап келеді. Осы мақсатта Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің Студенттер сарайында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халыққа есеп беріп, жылды қорытындылады. Қала басшысының есебін тыңдауға халық көп жиналды.
Есепті жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, облыс пен қаланың алдағы даму жоспарларын жұртшылыққа жеткізді.
Сан түрлі кезеңдерден өткен, биік белестерді бағындырған Қызылорда қаласы өткен жылы 200 жылдық мерейтойын зор табыспен атап өтті. Үшінші жүзжылдыққа қадам басқан облыс орталығы еліміздің жаңа дәуірін қалыптастыруға қарқынды атсалысып келеді. Шаһар көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халық саны артуда. Әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, саябақтар, жаңа аудандардың бой түзеуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жақсарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың бой көтеруі – аймақ үшін үлкен жетістік.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз есебін қаланың қазынасынан бастап, өткен жылдың бюджеттік кірістеріне тоқталды. Қала бюджеті 2018 жылдың басында 42 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл қорытындысымен 51 млрд. теңгеге жеткен.
     – Бұл – бюджет көрсеткішінің жыл басынан бері 21 пайызға артқанын көрсетеді. 2019 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда қаласының кіріс бөлігі 100,4 пайызға орындалып, оның ішінде қаланың өз кірістері 101,1 пайызға жетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 792 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Жыл ішінде негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 135,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға артты, – деді қала әкімі.
Кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында аймағымызда 2018-2020 жылдар «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мүмкіндік. Осының нәтижесінде аймақта оң өзгеріс қалыптасып, кәсібін дөңгеленткісі келген кәсіпкерлер көбейді. Берілген мүмкіндікті пайдалана білген жандар арқылы қаламызда 25 мың 936 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Осылайша, қала кәсіпкерлерінің өз қаражаты есебінен жалпы құны 8,2 млрд. теңгені құрайтын 73 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 1 мың 726 жұмыс орындары ашылған.
Содан соң Нұрлыбек Нәлібаев ауылшаруашылық саласында атқарылған жұмыстарға ойысып, бұл саладағы өнімнің 6,5 млрд. теңгеден асқандығын жеткізді.
– Қаладағы 390 шаруа қожалықтарының бірігуімен                                     27 ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылды. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен қаржы институттары арқылы 16 шаруа қожалығы 260 млн. теңгеге жеңілдетілген несиемен 1 мың 670 бас мал сатып алды. Өз қаражаты есебінен 29 жеке шаруа қожалығы 118 бас мал алып өсіруде, – деді шаһар басшысы.
  Әкім өз есебінде Қызылорда қаласы – қалаішілік су құбырлары 70 пайыздан астамы жаңғыртылған бірден бір қала екендігін атап өтті. Айтуынша, бұл салаға ерекше көңіл бөлінген. Себебі, халыққа таза су ішуге мүмкіндік жасау қажет. Сондықтан да қаланың инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден өткен жылы 2,8 млрд. теңге бөлінген. Аталмыш саладағы жасалған жұмыстарға тоқталсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 13 жобаға республикалық бюджеттен бөлінген 1,6 млрд. теңгеге 10 шақырым ауыз су, 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтсе, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасымен республикалық, облыстық бюджеттен "Мерей", "Ақмешіт" мөлтек аудандарына 587 млн. теңге бөлініп 12 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылған.
Қаланың жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары да қарқынды жүргізілген. 2018 жылы 8 жобаға 2,2 млрд. теңге қаралып, 1 насостық станция, 7 шақырым жылу жүйелері жаңартылған.
Сыр елінің ауыз толтыра айтар тағы бір жетістігі құрылыс саласы. Облыстағы атқарылған құрылыс жұмыстарының 40 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Мәселен, қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 473 мың 209 шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Оның ішінде халық қаражаты есебінен салынған жеке тұрғын үйлердің көлемі 412 мың 494 шаршы метрге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға артқан. Қала халқының қарқынды өсуіне байланысты үйлерге сұраныс арта түсетіні айқын. Осы мақсатта қалада 152 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 52 пәтерлік 46 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.  
Қаланың бас жоспары – халықтың қоныстану аймақтарын қалыптастыруға ықпал етеді. Осыған сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы жаңадан ашылған «Бәйтерек» тұрғын ауданына қарай дамып, көпқабатты үйлер Сырдария өзенінің сол жағалауына салынады.
 – Былтырғы есепті кездесуде «Арай», «Сабалақ», «Эдельвейс» саяжай тұрғындары тарапынан  – қала аумағына қосылу, жол, ауыз су, жарық мәселелері көтерілген. Қаланың бас жоспарына енгізілген өзгерістер нәтижесінде аталған саяжайлар қала аумағына енгізілді. Қазіргі кезде осы аумақтарға тиісті қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде, – деді қала әкімі баяндамасында.
Білім саласына да қыруар қаржы бөлінген. Болашақтың тізгінін қолға алған жас ұрпақтың сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандыру міндет. Осы мақсатта, жыл сайын қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы қала бюджетінің 41 пайызы осы саланы дамытуға бағытталған. Тұрғындардың қажеттілігін өтеу барысында Тасбөгет кентінде 140 орындық балабақша пайдалануға беріліп, өрендерді қабылдаған.
Сонымен қатар, мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы негізінде  қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші толықтай орындалған. Аталмыш салаға көрсетілген қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде өткен оқу жылында 2 мың 141 мектеп бітіруші түлектің ішінен 1 мың 85 түлегіміз мемлекеттік грантты ұтып алған. Ал 98 түлек «Алтын белгі», 103 түлек «Үздік аттестат» иегері атанған. Осылайша, қала оқушыларының орташа балы 90,9 құрап, облыс көлемінде ең үздік нәтижеге жеткен.
Қаламызда жыл сайын денсаулық сақтау нысандарының көбейіп келе жатқанын тілге тиек еткен жөн. Себебі, кез-келген мемлекеттің ең басты байлығы – адами капиталы, олардың денсаулығы болып саналады. Сондықтан да аталмыш сала бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен орындалуда. Өткен жылы қаламызда бір ауысымда 400 адамды қабылдауға арналған емхана ашылған. Жыл өткен сайын, өңірде демографиялық өсім қалыптасып келеді. 2018 жылы қалада 8 мыңнан аса сәби дүниеге келген.
Сондай-ақ, қалада Цифрландыру бағдарламасы аясында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында «Ақылды қала» жобасымен қажетті шаралар жүзе асуда. Соның дәлелі ретінде, ақылды үй жобасы аясында «Ипподром» мөлтек ауданында көп қабатты тұрғын үйлерге демеушілер тарапынан инженерлік жүйелеріне цифрлы есептеме қондырғылары орнатылған. Үй иелері жаңа технологияларды пайдалана отырып, тұтынып отырған коммуналдық қызметтердің сапасын, шығындарын бақылай алады.
 – Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қаржысы есебінен тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары қойылуда.100-ден аса көп қабатты тұрғын үйлердің 498 кіреберісіне 996 бейнебақылау орнатылды. Қазіргі таңда бейнебақылау жүйесіне «Астана», «Мерей, «Ипподром», «Сырдария, «Арай-2» мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлер қосылды, – деді қала әкімі.
Нұрлыбек Нәлібаев есебінің соңында алдағы атқарар ауқымды жоспарлармен жұртты таныс етті. Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді. Биылғы жылы Жаппасбай батыр көшесі бойында 600 орындық мектеп құрылысын аяқтау, сол жағалауда 900, «Арай» ықшам ауданында 600, «СПМК-70» ауданында 600, Қызылжарма елді мекенінде 900, «Саяхат» ықшам ауданында 300 орындық мектеп ғимараттарының құрылысын бастау жоспарланған.  Қаланы көркейтуге байланысты тоқталар болсақ,  «Сыр ана» кешенін қайта жаңғырту, Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығындағы жаңа демалыс саябағы құрылысын аяқтау биылғы жылдың еншісінде. Биылғы жылы қаламызда жастарды қолдау мақсатында да маңызды жобалар жүзеге аспақ. Солардың бірі – жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Асқар Жұмаділдаев» атындағы жас математиктерге тағайындалатын сыйлық. Биылғы жылы жүлде қорын 10 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Нәтижесінде наурыз айында республикалық деңгейде жас математиктер арасында байқау ұйымдастырылмақ.
Әрбір атқарылған істің артында қарапайым халықтың тұрғаны белгілі. Сондықтан да қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорданың бүгінін биік, келешегін кемел ету жолында бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Қала әкімінің есебін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қорытындылады. Облыс әкімі жаһандық дағдарысқа қарамастан Сыр өңірінің толағай табыстарға жетіп келе жатқандығын жеткізді. Алдағы атқарылар шаруаларға тоқталып, өңірді өрге сүйреген бірқатар істерге тоқталды.
Облыс әкімі өңірде өндіріс өркен жайып жатқанын айтты. Шыны зауыты, тау-кен байыту комбинатының салынуы және басқа да құрылыстар облыс экономикасын дамытатын бастамалар екені даусыз. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласының дамуы елде тұрақтылықты орнатады. Ауыл халқының келешекке деген сенімін нығайтады.
– Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламасының маңыз­­дылығына көзіміз жетті. Өңдеу өнеркәсібін дамытып, қиыншы­лықтарды жеңіп келеміз. 2017 жылдан бастап өңірлік өнімді 100 пайыздан асырып отырмыз. Соңғы екі жылды өңдеу өнеркәсібі екі жарым есе өсті. Осылайша, Қызылорда өңдеу өнеркәсібін дамытуда республика аймақтарының ең алдына шықты. Ең қарқынды дамып келе жатқан 5 аймақтың қатарында. Әсіресе, инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнесті, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік мәселелер бойынша үздік көрсеткіштерге жетті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жобалық басқару, цифрлық технологияларды игеру бойынша да жақсы жобалар жасалған, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс әкімі есеп беру жиынында алдағы Қауіпсіздік кеңесінде қаралатын Қы­­зылорда облысына қатысты мәселелер жөнінде кеңінен тоқталды. Аталған кеңесте САРАТС жобасының 2 кезеңі, Тасбөгеттегі су торабының ахуалы, «Күміскеткен», «Қараөзек» су қоймалары, мұнай мен газ, газотурбиналық электростанция мәселесі, Байқоңыр қаласының болашағы талқыланып, ортақ мәселелерді шешудің жолдары қарастырылады.
Сыр өңіріндегі серпінді жобалардың негізінде Сырдарияның сол жағалауы қолға алынды. Міндетті істі іске асыру барысында тиісінше жұмыстар жасалуда. Сол жағалаудан бой көтерген жаңа ауданнан қала тұрғындарын қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатында «Орда» бағдарламасына облыстық бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаржы қаралған.  Ал ауыз сумен, газбен, электр қуатымен жабдықтауға және абаттандыруға республикалық, облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінген.
– Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін әкімдермен кездесу барысында Сырдарияның сол жағалауына қатысты құрылыс жайын егжей-тегжейлі баяндап бердім. Сондықтан бұл жобаның болашағына күмән болмауы керек. Өткен жылы бір шағын аудан салсақ, биыл 3 шағын ауданның құрылысын бастаймыз. Елбасы бізге нақты тапсырмалар берді. Оны орындауға әлеуетіміз жетеді. Алғышарттарымыз да бар. Ал шыны зауытына келсек, пешті жағуды құрылтайшылардың құрамындағы АҚШ компаниясы жүзеге асыру керек еді. Олар өздерінің позициясын өзгертіп, жобадан шығатынын мәлімдеді. Келіссөздер жасалғанша, жобаны тоқтатуға мәжбүр болдық. Енді мәселе шешілді, қыркүйек айына дейін алғашқы шыныны аламыз, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында Қырымбек Көшербаев қала әкімі мен орынбасарларына әлі де болса қаланы дамытуға күш салу қажеттігін қадап айтты. Әсіресе, коммуналдық мекемелердің жұ­мы­­­сына, «Су жүйесі» меке­­ме­сіне байланысты ескертпе айтылды.
– Ма­гистраль­ды су құбырларының 70 пайызы жаңар­тылған. Алайда, су есептеу, оны көп тұ­тынатын, бірақ ақшасын тө­ле­мей­тін­­дерді анықтау, жауапқа тарту бойынша тексеріс жүргізілмейді. Кәріз жүйесінің иісіне төзу мүмкін еместігін тұрғындар айтып келеді. Мекеменің кезекші диспетчер қызметіне шағым көп, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, тұрғындар тарапынан «Қызылорда тазалығы» мен тұрғын үй инспекциясының жұмысына қа­тысты да ескертулер түседі екен. Сондықтан да «Қызылорда электр тораптарын тарату» компаниясының басшылығы қаланың шет аймақтарына қызмет көрсету сапасын арттырғаны жөн.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Бәйтерек» ықшам ауданында әлі күнге дейін игерілмеген жер учаскелерінде желілерді ұрлау фактілерінің орын алғанын айтып өтті. Осы мәселені уақытында қолға алған жөн. Себебі, қажетті қаражат бөлініп, барлық инфрақұрылымы тартылған аумаққа тұрғындар әлі қоныстанбаған. Ал тамыз айында белгіленген 3 жыл мерзім аяқталады.  Сол кезде құрылыс салынбаған учаскелер кезекте тұрған басқа азаматтарға беріледі. Сондықтан «Бәйтерек» ықшам ауданында жер алған кісілер осы кезден қам қылғаны дұрыс. 
Аймақтағы шешімін табуды қажет ететін мәселенің бірі – қаланың ішкі жолдарына қатысты. Аталған мәселе бойынша жұмыстар жасау биылғы жылдың еншісінде. 
– Біз Әл Фараби, Қорқыт ата көшелеріндегі үлкен жолдарды, қалаға кіреберіс көшелерді асфальттадық. Ендігі күшімізді ішкі жолдарға саламыз. Жыл сайын кезең-кезеңмен жүзеге асырамыз. Аймақ тұрғындарының көңілін көншітпейтін тағы бір мәселе бар. Халықтың жергілікті полицияның жұмысына көңілі толмайды. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау ісі бойынша талаптарды күшейту қажет, – деді облыс әкімі.
Алдағы уақытта Қызылорда қаласын дамыту бағытындағы айшықты істер шешімін табатын болады.  Айта кетерлігі, қала әкімінің есепті кездесуінде шаһарды дамытуға арналған ауқымды істер ашық айтылды. Осылайша қала әкімінің есеп беру жиыны қала тұрғындары тарапынан оң бағаланды.
 «Бүгінгі жеткен жетістіктерге тоқпейілсімей халық алдындағы жұмысымызды одан әрі тыңғылықты атқару баршамыздың парызымыз»  деді облыс әкімі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
09 ақпан 2019 ж. 293 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

№62 (1561)

13 тамыз 2019 ж.

№61 (1560)

10 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 750 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам